Сенімге селкеу түспесін
Балалар ұрлығы, тіпті адам ағзасын пайдалану бұл заманда өршіп тұр. Екі күннің бірінде жасөспірімдер мен балақайлардың үшті-күйлі жоғалғандығын еститін болдық. Бұрындары үлкенді көрсең орын бер, қарияға көмектес, заты жерге түссе алып бер деп үйрететінбіз. Ал бүгінде зорлық пен зомбылықтың, бала ұрлаудың көптігінен кішкентайларымызға кім шақырса да жолама, танымайтын адамға сәлемдеспе, үйде үлкен адам болмаса ешкімге есік ашпа, сырттан қария адам көмек сұраса да қасына жақындама деп үйретіп отырамыз. Тіпті әлеуметтік желілердегі жаңалықтар мен өзін-өзі қорғану туралы видеоларды көрсетеміз. Осылайша қазір көпшілік ата-аналар баланың санасына ешкімге сенуге болмайтындығын мықтап құюдамыз.
Ал өзіміздің бала күнімізде әкешешеміз қайда ойнап жүргенімізді тіпті білмейтін де еді ғой. Арық-атызды жағалап, тоғанға барып суға түсіп, бетіміз күс-күс болып, табанымыз жарылып, кеш батқанша ойнап, арасында табаға нан көміп, үйдің де тірлігін тындыратынбыз. Ата-анамыз қолында кітабы, газетжурналы, қашан көрсең оқып отыратын. Үнемі үгіт-насихат айтып, тәрбие жұмыстарын жүргізетін. Үлкенді көрсек көмектесіп, емен-жарқын сөйлесіп, баратын жеріне жеткізіп салатынымыз сондықтан. Бәлкім, ол кезде атыс-шабыс, ұрлық пен қорлық, зорлық пен зомбылық туралы жаманат хабарлар көрсетілмейтін. Содан да шығар.
Адамды бақытты ететін де өзара сенім емес пе? Қазір ғой балаға жіті көңіл бөлеміз деп оларды үйге қамап қойдық. Қолдарында бір-бір смартфон. Сыртқа алып шықсақ қасымыздан бір елі қалдырмай, тіпті әжетханаға да жетектеп апарып, қайтып әкелеміз. Ұялы телефонға үңілсе «көзіңді құрттың» деп тағы ұрсамыз. Қазіргінің балалары үйкүшік болды. Сыртқа шықса жау тиетіндей минутпен қадағалап, қайтып үйге кіргізіп аламыз. Мұның бәрі бір жағы заманымыздың ағысына сай оларды қорғаштағанымыз, жанжағымызды жау санап, балаларымызды өбектегеніміз ғой. Мұның екінші себебі, күн сайын айналамызда орын алып жатқан жағымсыз жайттар. Жеткіншектің өзіне өзі қол салуы, көршінің қастандығы, туған әкенің зорлығы, бауырдың бауырға жаны ашымауы, оқушылардың қорлануы секілді жүректі зырқ еткізер жайлар көп болғандықтан, бүгінгінің ата-анасы балаларын үйге тықпай не қылсын?!
Қазір барлық қазақстандық отбасындағы жағдай осындай. Қолына смартфон ұстаған балалар, ешкіммен ешкімнің шаруасы жоқ. Бұрын сенім жүгі бар еді. Болашаққа, ертеңімізге сенетінбіз. Бұл сенім дегеннің өзі адамның ақыл-ойын, күшін, еркін, қабілетін жоғарылататын жағымды сезім ғой. Жігерімізді арттырып, алдыға қарай жылжытатын да, ауру адамды айықтыратын да осы сенім емес пе? Жанымыздағы адамның ешқашан сатып кетпейтіндігіне сенетінбіз. Сүйгеніңді ғашық деп, сол сеніммен қанаттанатынбыз. Ал күні ертең қазіргі жеткіншектер өскенде кімге сенер екен? Бәлкім, бұл да дұрыс па?
Ұлы Абай айтпақшы, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар еңбегің мен ақылың екі жақтап» дегендей, тек өздеріне сенгені жөн. Бірақ балалар мұғалімге сенбесе, оқу игі жеміс бере ме? Біз бала қауіпсіздігі жөніндегі тренер Динара Аманжоловамен сөйлестік.
