Дропперліктен аулақ бол!
Сақтықта қорлық жоқ. Интернет алаяқтықтың сан мыңдаған түрі шығып, күннен күнге қарапайым халық оларға алданып, сан соғып қалуда. Осыған орай М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің қабырғасында әлеуметтік жұмыс басқармасының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» тақырыбында Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің облыс бойынша экономикалық тергеу департаменті өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесудің мақсаты – экономикалық тергеп-тексеру органдарының қызмет барысымен және қаржылық сауаттылықпен таныстыру арқылы жұмысқа орналасу үшін үміткерлерге қойылатын талаптармен таныстыру болды. Облыс бойынша экономикалық тергеу департаменті криминалистік бөлімінің басшысы Мақсат Байдалиев жастардың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру, сондай-ақ интернет желісінде құқыққа қарсы контент жарияланымдарының алдын алу негіздерін түсіндіріп өтті. Сондай-ақ «Заң және тәртіп: Қаржы пирамидаларын қалай тануға болады, дропперлер кім, заңды қалай бұзбауға болады және басқа кеңестер» тақырыбында әңгіме өрбітті. Несие алу үшін бет-пішінінің биометриясы алынушы еді деп ойлаймыз. Бірақ айлакерлер үшін бұл түк емес екен. Енді дроппер деген шықты. Ол кім? Адам дроппердің құрбаны болмас үшін не істеу керек?
Кездесу барысында әлеуметтікмәдени даму жөніндегі проректор Аслан Еділханұлы сөз алып, студенттердің құқық қорғау органдарында қызмет етуге деген белсенділігінің жоғары екенін жеткізді. Жаһандық мәселеге айналған заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияның алдын алуға, құмар ойындарына қарсы мінез құлықты қалыптастыру жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар аталған тақырып аясында қызмет атқаратын ұйымдардың мәртебесін көтеру үшін алдағы уақытта департамент өкілдерімен тренинг өткізуге ұсыныс тасталды.
Интернет алаяқтыққа кез келген адам тап болуы мүмкін. Осы жағдайды үйдегі балаларға қатаң ескертіп, ұлды да, қызды да оңай табыс табудан аулақ жүруге үгіттеңіз. Банктік картамызға ие болайық, халайық! Кездесу соңында көрермендерге арнайы видеороликтер көрсетіліп, спикерлермен студенттер еркін форматта пікір алмасып, естелік суретке түсті.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА