«Тараз – қауіпсіз қала» жобасы – қарымды қадағалаудың жемісі
Еліміздегі тұрақтылық пен азаматтардың қалыпты өмір сүруі прокуратура органдары қызметінің тиімділігіне байланысты. Прокурорлық қадағалау қоғам өмірінің барлық маңызды саласын қамтиды, ал тиімді құқық қорғаушылық мақсат пен заң үстемдігі оның қызметінің негізгі мазмұны. Прокурорлардың күш-жігері қоғамдағы әлеуметтіксаяси тұрақтылықты нығайтудың, азаматтардың еңбек және экономикалық құқықтарын қорғаудың ең маңызды бағыттарына шоғырландырылған. Прокуратура қызметкерлері өздерінің кәсіби шеберліктерін дәлелдеп және таңдап алған кәсіптеріне адалдық таныта отырып, қадағалау органдарының қалыптасу үрдісіне өз үлестерін қосып келеді. Сондай игі шараның бірі – «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы. Облыс прокуратурасы мен облыс әкімдігі бірлесе жүргізген жобаның жемісі – тұжырымдамасы мен тақырыбының өзектілігінде болып тұр.
Жалпы, қоғамдағы Тараз қаласы әрқашан қылмыстың жоғары деңгейімен байланысты теңестірілетін ұғым бүгінде түбегейлі өзгерген. Өйткені билік пен құзырлы сала қызметкерлерінің бірлесіп жүргізген жұмыстары өз нәтижесін беріп келеді. Мәс елен, 2020 жылы облыс орталығы бойынша 10 мың тұрғынға шаққанда құқық бұзушылық деңгейі 98-ді құрап, бұл ретте облыс бойынша орташа көрсеткіш – 54-ті көрсетсе, республика бойынша 87 болды. Аса ауыр қылмыстар 20 пайызға (49- дан 59-ға дейін), ал ауыр қылмыстар 89 пайызға (567-ден 1073-ке дейін) өсті. Сонымен қатар жаңа тәсілдерді қолдануды талап ететін басқа да жүйелі проблемалар болды. Мамандардың айтуынша, мемлекеттік органдардың іс-әрекеттерінің бытыраңқылығы, азаматтардың құқықтық мәдениетінің төмендігі, алдын алу шараларының формализмі, халықтың құқық қорғау органдарына сенімінің төмендігі.
Осыған байланысты, облыс прокуратурасымен бірлесіп, 2020 жылы «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы бойынша жұмыс басталды. Сөйтіп, оның нәтижелерінің бірегейлігі жалпы кримситуацияны жақсартуда ғана емес, сонымен қатар мақсатты индикаторлар мен бағалау критерийлерін белгілеу арқылы жүйелік проблемаларды шешуде де қамтылды. Жұртшылық пен депутаттардың пікірін ескере отырып, Тараз қалалық мәслихаты полиция мен жергілікті атқарушы органдар үшін алдын алу индикаторлары бар жоспарды бекітті.
Жоспар мақсатты аудиторияға арналды. Жоба іс жүзінде барлық әлеуметтік топтар мен уәкілетті органдарға әсер етеді. Өйткені ол қауіпсіз қалалық ортаны құруға, өмір сүру сапасын жақсартуға және тұрғындар үшін тәуекелдерді азайтуға бағытталған. Инновациялық компоненттерді пайдалану және тестілеу нәтижелері де осыны көрсетіп отыр. Қауіпсіздік деңгейін арттыру және азаматтарды қорғау мақсатында қала бойынша 17 «қызыл» орамда, яғни «Мыңбұлақ», «Самал», «Алатау», «Қаратау», «Қарасу», «Талас», «Жансая», «Салтанат» шағынаудандары, Рысбек батыр, Аққозиев, Мәмбет батыр, Байзақ батыр, Асқаров, Ташкент көшелері, Абай және Жамбыл даңғылдары бойынша тізбе жасалды. Өйткені мұнда құқық бұзушылықтардың жоғары жиілігі байқалған-ды.
Осылайша аталған аудандар арнайы бақылауға алынып, аудандарда құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері құқықтық-түсіндіру сипатындағы жұмыстарды тұрақты негізде жүргізуге сеп болды. Сондай-ақ жобада көзделген мақсаттарды табысты іске асыру үшін қаражат та қарастырылды. Атап айтар болсақ, 2020 жылы – 768 миллион, 2021 жылы – 531 миллион, 2022 жылы – 275 миллион, 2023 жылы – 653 миллион, 2024 жылы – 2 миллиард 33 миллион, ал 2025 жылға 1 миллиард 591 миллион теңге бөлінді. 237 аула мен көшеге жарықтандыру және жөндеу жүргізіліп, 300-ден астам бейнебақылау камералары орнатылды. Қараусыз қалған үйлерді, қауіпті учаскелерді қоршау құрылғысы қойылды.
