Қоғам

Алимент өндіру неге қиын?

Таразда бір айда отбасына ойран салған 380 адам әкімшілік құқықтық жауапкершілікке тартылған. Заң талаптары күшейтілгелі әйеліне күш қолданып, балаларының берекесін қашырған өрескел әрекеттер азайыпты. Бұл жайында облыстық қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге арналған дағдарыс орталығындағы өткен семинар тренингте айтылды. 27 орынға шақталған орталықта бүгінде 18 қызмет алушы бар. Оның 6-ы әйел, 12-сі бала. Жиынға шарасыздықтан үйінен безіп, осы орталықты паналаған нәзікжандылар мен арнайы сала мамандары қатысты. Басқосуда қиын жағдайға тап болған аналарға құқықтық кеңес беріліп, жанына жылу іздеген жандарға моральдық көмек көрсетілді.

Есімін толық атамауымызды өтінген жас ананың жаңа туған шақалағымен бірге осында түскеніне бір айдың жүзі болыпты. Оның айтуынша, үйдегі енесі күн көрсетпеген. Күйеуі 3 топ мүгедегі. Әйел вахталық режиммен Атырау қаласында жұмыс істеп, айлық жалақысының бәрін енесіне аударып отырған. Сол ақшаға Жаңатас қаласынан пәтер сатып алыпты. Енесі үйді өз атына жазған. Үйінен қуылған, зәбір көрген ана маңдай терімен тапқан ақшасына үйді өз атына қайтара алады ма? Осы мәселе төңірегінде мамандар жауап берді.

Келесі кезекте Зағира Болмысова есімді келіншек жалғыз ұлының ата-әжесін сағынатынын, күйеуінен көптен бері бөлек тұратынын айтып, көмек сұрады. Жолдасы отбасын тастап кеткендіктен, ол амалсыз ата-енесімен бірге тұрудан бас тартыпты. Ұлы ата-әжесін сағынып, күн сайын жылайтын көрінеді.

Бұл орайда құқық қорғау саласының мамандары ажырасқан күнде де баланы әжесіне жіберіп тұру керектігін, туыстық қатынсты үзбеу қажеттігін айтып, кеңес берді. Мемлекеттік сот орындаушы Ермек Кембаев алимент төлемей жалтарып жүрген ерлердің көптігін айтты. Бірақ заң да жыл өткен сайын қатал болып бара жатқанын ескертті. Сот орындаушы болып жұмыс істегеніне 20 жыл болған кәнігі маман алимент төлемегені үшін азаматтардың сотталуы мүмкін екенін айтты.

Әйел мен бала – қоғамның әрдайым қамқорлығында болуы керек. Қорғансыздың күні – қоғамның мұңы. Бұрында үй ішіндегі ыдысаяқтың сылдыры сыртқа шықпай, іштей шешілетін. Бұл күндері «ұят» сөзінің де қадірі қашып барады. Соңғы уақытта отбасылық жанжал қатыгездікке ұласып, ана мен бала өлімі жиілеп кетті. Дағдарыс орталықтарының көбейгені де содан. Зорлық-зомбылық бір отбасының жеке проблемасы емес, қоғамға ортақ мәселе. Қоғамдағы мұндай кеселмен күрес әрқайсымызға жауапкершілік жүктейді.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА