Әлеумет

Ерекше бала мейірімді ерекше сезінеді

ОБЛЫС ӘКІМДІГІНІҢ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНА ҚАРАСТЫ №4 АРНАУЛЫ ҚЫЗМЕТТЕР ҰСЫНУ ОРТАЛЫҒЫНДА 55 ЕРЕКШЕ БАЛА ҚЫЗМЕТ АЛАДЫ. КІШКЕНТАЙ ТАҒДЫРЛАРДЫҢ ҚАЙҚАЙСЫСЫ БОЛСЫН ӨМІРГЕ ҰМТЫЛЫП, ТАЛПЫНАДЫ. МҰНДАҒЫ ӘРБІР КӨРІНІСКЕ БЕЙЖАЙ ҚАРАЙ АЛМАЙСЫҢ. ЖҮРЕГІҢДІ ТІЛІП, САНАҢДЫ СІЛКІП ӨТЕДІ. СОДАН СОҢ МЫНАУ ҚОҒАМНЫҢ БАРЛЫҚ ТҰСЫ ЖАЙНАП, ҚҰЛПЫРЫП ТҰРМАҒАНЫНА, КҮРДЕЛІ ДЕ АУЫР ТҰСТАРЫ БАР ЕКЕНІНЕ ОЙ ЖІБЕРЕСІҢ.

Бұл психоневрологиялық ауытқуы және 3 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың тұрақты тұруына арналған медициналықәлеуметтік мекеме. Премьерминистрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №263 бұйрығына сәйкес, «Халықты әлеуметтік қорғау саласында стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарты» бойынша «№4 арнаулы қызметтер ұсыну орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бекітілген жоспарға сай, тәулік бойы қызмет алушыларға стандарттың 8 бағыты бойынша толық көлемде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.

Жоғарыда біз айтып өткен 55 баланың 38-нің ата-анасы бар екен. Ал 17-нің көпшілігінде ата-ана жоқ немесе сот арқылы ата-аналық құқынан айырылғандар. Ал атаананың барлығы безбүйрек емес. Қиын жағдайда жатқан перзенттеріне қайырылып келіп тұратындары да бар. 38 баланың 15-нің ата-анасы төбе көрсетіп келіп тұрады екен. Оған да шүкір дедік. Әйтеуір ана жүрегі елжіреп, баланы іздегеніне қуанасың. Бұл дегеніңіз, мейірім атты аяулы қасиеттің адамдардың бойынан соншалық алшақ кетпегенінің көрінісі емес пе? 20-дай ата-ана мүлдем келмейді. Әрине, ондай ата-ананың шешімін құптау қиын.

ӨНЕРГЕ ҚҰШТАР ӨРЕНДЕР

Орт а лықт а қызмет а лушы балаларды әнге баулып, би билеуге үйрету бойынша да жұмыстар жүргізіледі. Баланың бойындағы кішкентай қабілет бағаланады. Бұл жақтың басқа мекемелерден артықтығы да осында. Балаларды оқытуда аяулы ұстаз бойындағы жылылық пен шуақты, ізгілікті көруге болады. Музыка маманының шеберлігі мен тәжірибесі сынға түседі. Ерекше жағдайдағы балалармен күрделі жұмыс барысында көңіл-күйі сан өзгеріп, сан түрлі арпалысқа түседі. Музыка – ғаламат күш, ғажап дүние. Музыка кереметі әлемге сұлулық сыйлайды. Ол сондай құндылықтарымен ерекше. Сұлулық әлемімен хабардар болуға, тіпті ондай ғажайыпты меңгеруге, ғаламат күйді басынан кешуге мұндағы балалардың да құқығы бар.

Бүлдіршіндерді өмірге талпындыру ізгі іс екені анық. Сондықтан музыка пәнінің мұғалімі Айдана Жұмәділ де тыным таппайды. Арнайы музыка кабинеті бар. Балалар шамалары келгенше ән айтады. Мүмкіндіктері келгенше би билейді. Әсіре се арбада билеу бойынша әжептәуір жетістіктері бар. Өздері де елдің назарын аударып жатқанын, өнер көрсетіп отырғандарын сезіне түседі. Мемлекеттің қамқорлығы, жанашырлығы осы жерде тағы да анық аңғарылады.

