Жаңалықтар

Жетістікке жету жолында еңбек етеміз

Біздің мемлекетте әр адамға құрмет жоғары. Тіпті, өмірде әртүрлі жағдайлармен қиындыққа тап болған жандарға да қамқорлықтар бар. Ерекше жандарға бірқатар орталықтар мен клубтар қызмет етеді. Соның бірі – Тараз қаласындағы «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы» мекемесі.

Аталған мекеме облыс әкімдігінің 2012 жылғы 27 желтоқсандағы №439 қаулысының негізінде құрылып, 2013 жылдан бастап өз қызметін тұрақты түрде атқарып келеді. Кәсіпорын қызметінің басты мақсаты – жас ерекшелігіне қарамастан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмірге белсенді көзқарасын қалыптастыру, дене шынықтыру мен спортпен тұрақты түрде айналысу қажеттілігін арттыру, сондайақ Паралимпиадалық, Паралимпиадалық емес және Сурдлимпиадалық спорт түрлерін дамыту. Биыл аталған мекеменің штаттық бірлігі 48 адамға дейін жетті.

Атап айтқанда, әкімшілік-басқарушылық қызметкерлер – 5, оқу-қосалқы персонал – 14, педагогикалық құрам – 25, шаруашылық қызметкерлер – 4 адам. Кәсіпорында 5 мүмкіндігі шектеулі адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінгі күні спорт клубында 15 спорт түрі қамтылып, жалпы 384 спортшы тұрақты түрде шұғылданады. Оқу-жаттығу үдерісін 30 жаттықтырушы, оның ішінде 2 жаттықтырушы келісімшарт негізінде жүргізеді. Жаттықтырушылар қатарында білікті мамандар аз емес.

Осы орайда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушылары, жүзуден Саттар Бейсембаевты, еркін күрестен Ерназар Қонысбаевты, сурдотаеквондодан Александр Анды, паратаеквондодан Нұржан Есілбаевты, қол күресінен Виталий Трубинды ерекше атауға болады. Клубқа аудандық жерлерден де спортшылар тартылған. Барлығы 29 спортшы тіркелген, оның ішінде Байзақ ауданынан – 1, Жамбыл ауданынан – 1, Т.Рысқұлов ауданынан – 2, Талас ауданынан – 16, Сарысу ауданынан – 3, Жуалыдан – 1, Шу ауданы – 1, Қордай ауданы – 2, Меркі ауданынан 2 спортшы. Сонымен қатар Талас ауданындағы «Үміт» мектепинтернатында паралимпиадалық отырып ойнаудан волейбол спорт түрі ашылып, сол жерде тұратын жаттықтырушыға арнайы жұмыс орны ашылды.

Біз ұлттық құрама сапындағы жерлес мамандарымызбен де мақтанамыз. Клуб жаттықтырушылары арасында бірқатар мамандар ұлттық құрамаларда қызмет атқаруда. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің 2025 жылғы 11 тамыздағы №159 бұйрығына сәйкес, 90 спортшы мен 2 жаттықтырушыға ай сайынғы ақшалай төлемдер қарастырылған.

Биылғы жылы 10 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 4 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері, 14 спортшы спорт шеберіне кандидат атағын алып отыр. Сонымен қатар сурдотаеквондодан Ан Александр Викторовичке және паратаеквондодан Нұржан Есілбаевқа «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағы берілді. Бұл шешім біздің клуб үшін үлкен қуаныш. 2025 жылы Қазақстан Республикасының ұлттық құрама сапына негізгі құрамға 126 спортшы алынды.

Жастар құрамына 23 спортшы, жасөспірімдер құрамына 8 спортшы еніп, барлығы 157 спортшы ұлттық құрама сапында өнер көрсетуде. Ашылғанына 12 жыл болған клубты әуелі сонша жыл Саттар Бейсембаев басқарды. Клуб жұмысының қалыптасуына ол кісінің сіңірген еңбегі үлкен. Қазір бұл мекемені Нұржан Жолдасбеков басқарады. Ұзақ жыл дене шынықтыру және спорт басқармасында басшының орынбасары болған Нұржан Қырықбайұлы аталған клубты да жоғары шеберлікпен басқаруға кірісті. Қазіргі таңда мекеменің жұмысы нақты жолға қойылған. Ерекше санаттағы спортшылар кезекті жарыстарына дайындалып, тер төгіп жатыр.

Бұл спорт клубы Паралимпиада чемпионы Зульфия Ғабидуллинамен, «Токио-2020» XVI жазғы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Нұрдәулет Жұмағалимен, Сурдо еркін күрестен әлемнің қола жүлдегері Ғабит Есжановпен мақтанады. Алдағы уақытта да жоғары жетістік жолында еңбек ете береміз.

 

Индира ЖЕТІБАЕВА

«Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы» мекемесінің әдіскері.