Жаңалықтар

Тектілік дәулетпен емес дәстүрмен өлшенеді

Әлеуметтік желіден жүрекке жақын, адамға ой салатын, тәрбиелі әңгімелерді оқып, көңілге тоқып, қанаттанатыным бар. Жақында бір жақсы інімнің тектілік жайындағы әңгімесін оқып сүйсініп қалдым. Иә, шынында да қолында билігі бар, не болмаса байлығы тасыған байсымақтың маңайындағы жалпаңдаған жағымпаздары: «Оу, бұл тектінің тұқымы, ата-бабасынан бері қарай жарыған, дүние біткен, ел билеген текті әулет еді» деп жатады. Оның сөзіне сенейін десең, пір тұтқан «тектінің» менменсіген мінезін көріп, қалың жұртқа қайырымсыздығын байқап, біліктілігінің төменділігін бағамдап «Тектім осы болса, тексізіміз кім болғаны?» деп тағы да ойға қаламын.

Негізі тектіліктің түбі адамның байлығымен, тағымен таразыланбайды. Ақыл-парасатымен, мінез-тазалығымен, жүріс-тұрысымен, әділдігімен өлшенсе керек. Бүгінде текті мен тексіз теңелген сияқты көрінеді. Жұрттың барлығы ақылды, білгіш, сынағыш, міншіл болып барады. Белгілі қазақ ақыны Мұзафар Әлімбаев «Мәлім еді қазақтың тектілігі, тектіліктің бұл күнде кетті құны» деп дөп басып айтыпты. Олай дейтінім, тектіліктің мәнін түсініп, мінезімді өзгертейінші дегендер некен-саяқ.

Тектілік жайында тебірентіп айтатын аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдар да жоқтың қасы. Содан ба жастар ұлттық тәрбиені әлеуметтік желіден, көшеден алатын болып барады. Біреуге ақыл айтсаң: «Өз ақылым ақыл-ақ, ақылыңды майлап басыңа жақ» дейтін болды. Өте қиын заманға жеттік. Әкесіндей адамның, анасындай жанның бетіне бажырая қарап, «ә» десең, «мә» дейтін ұрпақтың қарасы көбейді.

«Шіркін, біздің аналар арды ойлаған» деп армандаған Мұқағали ақынның өкініші орынды-ау. Шын мәнісінде тәрбие ананың қолында ма деймін. Өйткені атам қазақ: «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деп тегін айтпаса керек. Оған мына бір оқиға дәлел.

Бірде Шәмші Қалдаяқов пен Мұқағали Мақатаев екеуі Алматының көшесінде алшаң басып келе жатқанда қазақтың бір қызы тоқтай қалып, иіліп жол беріпті. Сонда Шәмші: «Әй, Мұқаш, мынадай ізетті көрмегенімізге көп болды, әншейінде қара өлеңнен қамыр илеймін деп мақтанушы едің, ендеше мына тектілікке бір өлең шығаршы» депті. Сонда Мұқағали іркілместен:

Мен жолымды берейін өт қарағым,

Несін күттің, несіне көп қарадың?

Анасының бергенін саған берген,

Әруағынан айналдым текті Ананың!

 

Жалған-ай! Жарасымды-ау, ізет деген,

Иілген біз өтпенен сіз өтпенен.

Қасиетін халқының сыйламайды,

Атасының дәстүрін күзетпеген.

 

Десек те жаңа өмір, жаңа заман,

Жақсы ғой бірін-бірі бағалаған.

Түйсіксіз тайлақтардан сақта, Құдай,

Тайраңдап алды-артына қарамаған.

 

Қарағым, ата-бабаң момын халық,

Өтіпті бір-бірінің жолын бағып,

Өсиетін бабаңның орындай сал,

Одан ешкім кетпейді тоныңды алып.

 

Мен жолымды берейін, өт қарағым,

Несін күттің, несіне көп қарадың?

Қор болмассың, құлыны текті Ананың,

Жолын алсаң, өзіңдей текті ағаның! – депті.

