Қоғам

Жасыл желекке бөлінген қаржы далаға кетті ме?

Таразда 1455 көше бар, оның ішінде 838-і асфальтталған, ал қалған 607 көшеде топырақты жол. Биыл 240 көшені жөндеу жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар 163 ауланы абаттандыруға бюджеттен 2,3 миллиард теңге бөлінген. Бұл мәліметтер Тараз қалалық қоғамдық кеңесі тарапынан жүргізілген «Қаланы көгалдандыру, абаттандыру және қала келбетін көркейту жұмыстарының жай-күйі туралы мониторингтік зерделеу мен қоғамдық сараптама нәтижелері» атты жиында айтылды.

Бірінші мәселе бойынша қаладағы жаз бойы суғарылмаған жасыл желектің жайы талқыланды. Қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі берген мәліметке сәйкес қаланы абаттандыру және көріктендіру жұмыстарына 2024 жылы наурыз айында 1 миллиард 872 миллион теңге, 2025 жылдың ақпан айында 2 миллиард 100 миллион теңге бюджеттік қаражат бөлінген.  

Бұл қаражаттың 105,7 миллион теңгесіне қылқан жапырақты талдар – қарағай, арша, тікенекті, сібір шыршалары, шығыс және батыс бозаршалары сатып алынып, Айша бибі, Тәуке хан көшелерінің, Теміржол вокзалы және «Арбат-1, 2, 3» скверлерінің, «Үшбұлақ-2», Түйте каналдары жағалауының, «Қазақ хандығы» және «Біз біргеміз» монументінің, «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков, Т. Рысқұлов атындағы саябақтарға, Ы. Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінің маңайына, облыстық оңалу орталығының айналасына егілген. Сонымен қатар Жібек жолы ауданының «Қызыл Абад» алқабында «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 20 мың түп қарағаш, қала ішінде 5000 түп әр түрлі тал көшеттері отырғызылған. Оған қоса «Әулиеата» ауданында демеушілер тарапынан 7 мың түп, «Жібек жолы» ауданында 5 мың түп ағаш егілген. Бұдан бөлек «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жыл аяғына дейін отырғызылатын ағаш көшеттерінің саны 200 мыңға дейін жеткізіледі деген мәлімет бар. Әрине, бұл – жанға жылу беретін ақпарат.

Бұл деректерді оқыған адам Таразды көкжелек көмкерген иранбағы ретінде елестетері сөзсіз. Дегенмен, шындығына келгенде бұл жоспарлы есепті түгендеу тәрізді көрінеді, өйткені оларды күтіп баптауға қатысты бірқатар өзекті мәселелер қалыптасуда. Сан қуамыз деп сапа естен шығып жатқан сыңайлы. Көшеттердің өсу көрсеткіші өте төмен, егілген әрбір үшінші ағаштың бірі бой алып кетпейтіндігі анықталып отыр. Бұл жайында зерттеу жұмыстарына атсалысқан қоғамдық кеңестің жауапты хатшысы Сәкен Қондыбаев былай дейді.

Шындығында 2023 жылы Таразда «Жасыл белдеу» жобасы аясында 10 гектар жерге егілген 12 мың түп ағаш, қурап кеткен еді. Сол жылы Құмшағал, «Қызылабад» шағынаудандарына егілген ағаштар да түгелге жуық қураған болатын. Осылайша бюджеттен бөлінген миллиондаған қаражаттар желге ұшқан. Абаттандыру мен көгалдандырудың негізгі проблемасы әкімдік тарапынан жүйелі жұмыстың болмауынан туындап отыр деген тұжырым жасап отырмыз.

Ирригациялық жүйеге шағым көп

Қала әкімдігінің дерегінше қаланың ирригациялық жүйелерді жаңарту, тазалау жұмыстарына 2023 жылы бюджеттен 2 миллиард 40 миллион теңге қарастырылған. Бұл жұмыстарды жүргізуге «Сұңқар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болып танылып 2023 жылы жалпы ұзындығы 30,2 шақырым, өткен 2024 жылы 12 шақырым лоток жүйесі жүргізілді. Осы жылы жалпы ұзындығы 17 шақырымды құрайтын арық жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Аталмыш жұмыстар Желтоқсан, Қазыбек би, Төле би, Байзақ батыр, Сүлейменов көшелері және «Қаратау», «Жайлау», «Аса», «Жансая» шағынаудандары мен «Химпоселок» аумағында жүзеге асырылуда. Сонымен қатар Қант зауыты мен Тектұрмас алқаптарындағы ирригация жүйелерін және «Үшбұлақ» каналын механикалық тазалау жұмыстарын, қала көшелеріндегі науалық желілер мен арналарға тарату шлюздерін орнату жұмыстары қолға алынып жатыр. Қала әкімдігінің дерегінше бұл ауқымды жоба 2027 жылға дейін жалғасын таппақ.

