Саясат

Аманат арқалаған азамат

Облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық мәслихаттағы Amanat партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Жұмахан Тәнкебаев Қаратау қаласының тұрғындары алдында есеп берді. Жиынға әр ауылдан сайлаушылар келіп қатысты.

Мінеки, сол уақыттан бері Тәнкебаевта тыным жоқ. Тіпті, соңғы бір жыл ішінде атқарған жұмыстары ауқымды. Сондықтан сайлаушылар алдында жасаған жұмысын баяндап, өзара жүздесіп, сұрақтарға еркін жауап берді.

Халық қалаулысы Ақкөл орта мектебінің күрделі жөндеуіне, Көктал ауылында мәдениет үйінің салуына қаражат бөлінуіне тікелей ықпал еткен. Ал Ойық ауылдық округіндегі Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектептің жаңа құрылысына қаржы бөлу бойынша тиісті тарапқа депутаттық сауал жолдап, қайта-қайта ұсыныс айтып, үлкен жанашырлық танытты. Нәтижесінде аталған мектеп құрылысы сапалы жүргізіліп, ел игілігіне берілуге жақын тұр.

– Бұл жұмыстар жоспарымыздың бір бөлігі ғана. Қожағаппар және Сейілбек ауылдарына 50 орындық мектеп салуға қаржы бөлу бойынша облыс әкімінің орынбасарына депутат ретінде сауал жолдадық. Биыл аталған елді мекендерге жаңа мектеп құрылысын жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжат жасалды. Аталған жұмыс толық шешімін тапқанға дейін өз бақылауымда болады. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аудандық орталық ауруханаға партиялық рейд ұйымдастырып, оған тұрақты түрде қатысудамын. Арнайы партиялық бекет ашылып, жетекшілік етіп отырмын. Қаратау қаласындағы бірқатар білім ошақтарын, Аққұм ауылындағы Б.Тоқтықожаұлы атындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу бойынша депутаттық сауал жолдап отырмын. Сонымен қатар 2025 жылы өзім сайланған округ бойынша тұрғындармен 8 мәрте кездесу өткізіп, ұсыныстарын тыңдадым. Сол кездесулерде көтерілген мәселелерге қаржы бөлінуін облыстық мәслихат сессияларында ұдайы айтып жүрмін. Партия филиалы ғимаратында бекітілген кестеге сәйкес 5 мәрте кездесу өткіздім. Халықпен тығыз байланыс орнаған белсенді жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді, – деді депутат.

Сонымен қатар халық қалаулысы сайлаушылардың бірнеше ұсыныстарын тыңдады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы