«Біздің сүйікті дәрігер»
Талай жанды ажалдан арашалаған, тәжірибелі дәрігер, білімімен көпке танылған профессор, орамды ойларын қоғам талқысына салуымен қаламгер атанған Сағындық Ордабеков қарапайымдылығымен халықтың құрметіне бөленді. Қандауыр мен қаламды қатар алып жүрген дәрігер-қаламгердің 75 жасқа толған мерейіне орай облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханада «Біздің сүйікті дәрігер» атты тағылымды құрмет кеші ұйымдастырылды.
Медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Журналистер одағының және Нью-Йорк академиясының мүшесі, жоғары санатты дәрігер-хирург, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сағындық Ордабековке арналған кеш кішкентай балдырғандардың дәрігерге арналған өлеңдерін мәнерлеп оқуымен басталып, мерейтой иесіне «Мың алғыс дәрігерлерге» әнімен қошемет көрсетілді.
Алғашқы сөзді бастаған балалар жазушысы Пернебай Дүйсенбин халық «Вальс королі» атанған Шәмші Қалдаяқовты қиналған сәтінде емдеген дәрігердің қызықты оқиғасын еске салды. – Өздеріңіз де білесіздер белгілі сазгер Шәмші Қалдаяқов Тараз қаласының маңындағы ауылда 10 жылдан аса уақыт тұрғанын. Сол кездері денсаулығы сыр беріп, облыстық ауруханаға барыпты.
Сағындық Ордабеков алдына келген өте қарапайым кісінің халжайын сұрап, денсаулығын тексере бастағанда науқас аты-жөнін «Шәмші Қалдаяқовпын» дегенінде, бүкіл елге әсерлі әндерімен танылған сазгердің алдына келіп тұрғанын, тым қарапайымдылығына таң қалыпты. Қажетті операцияны жасап болғаннан кейін жұртшылық ауруханада белгілі сазгер жатқанын естіп, бір көріп, жүздесуге асығады. Алайда, палатаға кіре алмай, есіктен сығалап кетіп жүргендерін көрген Сағындық бас дәрігерге өтініш айтып, аурухананың мәжіліс залында Шәмші Қалдаяқовпен халықтың кездесуін ұйымдастырады.
Кездесу басталарда Шәмші ағамыз үстіне пиджаг пен спорттық бринджи киіп бара жатқанын көріп қалған дәрігер Сағындық тоқтатып, сұраса «Жұрт менің жоғарғы жағыма ғана назар аударады ғой» депті аңғал Шәмші ағамыз.
Ал әдебиеттанушы ғалым, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ дәрігердің әдеби еңбектеріне тоқталды.
К. Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев дәрігерге арнаған әнін орындап, осы кеште жаңа туындының тұсауы кесілді. Арнайы келген меймандар – Техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Өскенбай Мәдиев, Жамбыл облысы спорт ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушы және еңбегі сіңген спорт қайраткері, Тараз қаласының құрметті азаматы Қарауылтегі Таурбек, белгілі қоғам қайраткері Асаубай Майлыбаев, Тараз «Болашақ» жоғары медициналық колледжінің директоры Пернебай Асқаров, Республикалық «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, Жүрек-қантамыр хирургиясының жоғарғы санатты дәрігері, Денсаулық сақтау ісінің үздігі Ғалымжан Бүтінбаев, дәрігер, хирург эндоскопист Жантөре Молдашев жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Сағындық Ордабековтың қаламынан туған «Беймаза дүние», «Көкіректегі күмбірлер», «Іште қалған сөз жетім», «Мың құбылған тіршілік», «Әріптестер әлемі», «Жасындай ағып өткен...», «Көңіл көкжиегі», «Бақыт кілті», «Жүрек пернелері», «Ойтолқын», «Көсегенің Көкжоны», «Уақытпен сырласу», «Сөнбейтін жарық сәуле», «Сүлгетайлар шежіресі», «Қазақтың тұңғыш дәрігерлері», «Жамбыл облысы медицина тарихы» атты кітаптарына кітапханашылар әдеби шолу жасады.
Медицина саласында білім алып жүрген студенттер де осы кешке қатысып, т әжір и бел і дәрігерге сұрақтарын қойып, еменжарқын пікірлесті. Мағыналы әрі қызықты өткен кешті облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова өзінің ақжарма тілегімен қорытындылады.
Қамар ҚАРАСАЕВА