Өкінішке қарай, қаланың ирригациялық жүйесін дамыту бойынша қолға алынып жатқан тірліктер әлі де көңіл көншітерліктей болып отырған жоқ. Жоғарыда аталған қаладағы лоток жүйелерінде бүгінгі күнге дейін ағып жатқан судың белгісі де білінбейді. Қоғамдық кеңес тарапынан құрылған мониторингтік топ қала бойынша кейбір көшелерде ирригация жүйесін қамтамасыз ететін науалардың тозығы жетіп, су жүретін құбырлардың аузы бітеліп қалғандығын, ескі науаларды жаңасына ауыстыруда лотоктың көше қиылыстарына жете бере тұйықталып қалғандығы, ағын судың жолдың арғы бетіне өтуі үшін жасалған жол астындағы құбырлардың аршылмай, кейбірін талдың діңгегі бөгеп тұрғандығы, лоток қиылыстары бетондалмағаны секілді бірқатар келеңсіздіктерді анықтады. Осындай жағдайларды шағынаудандардағы Т. Рысқұлов, Қ. Тұрысов және басқа да орталық көшелердің бойынан байқауға болады. Тіпті су жүйелерінің үстіне үйлер, тұрмыстық құрылыстар салынып кеткен.

Көше комитеттерін көбейту қажет

Бүгінгі күні қала ішіндегі тазалықты сақтауға қоғамдық ұйымдардың, соның ішінде көше комитеттерінің белсенділігі өте қажет-ақ. Осы орайда қаламызда бірнеше жыл бұрын құрылған Тараз қалалық көше комитеттерінің «Ақ ниет» атты бірлестігінің төрағасы, қоғам белсендісі, қаламызға танымал кәсіпкер Ергеш Нұралиев қалалық, облыстық деңгейдегі алқалы жиындарда билік иелерін осы маңызды іске оң көзқарас танытуын жалықпай көтеріп келе жатқандығын айтпасқа болмайды. Өкінішке қарай, бұл азаматтың көтеріп жүрген мәселесіне билік тарапынан әзірге құлақ асып жатқан жан байқалмайды. Сондықтан тәртіпті реттеу үшін комитеттердің жұмысын жандандыруды қала әкімдігі қолына алып, халықтық, бұқаралық сипаттағы қозғалысқа айналдырса деген ұсыныс айтылды.

Көше комитеттерінің төрағаларына мемлекеттік бюджеттен қоғамдық негізде жұмыс атқаратын жұмыскерлерге төленетін қаржы есебінен жалақы тағайындап, олардың статусы мен жауапкершілігін белгілеп, әкімдіктің аға инспекторлары арқылы жұмыстарын үйлестіріп отырса оң нәтижелерге қол жеткізуге болады. Бүгінде осындай әдіспен жұмыс істеп жатқан Түркістан, Қызылорда қалаларында қайта жанданған көше комитеттерінің белсенді қызметі олардың халықтық, бұқаралық сипаттағы қозғалыс екендігін, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын біліп отыру, қоғамдық тәртіп пен көше тазалығын қадағалау, жалпы белгілі бір аумақтың тұрақтылығын сақтау бағытында халықтың көңілінен шығатын үлкен қоғамдық қозғалыс екендігін, ол өзін-өзі басқарудың мемлекеттік деңгейдегі қадам екендігін іспен дәлелдеп отыр. Оған біз бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі жарияланымдар арқылы көз жеткізіп отырмыз.

Ендігі жерде қала билігі осы қоғамдық ұйымның жұмысына жан бітіріп, оның өкілеттігін айқындайтын тұжырымдама әзірлесе, құзіретіне кіретін тазалық жұмыстарынан бөлек, бүгінгі күні бақылаудан шығып, кең етек жайған үрдіс, кейбір пәтерлер мен жеке баспаналарға есепсіз тіркеліп алған азаматтар арасынан, жүрістұрысы белгісіз, күдікті азаматтарды анықтауда қаламыздағы құқық қорғау органдары өкілдерінің таптырмас көмекшісіне айналар еді. Осы істе белсендік танытқан көше комитеттерін арнайы номинациялар бойынша анықтап, жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар табыстап ынталандырып отырса тіпті нәтижелі болар еді.

Тараз қаласының аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату да ең өткір мәселе болып отыр. Қалада оларды қайта өңдеу мен кәдеге жаратудың дамыған және заманауи инфрақұрылымы жоқ. Айта кетейік, қаланың қатты тұрмыстық қалдықтары «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қоқыс полигонына жіберіледі. Сонымен бірге қаладан 8 шақырым жерде «Махмудов» кәсіпкерлігінің жеке полигоны бар. Байзақ ауданында орналасқан «Алди и К» компаниясы да қаладан шыққан қалдықтарды өңдеумен айналысады.

Алайда, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жағдайы да көңіл көншітпейді. Өндірілген қалдықтардың барлығы дерлік қайта өңдеусіз полигондарға орналастырылатындықтан, олардың көпшілігі осындай мамандандырылған объектілерді орналастыру, жайластыру және пайдалану жөніндегі санитарлық, гигиеналық және экологиялық талаптарға сай келмейді. Қоршаған ортаның ластануын шешу үшін қалдықтарды басқарудың қолайлы жүйесі қажет.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА