Әкесіне еліктеп әскери болған
Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы және абыройлы міндеті. Бұл ұғым мемлекеттің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен халықтың бейбіт өмірін қамтамасыз ету жолындағы азаматтық жауапкершілік пен патриоттық парызды білдіреді. Тарлан тарихтан белгілі болғандай, ата-бабаларымыз ел мен жерді қорғау жолында ерен ерлік көрсетіп, ақ білектің күшімен ақ найзаның ұшымен болашақ ұрпаққа тәуелсіз мемлекет қалдыру жолында жан аямай күресті. Бүгінде сол ұлы мұраны сақтау, оны нығайту – әрбір қазақстандықтың міндеті.
Асқар тау әкесіне еліктеп әскери өмірге бет бұрған Динара Сүлейменова осынау маңызды міндетті мүлтіксіз атқарып келе жатқан арулардың бірі. Қазіргі таңда 2-сыныпты сержант Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде персоналдармен жұмыс жөніндегі бөлімде қызмет етеді. Аталған бөлімде бас-аяғы 18 жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін кейіпкеріміз антына адалдық танытуда. Динара 1986 жылы 20 шілдеде әскери отбасында дүниеге келген. Әкесі Кенжебай Әмірғалиұлы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде 37 жылдан аса әртүрлі қызметтерде абыроймен қызмет еткен, бұл күнде запастағы полковник, зейнеткер. Кейіпкеріміз отбасымен бірге бала күнінен әскери гарнизондарда қоныс ауыстырып, әскери өмірдің түрлі қиыншылықтарын көрсе де, әкесінің жолын қуып, әскери қызметті таңдағанын айтты.
Кейіпкеріміз 2006 жылы медициналық колледжді «Мейірбикелер ісі» факультеті бойынша сәтті аяқтайды. Ал 2007 жылы Астана қаласындағы республикалық «Жас ұлан» мектебіне орналасып, әскери қызметке шақырылды. Сондай-ақ ол 2011 жылы Қазақ инженерлік-техникалық академиясын «Есеп және аудит» факультеті бойынша тәмамдаса, 2017 жылы Қазақ гуманитарлық Заң университетінде оқып, «заңгер» мамандығына ие болады.
Қазіргі таңда Динара тәп-тәтті үш баланың анасы. Бір қызығы, ол үш түрлі мамандық бойынша білім алса да, жанына жақын әскери қызметті таңдады. 2-сыныпты сержант қызмет барысында жоғары жауапкершілік пен ұқыптылығымен ерекшеленеді. Ол әрдайым өз міндетін кәсіби және лайықты атқаруға талпынады. Сондықтан да, персоналдармен жұмыс жөніндегі бөлімнің жұмысын жілікше шағып, әріптестерінің ыстық ықыласына бөленіп жүр.
Асылы, егемен еліміздің Қарулы Күштерінің қатарында Динара Кенжебайқызы сияқты әскери борышын озық атқарып, тек қазақ қыздарына тән инабаттылық пен нәзіктікті, сыпайылық пен кішіпейілділікті жоғалтпай, шаңырақтың ұйытқысы бола білу біздің бойымызға мақтаныш сезімін ұялатады. Ұлы Отанды қорғау жолында сүбелі үлесін қосып жүрген білімді, сан қырлы білікті әскери маманның болашағы жарқын екеніне сенім мол.
Есен ӨТЕУЛІ