Бұл жұмыстарда сандық құралдар, технологиялар да белсенді қолданыла бастады. Есірткі бизнесіне қарсы күресте іске қосылған «NarcoShekteuTaraz» платформасы арқылы есірткі тарататын 4000-нан астам сайт бұғатталып, 650-ден астам граффити жойылды.
«Cybershekteutaraz» телеграм-ботының көмегімен күмәнді 450 сілтемелерді анықтауды автоматтандыру және қазіргі заманғы ақпараттық жүйелер арқылы «CyberPol» жұмысын күшейту туралы қабылданған шешімдер алаяқтардың іс-әрекеттерінің ерте жолын кесуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Егер І тоқсанда 154 интернет-алаяқтық тіркелген болса, ІІ тоқсанда – 136, ІІІ тоқсанда – 140, қараша айының соңында 92 жағдай тіркелген.
Бұдан басқа, жоба аясында күшейтілген профилактиканы талап ететін адамдарға қатысты жұмыстың жаңа форматы қолданылған. Прокурорлар әзірлеген Whatsapp-бот құқыққа қайшы әрекеттер жалғасқан жағдайда ауыр зардаптар туралы Әкімшілік құқық бұзушылықтарды, яғни отбасылық-тұрмыстық зорлықзомбылық саласында 3 реттен артық, қоғамдық тәртіпке қол сұғуды қайталап жасайтын адамдарға СМСхабарламалар жібереді.
Мұнда ахуалдық орталықтың мүмкіндіктері сәтті қолданылды, ол арқылы 700-ден астам СМС-хабарлама жіберілген. Рәсімді автоматтандыру мақсатында осы тетікті «Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесі арқылы пайдалану ұсынылуда. Сонымен қатар жаңа қылмыстардың алдын алу бойынша қала соттарымен тиісті меморандумдар жасалып отыр екен. Осылайша, қылмыс жасауға жанама ықпал еткен 80 азамат куәгер ретінде сотқа шақырылып, олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Мас күйінде жасалған қылмыстарға байланысты істерді қарау кезінде соттарға алкогольді сатуға байланысты адамдар шақырылады. Сондай-ақ жобаны іске асырудың негізгі бағыттарының бірі жұмыссыздыққа қарсы күрес және халықтың өзінөзі жұмыспен қамтуы. Мысалы, 2024 жылы 17-23 жас аралығындағы адамдар мүлікке қарсы қылмыстарды көп жасаған. Тіпті, мамандарды колледждердің жұмыссыз түлектері жас аған 53 құқық бұзушылық ерекше алаңдатып отыр. Ағымдағы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялау шеңберінде өңірдің ірі кәсіпорындарының, университеттерінің, колледждерінің басшылығымен кездесулер өткізіліп, онда жастарды жұмысқа орналастыру мәселелері талқыланып тұрады.
Бүгінгі күнге қаланың ірі кәсіпорындарымен меморандумдар жасалып, 56 түлек жұмысқа орналастырылған. Осындай ауқымды шаралардың нәтижесінде 2025 жылы колледж түлектері жасаған мүлікке қарсы қылмыстар саны 66 пайызға (53-тен 18-ге дейін) төмендеген. Жалпы, жоба аясында қабылданып жатқан шаралар өз нәтижесін берді деуге толық негіз бар. 6 жыл ішінде қалада қылмыс 3576-дан 2152-ге дейін екі есеге азайған. Сондай-ақ жоғарыда айтқандай, 10 мың тұрғынға шаққандағы құқық бұзушылық деңгейі 98-ден 43-ке дейін айтарлықтай төмендеген.
Азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін қылмыстардың алдын алуға басты назар аударылып, қоғамдық орындағы қылмыс 6 жыл ішінде 61 пайызға (1475-тен 575-ке дейін) төмендеген. Оның ішінде көшеде 55,8 пайызға (794-тен 351-ге дейін), мас күйінде 24,7 пайызға (215-тен 162-ге дейін), бұзақылық 45,1 пайызға (142- ден 78-ге дейін), тонау 72,2 пайызға (101-ден 25-ке дейін), ұрлық 78,8 пайызға (1657-ден 352-ге дейін), қарақшылық 37,5 пайызға (8-ден 5-ке дейін) төмендеп отыр. Жобаның оң нәтижесі оны бүкіл облыс көлемінде іске асыруды жалғастыруға себеп болғандығын айта кеткен жөн.
Аудандық мәслихаттар арқылы полиция мен әкімдіктер үшін алдын алу индикаторлары бар жоспарлар бекітіліп, халықпен кері байланыс тетігінің жаңартылған форматы соңғы 4 жылда халықтың прокуратураға деген сенім деңгейін 44 пайыздан 71 пайызға дейін көтеріп отыр. Бұл «Заң және тәртіп» идеологиясының өңірде сенімді түрде қолдауға ие болғандығын көрсетеді.
Ерман ӘБДИЕВ