АТА-АНАЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Маманның сөзінің жаны бар. Бірде телеарнадан көрсетілген жаңалықтардан оқушы қызды бейтаныс адам суретке түсіріп, оны алдап-арбап, жаман жолға түсіргендігі айтылған еді. Бейтаныстың «ата-анаңа айтпа, айтсаң суретіңді желіге саламын не өлтіремін» деген сөзінен оқушы қыз қорқып, қаншама уақыт соның құрбаны болған. Бір жағы біздер бала сеніміне селкеу түсірсек те оларды қорғаудың бар амалын жасап жатырмыз. Баланың өмірі біздер үшін ойыншық емес.
Екінші ата-ана Балзия Балмағанбетова былай дейді:
ДАМНЫҢ БӘРІ ЖАҚСЫ
Кішкентай бөбектерге қорғаныс жолдарын мультфильм түрінде ұғындыруға болады. Бөбектер үшін адамның бәрі жақсы. Үлкендер арасында тек жақсылар ғана емес, қылмыскерлер де, жауыздар да бар екенін олар білмейді. Ақ адал жүрегі бәрін өзінше қабылдайды. Жаман-жақсы ұғымын оларға біз үйретеміз. Ертегілер арқылы жағымсыз кейіпкерлер болатынын ұғындырамыз. «Қызыл телпек» ертегісі арқылы қызыл телпектің қандай қателік жасағанын балаға тәмпіштеп түсіндіру керек.
Қызыл телпек қасқырға әжесінің қайда тұратынын айтпауы керек еді. Сол секілді «Жеті лақ» ертегісі бар. Анасы лақтарға ешкімге есік ашпа десе де, балақайлар қасқырға есік ашып қояды. Ақыр соңында не болады? Лақтардың бәрін қасқыр жеп, тек бір лақ қана аман қалады. Өмір ертегідегідей емес екендігін бала жүрекке ұғындыруымыз – ол ата-аналық парызымыз. Әрі-беріден соң бала бізге Алладан берілген аманат. Сондықтан қандай жолмен болсын олардың саулығы мен есендігіне жауаптымыз. Иә, өмірде не болмай жатыр. Жоғарыда айтқанымыздай, жақсы да бар, жаман да бар. Сондықтан балаларымыздың өмірі мәнді де сәнді болатынына, оның жарқын болашағына сенейікші! Ең бастысы, олардың амандығы мен саулығын Жаратқанға табыстап қояйықшы. «Қорыққанға қос көрінеді» деп қорқа бермейікші. Іштегі бір алып күшке сенейікші! Ең ауыр сәттерде ғалам өзі арқасын тосып, аман сақтап қалатынын біліп жүрейік!
Күнделікті күйбең тіршілікте қаншама адам қиянаттан жапа шегіп, уайым-қайғымен өмір сүріп, бір-біріне мағынасыз мұң сыйлайтынын көріпбілсек те, мұндай қателікке өзіміз де ұрынып қалуымыз мүмкін екенін толыққанды түсініп тұрсақ та, әр адам үйленуге, үй болуға, балалы болуға асығады. Мұның өзі сенім емес пе? Одан артығы жоқ екеніне өмір сендіреді. Қанша өмір сүретінімізді білмесек те, келешекке жоспар құруды жақсы көреміз. Бұл да сенім. Күнде кешкілік ертең қайтып оянар-оянбасымызға еш кепілдік жоғын білсек те, оятқышты қосамыз.
Міне, шынайы сенім осы. Баламызбен ойнап, оны көкке көтеріп, лақтырып, қайта тосып аламыз. Ол қуанып, күледі. Өйткені тосып алатыныңызды біледі. Бұл нағыз сенім! Сонда да бейтаныс адамдармен подъезге не лифтіге кірмеу, мектептен қайтқанда далада ұзақ ойнамау, бөтенге пәтер есігін ашпау, бейтаныс үлкендердің өтінішіне не шақыртуларына жауап бермеу керектігін әрдайым ұл-қыздарыңызға айтып отыруды ұмытпаңыздар. Алайда өмірде мейірімді, жақсы адамдар көп екенін де олардың жүректеріне құйып өсірейік!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА