Өнеркәсіп тақырыбына өндірте жазған
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бас кезінде елімізде орын алған жаппай қаржы тапшылығының әсерінен облыстың бас басылымы аптасына үш рет шығатын халге түскен, жоғарының нұсқауымен штат қысқарту жүргізіліп жатқан күндердің бірінде мені бас редакторымыз Арғынбай Бекбосын өзіне шақырды. Кабинетіне кірсем, алдында орынбасары Бақытяр Әбілдәұлы ағамыз отыр екен. Жұмыс жайын кеңесуге шақырғандарын бірден түсіне қойдым. Өйткені, бөлімнен шыққан материалдарды Ар-ағаңның өзі қарайтын да, ол жоқта Бәкеңе апарып, қол қойғызып алатынмын.
Әбілдә Сәрсенбінің қаламгерлік қарымы жайлы сыр
«Өнеркәсіп және транспорт бөлімінің меңгерушісі басқа жұмысқа ауысып кеткенін білесің бе?» – деп сұрады бас редактор қарсы алдындағы көлденең столға, Бәкеңе қарама-қарсы жайғасқан менен. Бұл жаңалық белгілі себеппен маған әлі жете қойған жоқ еді. Не айтарымды білмей, кідіріп қалдым. Сірә, осы жайды аңғарған болар, Ар-ағаң жауабымды күтпей, шақырған себебін түсіндіре бастады.
Ал есімі аталған Әбілдә Сәрсенбі ұжымдағы қаламының қарымымен танылған, проблемалық мақалалары лездемеде аталып жүргендердің бірі. Газетіміздің 1988 жылдың 11 мамырындағы санында шаруашылық әдіспен және жеке үй тұрғызуда кедергі көптігін сынаған «Үй салайық деп едік» деген мақаласы жарияланып, лездемеде жақсы аталып, оқырмандар тарапынан пікір-ұсыныстарын бөліскен хаттар түскен. Осындай «жұлдызды сәттері» аз емес, қаламдасымды бөлім меңгерушісі етіп тағайындаса да болар еді. Бірақ, басылым басшыларының бөлімдердің санын ықшамдау туралы жоғарының пәрменімен санаспасқа шаралары жоқ-ты....
Бұдан әрі үнсіз отыруға дәтім бармады. Газеттің қамын ойлаған екі ағама келісетінімді айттым. Сол күні-ақ бұйрық та шығарылып, маған таныстырылып, еңбек кітапшама жазылды. Арада көп жыл өткеннен кейін басылымның ғасырлық тойы қарсаңында газетте жарияланған, кейін «Ғасыр шежіресі» кітабына енген естелігінде Әбілдә Сәрсенбі «Маған алтыншы бөлім меңгерушісі болып Тұрсынхан Толқынбаев келді» деп жазған оқиғаның тарихы осындай. Сол жолы, Бәкеңнің айтқаны айдай келді, «Еңбек туына» менен үш жыл бұрын келген, өнеркәсіп бөлімінің жұмысына әбден төселіп алған, қаламы жүйрік, ақмылтық журналист Әбілдә өнеркәсіп, құрылыс, көлік, қала шаруашылығы мәселелерін жазуға келгенде жеделдік танытып отырды.
Екеулеп толық түсіністікпен жұмыс істеп, бөлімнің жұмысын тең бөліп көтеріскен өзім сияқты ауыл баласы, Талас ауданы Тамабек (бұрынғы Аманкелді) ауылының тумасының өнеркәсіпті жете білетіндігінің бір сыры еңбек жолын құрылысшы болып бастағанында екеніне жүре келе көз жетті. Сол жылдары облыс орталығындағы ірі кәсіпорындардың жұмысындағы кемшіліктерді сынаған мақалаларына тиісті орындар тарапынан олқылықтарды түзеу шаралары қолға алынғаны жайлы жауаптар келіп түсіп, олар газетте жарияланатын.