«ШЫНЫҚСАҢ ШЫМЫР БОЛАСЫҢ»

Спорттың алатын орны қай кезде де жоғары. «Шынықсаң шымыр боласың» дегендей, дене жаттығуын көп жасаған адамның серігі сергектік болатыны рас. Спорт адамның жасына, жағдайына қарамайды. Талабы бар кісі қай кезде, қанша жасында да өзін сергек ұстауына болады. Ерекше жағдайдағы балалар арасында спорт ойындарының бірнеше түрінен жарыстар өтіп тұрады. Бұл жерде салмақ дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрдияр Қуанбекке түседі. Нұрдияр да бала жанын түсінген нағыз маман. Николай Вайт деген бала қол күресінен облыстық байқауда жеңімпаз атанса, Алия Маджинхей жүлделі екінші орынды иеленген. Артем Рябых дартстан, Олжас Мұхтар қол күресінен екінші орынды олжалап қайтыпты.

Виталий Козлов есімді бала дартстан ынталандыру жүлдесін алған. Осылайша, балалар спорттың түрлеріне де дағдыланады. Шамалары келгенше топқа түсіп, өнерлерін көрсетеді. Жолдары болып жатса, жүлде алады. Бұл балаларды спортқа баулу барысында тер төгіп жүрген ұстаз Нұрдияр Қуанбектің еңбегі. Ол өзінің жұмысына жауапкершілікпен қарап, ерекше балалардың қабілетін ашуға барын салып жүр.

САН ОЙҒА БЕРІЛІП, САБАМЫЗҒА ТҮСТІК

Орталықта спорт, психолог, емдеу, тоқпен емдеу бөлмелері бар. Балалар бірнеше топқа бөлінеді. Әр топқа бірдей сапалы қызмет көрсетіледі. Біз «Құлыншақ» тобында болдық. Топтағы балалардың жағдайы мүлдем ауыр. Рамис Шахаббудиновтың жасы 14-те. 8 жастағы Темірлан Мейрамбек, Мақсат Әлиев өз жасынан кішілеу болып көрінді. Мұнда жатқандардың адамды тану қабілеті жоқ. Оларға қарап өмірдің мәні байлық пен мансапта емес екенін есімізге алдық. Сан ойға беріліп, сабамызға түстік. Ал келесі топтағылардың деңгейі басқаша. 9 жасар Дима Кошманюк сурет салып, түрлі бейнелерді бояуға машықтанған. Түстерді де жаңылыспай ажырата біледі. Әріпті де шамасына қарай үйреніп жүр.

Бұл да көңілге жақсы әсер сыйлайтын жағдайлар. Мұнда балаларды ойын арқылы да шынықтырады. Оны өздерінің ұғымында «Монтессори» деп атайды. Монтессоридің ауыр және жеңіл түрлері бар. Емдеу терапиясы деп аталатын бөлмеде балалар қуыршақпен, ойыншық атпен, түрлі заттармен ойнап, асыр салады. Баланың шаттанып ойнағаны да пайдалы. Ұстаздар кейбір балаларға ертегі де айтып береді. Қай балаға не ұнайды, қай бала қандай қабілетке бейім, сол жағы зерделеніп, сол бойынша жұмыс жүреді.

Бұл орайда әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Жанар Жаскиленова, заңгер Айсұлу Сұлтанғазы, білікті маман Әсел Рахманбекова жемісті еңбек етіп жүр. Ерекше балалармен бірге қуанып, осы санаттағы балалармен бірге жабырқап жүрген білікті мамандардың атқарып жатқан жұмыстары бағалауға лайық. Мұндай бар қабілетін ерекше баланың дамуына, сол бүлдіршіндердің езу тартып қуануына арнап жүрген қызметкерлердің еңбегі адал. Олар еңбегім ақталса деп емес, тағдыры ауыр балаларға қызмет етсем, олардың көңіл-күйіңді түсіне алатындарын қуантсам деген оймен жүр. Ол – өте жақсы. Адамның жандүниесі көркем болғаны, нұрлы да сұлу болғаны қандай жақсы десеңізші! Осы орайда орталық директоры Қарлығаш Бибазарованың өз айтары бар. Күн сайын тағдыры ауыр балаларға қызмет ететін мекемені басқарудың қиындығы да аз емес.

 

Есет ДОСАЛЫ