Әлеумет

Шәкен Ниязбековтың шығармашылық мұрасы – ұлт мақтанышы

Тараз төрінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының авторы, көрнекті суретші, еліміздің рәміздік мұрасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқан Шәкен Ниязбековтың шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталмыш іс-шараның халықаралық деңгейде өтуіне ұйытқы болған – «Көне Тараз» қоғамдық қоры.

Алдымен көпшілік облыс орталығындағы №40 мектептің алдына «Көне Тараз» қоғамдық қорының демеушілігімен орнатылған Шәкен Ниязбековтың бюстіне гүл шоқтарын қойды. Бұл рәсімнен соң суретшінің құрметіне арналған жиын өтті. Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Алтай Әлі кіріспе сөз сөйлеп, ашты.

Сондай-ақ а лқа лы жиында Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстан Суретшілер және мүсіншілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов, Тәжікстан Республикасы Суретшілер одағының төрайымы Наргис Хамидова, Қырғыз Республикасы Суретшілер одағының төрағасы, Қырғыз Республикасының Халық суретшісі, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Таалайбек Усубалиев, КСРО және Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Фатима Тарази, «Көне Тараз» қоғамдық қорының президенті Мұратбек Азимов сөз сөйлеп, даңқты суретшінің өмірі мен туындыларын насихаттаудағы атқаралып жатқан іс-шараларды айтып өтті.

Осыдан екі ай бұрын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне және Мемлекеттік тудың авторы, суретші Шәкен Ниязбековтың шығармашылығын насихаттау мақсатында «Егемендіктің ұлық нышаны» тақырыбында 2 жас суретшілердің арасында байқау жарияланған болатын. Байқауға 65 жас үміткер қатысып, әділқазылар алқасының шешімімен 8 жеңімпаз анықталған. Конференцияда аталмыш байқаудың жеңімпаздары марапатталды.

Сонымен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенттері – Әйгерім Мейрамбек, Назым Орынбасар, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің студенттері – Қымбат Рахымбай, Асия Улмаханова, «Аспара» колледжінің студенттері – Инесса Олехова, Алмаз Кадиров, №25 орта мектептің оқушысы Нұрқаділ Жеміс және Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің студенті Маржан Сыдығалының еңбектері үздік деп танылды. Жеңімпаздарға марапатты Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов пен «Көне Тараз» қоғамдық қорының президенті Мұратбек Азимов тапсырды.

 

Ерман ӘБДИЕВ