Экономика

Тариф саясатында тұтынушылар мүддесі ескеріледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында еліміздің даму бағыты мен негізгі басымдықтарын айқындап берді. Ерекше назар инвестициялық саясатқа, кәсіпкерлікті қолдауға және заңнамалық базаны жаңғыртуға аударылды. Президент тапсырмасына сәйкес тариф саясатының тұрақтылығы біздің облыста бақылауға алынып, тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүргізілуде.

Осы бағытта жұмыс істейтін департамент қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінің тарифтерімен бағаларының негізсіз өсуіне жол бермей, тұрақтылығын Президент тапсырмасына сәйкес ұстап отыр.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Бек Момбаевтың айтуынша, департамент облыс бойынша табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген қызметтердің 56 түрін көрсететін 37 табиғи монополия субъектісін реттейтін орган. Олардың ішінде 19 сумен жабдықтау, 9 сарқынды суларды бұру, 1 табиғи газды тасымалдау, 18 жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және жабдықтау, 7 кірме темір жолы, 2 электр энергиясын беру және бөлу қызметтерін жүргізетін табиғи монополиялық субектілер бар.

Сондай-ақ «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыруға байланысты 2 субъектінің инвестициялық бағдарламасына жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өзгерістер енгізілген. Жоғарыда айтылғандай, департамент қызметінің басты бағыттарының бірі – табиғи монополия саласында заңнаманың сақталуын бақылау. Бұл бағытта осы жылдың 10 айында департамент тарапынан 6 табиғи монополия субъектісіне қатысты 8 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша жалпы сомасы 17388640 теңге көлемінде айыппұл салынып мемлекет пайдасына өңдірілген.

Жамбыл облысының жергілікті мемлекеттік тіркеліміне енгізілген 2 табиғи монополия субъектілеріне қатысты тексеру жүргізіліп, 1 заң бұзушылықтар анықталған. Табиғи монополиялар туралы заңнаманың бұзылуын қалпына келтіру жөнінде 2 нұсқама енгізілді, қазіргі таңда орындалған. Сондай-ақ Премьер министрдің бірінші орынбасары Р.В.Склярмен бекітілген кросс субсидиялаудан біртіндеп бас тарту жөніндегі жоспарға сәйкес, 2025-2029 жылдар аралығында сараланған тарифтен бас тартып, тұтынушы топтарына орташа бір тариф бекіту қарастырылған. Облыс бойынша 2025 жылы жоспарға сәйкес кросс-субсидиялаудан біртіндеп бас тарту электрмен жабдықтау саласында – 20, жылумен жабдықтауда – 45, сумен жабдықтау саласында – 30, сарқынды суларды бұру саласында – 31, тауарлық газбен жабдықтау саласында – 14 пайызға келтіру қарастырылған. Ал «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 25 қыркүйектегі №658 Жарлығымен бекітілген Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 27-тармағын орындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 25 желтоқсандағы №1102 қаулысымен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді.

Ұлттық жобаны әзірлеудің мақсаты – Халыққа коммуналдық қызметтерді сенімді әрі сапалы көрсетуді және ел экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасында энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды (желілер мен объектілерді) жаңғырту. Күтілетін әлеуметтік әсер (сапалық және сандық мәнде) – Авариялар деңгейін 20 пайызға, энергетикалық және коммуналдық активтердің тозу деңгейін ел бойынша орта есеппен 40 пайызға дейін төмендету.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