2026 жылдан бастап не өзгереді?
Келер жылдан бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер өседі. Ал бір АЕК 4325 теңгеге жетеді. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4325 теңге, ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 50851 теңге болады. Бұл көрсеткіштер зейнетақы, жәрдемақылар және басқа да әлеуметтік төлемдердің мөлшерін арттыруға негіз болады.
Мәжіліс депутаттары Сенат енгізген 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтыруларды қарап, олармен келісіп, өңірлерге берілетін субвенциялар көлемін 17,5 миллиард теңгеге ұлғайтуға шешім қабылдады. Сонымен қатар 2026 жылы өңірлерді дамытуға қосымша 28,5 миллиард теңге бөлінуі жоспарланып отыр.
Ең төменгі жалақы мен күнкөріс деңгейі
2026 жылы ең төменгі жалақы бұрынғыдай 85 000 теңге болады. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 2026 жылы 50 851 теңгеге (бұған дейін 46228 теңге) жетеді. Зейнетақы мөлшері Базалық мемлекеттік зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты есептеледі. 2026 жылы ең төменгі базалық зейнетақы – 35 596 теңге (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы); 15 жыл еңбек өтілі бар азаматтар – 40 680 теңге; 30 жылдан көп еңбек өтілі барлар – 55 936 теңге.
Ең төменгі зейнетақы
2026 жылы 69 049 теңге деңгейінде бекітілген. Зейнет жас мөлшері өзгеріссіз: ерлер – 63 жас, әйелдер – 61 жас. Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы 4 бала – 69 265 теңге; 5 бала – 86 598 теңге; 6 бала – 103 930 теңге; 7 бала – 121 263 теңге; 8 және одан көп бала – әр балаға 4 айлық есептік көрсеткіш, яғни кемінде 138 596 теңге.
«Алтын алқа» иегерлеріне – 31 997 теңге, «Күміс алқа» иегерлеріне – 27 680 теңге.
Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы
Бірінші – үшінші балаға – 164 350 теңге; Төртінші және одан кейінгі балаларға – 272 475 теңге. Егіз, үшем немесе төртем туылған жағдайда әр балаға бөлек есептеледі.
Бала күтімі бойынша төлем
Жұмыс істемейтін аналарға бір жарым жасқа дейінгі балаға төленетін жәрдемақы: Бірінші бала – 24 912 теңге; Екінші бала – 29 465 теңге; Үшінші бала – 33 951 теңге; Төртінші және одан кейінгі балалар – 38 503 теңге. Егер ана жұмыс істеген болса, төлем соңғы екі жылдағы орташа табысының 40 пайызын құрайды.
Асыраушысынан айырылғандарға төлем
Ең төменгі күнкөріс деңгейіне сәйкес есептеледі: Бір балаға – 46783 теңге; Екі адамға – 86447 теңге; Үш адамға – 114415 теңге; Төрт адамға – 132213 теңге; Бес адамға – 139840 теңге; Алты және одан көп адамға – 152 553 теңге. Екі ата-анасынан айырылған жетім балаға 78311 теңге төленеді.
Мүгедектігі бар адамдарға төлем
7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар – 81870 теңге; 7-18 жасқа дейінгі және бала кезінен мүгедек балалар: I топ – 111872 теңге, II топ – 93057 теңге, III топ – 81870 теңге; Ересектер: I топ – 111872 теңге, II топ – 89498 теңге, III топ – 61021 теңге; Жол апаты, жарылыс, радиациядан мүгедек болған қызметкерлер: I топ – 163739 теңге, II топ – 139840 теңге, III топ – 117466 теңге; Кәсіби әскери және арнаулы органдар қызметкерлері: I топ – 200357 теңге, II топ – 154589 теңге, III топ – 117466 теңге.
Мүгедектігі бар баланы тәрбиелейтін ата-аналарға немесе қамқоршыларға төлем
18 жасқа дейін – 81 870 теңге.
Aq jol-Aqparat