Бірде бөлімге шаһардағы жолаушылар тасымалын ұйымдастырудағы үйлесімсіздіктер туралы дабыл қаққан оқырман хаты түсіп, Әбілдәнің жолаушы болып автобуспен, ол кезде жүріп тұрған троллейбуспен қаланы аралап, ел пікірін жинап өткір мақала жариялағаны бар. Бұл газет беделін арттырды, оқырмандардың көңілінен шықты.
Кемшіліктерді жазуда Әбілдә баспасөздің әр түрлі жанрларын пайдаланатын. Айталық, Жамбылдағы (әлі Тараз атала қоймаған кез) он бірінші шағынауданның (қазіргі «Жансая») тұрғындарының мұңмұқтаждарын «Қонаққа келе көрмеңіздер!» деген тақырыппен, фельетон-хат түрінде жариялады. Сыны аяқсыз қалған жоқ.
Ауыл шаруашылығы тақырыбына да Әбілдәнің қаламы жорға екені бөлім жұмысына оң әсерін тигізді. Ол тұста облыстың бірінші басшысы Өмірбек Байгелді қой шаруашылығын дамытудың жаңа нұсқасын ұсынып, оны газетімізде кеңінен насихаттап жатқан болатынбыз. Әбілдә өзі туып-өскен Талас ауданының шопандарының жаңа нұсқаны енгізудегі құлшыныстары туралы «Таластықтар талпынысы» деген көлемді мақала жазып, қой өсірушілердің атынан материалдар ұйымдастырды.
Сол жылы көктемде қозы алу қорытындысы шығарылғанда таластықтардың жоғары көрсеткіштерге жеткені белгілі болды. Облыс қана емес, республика бойынша төл алуда ең жоғары көрсеткішке жеткен аудан еңбек жеңісін екі күндік ұлан асыр той жасаумен атап өтті. Талас ауданының орталығы Ақкөл ауылының төрінде өткен, оған Бақытяр ағамыз бастап, мен, Әбілдә үш бірдей журналист барған едік. Бізді ауданның сол кезгі әкімі Ералы Дадабаевтың өзі қарсы алғаны, қонақ үйге орналастырғаны есте. Жұма күні басталып, сенбі күні аяқталған іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Алматыдан Президенттің Мемлекеттік кеңесшісі Мырзатай Жолдасбеков, «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Парасат» журналының бас редакторлары, белгілі жазушылар Төлен Әбдіков, Бексұлтан Нұржекеевтер келіп, қатысты.
«Аспаннан нұр жауған күнгі той» деген тақырыппен бір беттік мақала Әбілдә екеуіміздің атымыздан, газетіміздің сейсенбі күнгі санында жарық көрді. Кейін, өзінің 2022 жылы, басылымның 80 жылдығы қарсаңында шыққан «Ақ жолдағы» ақжолтай жылдар» естелік-эссе кітабында: «...әрбір журналист – әлбетте, ол нағыз журналист болса, – өзінше бір әлем, тұлға» деп жазған бас редакторымыз Арғынбай Бекбосын берген тапсырмасының мүлтіксіз орындалуын қатаң талап етіп, жақсы материал дайындағанды моральдық, материалдық жағынан көтермелеуге, ешуақытта елеусіз қалдырмауға күнбе-күн көңіл бөліп отыратын. Басылымның 70 жылдығы мерекеленген 1992 жылдың мамырында салтанатты жиналыста өзгелермен қатар Әбілдә Сәрсенбінің де есімін атап, газетке шыққан мерейтойлық мақаласында да жазды…
Келтіре берсек, ынтымақтаса бірге еңбек еткен жылдары қол жеткізген жетістіктеріміз аз емес. Бәрі, газет бетінде сайрап жатыр... Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары республикамыздағы сияқты, облыста да үлкен өзгерістер жүрді. Жаңа құрылымдар іске кірісті. Солардың қатарында облыстық тіл басқармасы құрылды. Оның тұңғыш төрайымы Күләш Әбдікешова жаңа ұжымға өзіндей іскер адамдарды жинады. Әбілдә осы басқармаға бас маман болып ауысып, жемісті еңбек етті. Арада үш жыл өткен соң, тіл басқармасы таратылғанда, Сағынбек Ақшалов басқаратын Жамбыл теміржол бөлімшесі және локомотив депосына аудармашы болып орналасты. «Ақ жол» газетінен қол үзген жоқ. Мемлекетік тілді нығайту, болат жолдың бойындағылар еңбек жетістіктері, проблемалары туралы мақалалары, жүргізген сұхбаттары жарияланып тұрды.