Керемет емес пе? Кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсеткен. Міне, шын тектілік – осы! Тектілік – дәулетпен емес, дәстүрмен, ақшамен емес – әдеппен, жиғаныңмен емес – иманыңмен өлшенетін қасиет деп білемін. Ақын жырлағандай, тәрбие тал бесіктен басталады. Ана құрсағының тазалығы, тәрбиенің тұнықтығы, тектіліктің негізі сонда жатыр. Сондықтан да қазақ: «Анасын көріп, қызын ал, ыдысын көріп асын іш» дейді. Жасыратын несі бар біздің аналарымыздың тәрбиеге селқос қарайтындығынан өнегесіз, тәрбиесіз ұл-қыздарымыз өсіп жатыр ма деп ойлаймын.

Ендеше аналар қоғамдағы өз орнын жоғалтпаса деймін. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Тәрбиелі аналарды да көріп жүрміз. Солардың бірі – аудандық аналар кеңесінің төрайымы Данагүл Молдабаева. Жуырда «Қыз ұзату», «Күйеу келтіру» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткіздік. Сол жиында Данагүл өзінің өмірлік тәжірибесімен, ойымен бөлісті. Қыз ұзатудың ұлттық тәрбиеден, салтдәстүрден ажырап бара жатқандығын қынжыла әңгіме етті. Қазақта «Қыз – жат жұрттық» дейді. Қыз ертеңгі күні бір әулеттің анасы. Сондықтан, қыз баланы бала күнінен, ізеттілікке, инабаттылыққа тәрбиелеудің мәні зор екенін, өзі де қыздарын салт-дәстүрге, әдеп-ғұрыпқа тәрбиелеу керектігіне мән беретінін мысалдармен дәйектеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші қызыңның жүріс-тұрысын, мінезін қалт жібермей қадағаласаң ғана ол тәрбиелі болып өседі.

Міне осы жерде де тектілік жайында тағы да айтуға тура келеді. Дұрыс тәлім-тәрбие алған, мінез-құлқы, жүрістұрысы, тәрбиесі мықты ортадан шыққан жастардың шаңырақтары биік, босағалары берік екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Себебі, ол отбасында тәрбиеге ерекше мән беріліп, намыс пен көркем мінез басты мәнге ие болғандықтан тектілік қалыптасады. Сол үшін әрбір ата-ана ұл-қыздарына: «мінездерін кейін түзеп алады» деп қарамай ұрпақтарын болашақ әке, болашақ ана деп тәрбилегендері жөн ғой дейміз.

Мінездеріндегі теріс әдетқылықты, өзімшілдікті, менмендікті дер кезінде байқап, дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп отырған отбасының тектілігі қалыптасады. Негізінде тектілікті қалыптастыратын ер адам. Халқымыз ежелден ұрпақты ер адамнан таратады. Әйел анадан тарату некен-саяқ. Олай болса еркек өзінің тегін тіктеуде бостық танытпауы тиіс. Көріп жүрміз, қазір ажырасқандардың дені әйелдердің қалауымен болып жатыр. Ұл мен қыз үйленгенде әкелерінің тегі аталмай жататыны да бар. Әкелері ажырасып, тоқал алып кеткен. Қазақта: «Екі қатынның баласы екі рулы ел» дейді. «Күндестің оты да күндес» дейді.

Бәйбішенің баласы тоқалдың баласына теңдік бермейді. Содан барып, тектілік баған бұзылады. Олай болса, ұлтымыздың тазалығын сақтайық десек, онда көп қатын алу мен көп ерге шығуды тыю керек. Бүгінде аралас неке деген термин де санамызға сіңіп барады. Мұндай некеден туған балада тектілік болмаған. Кейбір деректер бойынша елімізде бір миллионға жуық некесіз бала бар екен.

Бұл деген сөз мемлекетіміздің болашағы бұлыңғыр дегенді білдіреді. «Қазақ байыса қатын алады» деп мақтанға салынбай, отбасын сақтау – мемлекетті сақтау екендігін насихаттай берейік. Ендеше ел болып тектілікті ақшадан, қызметтен, атақ-даңқтан іздемеген абзал. Жеті атаға дейін қыз алыспай қан тазалығын, жан тазалығын сақтаған әлемдегі текті халықтың бірі екендігімізді сөзбен емес, әдепғұрпымызбен, салт-дәстүрімізбен дәлелдейтін кез келді.