Жасыратыны жоқ, мен меңгерушісі болып жүрген экономикалық бөлімнің жұмысына Әбілдәнің қызмет ауыстырып кеткені әсерін тигізді. Қайда жүрсе де өз газетінен, қаламдас аға, інілерімен қарым қатынасын үзбеген Әбілдәнің жанарынан айырылу оқиғасы баршаға жақсы таныс. Бұрынғы әріптесіме қолдан келген көмегімді көрсетуді парыз санадым. Мұның да реті келді. 2011 жылы Әбілдә өтініш жасады. Жазғандарын жергілікті баспадан кітап етіп шығармақ екен. Бірден келістім. Алғысөзін жазған, редакторы да өзім болған кітап «Журналист жазбалары» деген атпен «Салық тәртібі» баспаханасынан шықты.
Аңдатпасында жазылғандай, кітапқа облыстық «Aq jol», республикалық «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Қазақстан теміржолшысы» газеттерінде, «Қазақстан әйелдері», «Білім және еңбек» журналдарында әртүрлі жанрларда жазылған мақалалары енді. Алты бөлімінің тақырыптары «Журналист толғаныстары», «Туған елді түлеткендер», «Толғандырар тақырыптар, түйінді түйткілдер», «Көкейкесті сұхбат әңгімелер», «Репортаж, суреттеме, мақалалар», «Өзім туралы өзгелердің айтқаны» болып келеді.
Бұдан кейін Әбілдәның «Азия мен Еуропаны жалғаған болат жол» кітабы Тараздағы «Сенім» баспасынан 2014 жылы 2000 дана таралыммен жарыққа шықты. Кітап шығысымен «Рухани ұстазым, қаламдас ағам Тұрсынхан Толқынбайұлына, автордан» деп қолтаңбасын жазып, сыйлады. Алғашқылар қатарында алғаныма әрине, көңілім өсіп қалды. Тағдыр соққысына жасымай, кітап артынан кітап шығарғанын қаламгерлік ерлік деп бағалауға болады. Осы жөнінде келесі жылы 60 жасқа толған тойын балалары, туған-туыстары, қаламдас аға-інілері болып үйіне жақын мейрамханада дүрілдетіп атап өткен кезімде айттым да. Соңғы жылдары Әбілда екеуіміз әріптестердің мерейтойларында, кітаптардың тұсаукесерлерінде жолыққан сайын өткен күндерді еске алып, бір жасап қаламыз.
2022 жылы Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан «Жүректегі жазулар» кітабы жарыққа шықты. Бұл оқиғаға «Ақ жол» газеті арнайы мақала арнады. Қазақстанның Құрметті журналисі, қоғамдық марапаттар жөніндегі республикалық кеңестің шешімімен «Қазақ журналистикасының қайраткері» куәлігінің иегері атанған Әбілдә Сәрсенбі биылғы БАҚ қызметкерлері мерекесі күні «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін алды.
Әріптесім, жақсы іні болып сыйласып келе жатқан Әбілдә Сәрсенбі өмірінің жаңа белесіне мерейлі қаламгерлер сапында көтеріліп отыр.
Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ
Қазақстанның Құрметті журналисі.