Әлеумет

Отбасының берекесін заң емес, сана сақтайды

«ОШАҒЫҢНЫҢ ОТЫ ӨШСЕ, ЕЛДІГІҢНЕН НЕ ҚАЙЫР?» ДЕП АТАЛАРЫМЫЗ ҚАЙ ҚИЫРДАН ҚАЙТСА ДА АЙТЫП ОТЫРАТЫН. СОЛ СӨЗДІҢ САЛМАҒЫ БҮГІНГІ ҚОҒАМҒА КЕЛГЕНДЕ ТІПТІ АУЫР ТАРТАДЫ.

Отбасы институтын нығайтуға бағытталған мемлекеттік бастамалар жылдан-жылға көбейгенімен, кейбір шаңырақтың ішінде кетпеген дау-дамай, бітпеген жанжал, тыйылмаған зорлық-зомбылық – елдің еңсесіне түскен көлеңкедей созылып келеді. Талай түйткілдің түбі де отбасынан басталатыны бекер емес. «Үйінде береке таппаған, түзінде мереке таба алмайды» деген дана сөз қазір қоғамның ахуалын айна-қатесіз көрсетіп тұрғандай. Еліміз отбасы институтын дамытуға бағытталған бағдарламалар мен заңнамалық өзгерістерді бірінен соң бірін қабылдап, тұрмыстық зорлықзомбылықтың алдын алуға күш салып келеді. Мемлекет басшысының өзі бұл тақырыпты талай рет көтеріп, «қоғамның діңгегі – отбасы» екенін айрықша атап өтті.

Соған қарамастан кей өңірлерде отбасы ішінде жиналған ашу-ыза, әлеуметтік күйзеліс, тұрмыстық қиындықтар шешімін таппай, шаңырақтардың шайқалуына жол беріліп жатыр. Өмірдің өзгергені ме, әлде қоғамның әлсірегені ме? Бұрын үлкендердің бір ауыз сөзіне тоқтап, шаңырақтың шырағын сөндірмеуге тырысатын отбасылар бүгінде тартыстың ортасына беймәлім бір сәтте түсіп кете береді. «Бірлігі кеткен үйдің берекесі қашады» деп дана халқымыз тегін айтпаған. Ал берекесі қашқан үйдің дауы ертеңгі қоғамның жаңа проблемасына айналатыны айдан анық. Облыста тіркелген соңғы деректер осыны айқын көрсетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет отбасыдағы зорлықзомбылық мәселесін түбегейлі шешу керектігін баса айтқан. Президенттің екі жыл бұрынғы сөзі әлі күнге ел есінде: «Елде екі жарым жыл ішінде 300 адам отбасылық жанжалдан көз жұмып, 878 адам ауыр жарақат алған. Бұл – жаға ұстатарлық сан. Бұл цифрлардың артында қаншама тағдыр, қаншама сәби, қаншама үміт үзілді. «Өрісіне шауып келген қасқырдан емес, үй ішінен шыққан даудан қорық» дейтін ха лқымыздың сөзін осындайда қайта-қайта еске алуға тура келеді».

Президенттің тапсырмасынан кейін отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты заң қабылданып, жауапкершілік күшейтілді. Бұрын әкімшілік құқық бұзушылық деп саналған әрекеттер қылмыстық санатқа ауыстырылды. Яғни, мемлекет бұл мәселеге бейжай қарамайтынын көрсетті. Алайда «Заң қатайды екен деп, адам қатайып кетпейді» дейді ақсақалдар. Заң – құрал ғана, ал отбасындағы берекені заң емес, сана сақтайды. Тәртіпті заң орната алмайды, тәртіпті адам өзі орнатады.

Облыстық полиция департаментінің деректері бойынша, биыл тұрмыстық қатынастар бойынша тіркелген қылмыстардың саны айтарлықтай артқан. Үшінші тоқсандағы 145 қылмыс – өткен жылмен салыстырғанда 43,6 пайызға өскен. Бұл – жай ғана статистика емес. Бұл – қоғамның көңіл-күйі. Бұл – отбасылардың ішкі дағдарысының сыртқы көрінісі. Жыл басында департаменттің жанынан арнайы құрылған отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы бөлімнің басшысы Диляфруз Кинжеханованың айтуынша, биыл 4163 арыз түсіп, оның жартысынан астамы расталған. Бұл дегеніңіз – күн сайын оннан астам отбасы полицияның табалдырығын тоздырады деген сөз. Тұрмыстық жанжалды туындататын басты себептер де анықталған.

Тарқатып айтсақ, маскүнемдік бойынша – 793 жағдай, қаржылық қиындық – 662, қызғаныш – 596, туыстар арасындағы дау – 412, бала тәрбиесі үшін тартысқан бұрынғы ерлі-зайыптылар – 323 жағдай тіркелген. Бұл санның өзі қоғамдағы ахуалдың қаншалықты күрделенгенін аңғартады. «Кедейлік – даудың басы, маскүнемдік – бәленің басы, қызғаныш – кесапаттың басы» деп қазақ халқы бекер айтпаған.

ӘЙЕЛДЕР АРАСЫНДАҒЫ СУИЦИД: ЖАНДЫ ТҮРШІКТІРЕТІН ҚАСІРЕТ

Қоғамды ең алдымен әйелдің жан күйзелісі алаңдатуы тиіс. Өйткені қазақ «Әйел тізгінін тартып отырса – әлем түзеледі» деген. Облыста 2025 жылдың 9 айында әйелдер арасындағы 24 суицид фактісі тіркелген. Оның 19-ы өліммен аяқталған. Бұл – бір ғана өңірдің статистикасы. Әрбір жағдайдың артында шексіз күйзеліс, сөйлеуге қорыққан үн, ертеңін елестете алмаған тағдыр жатыр. Бұл тек әлеуметтік мәселе емес. Бұл – ұлттық трагедия. Қазақ әйелінің үні өшсе – ұлттың рухы өшеді.

Дағдарыс орталықтарына 85 әйел мен 233 баланың орналасуы да – қоғамдағы жан жарасының ашық көрінісі. Егер отбасы тыныш болса, бұл орындар бос тұрар еді. Облысты селт еткізген тағы бір ауыр мәселе – жаңа оқу жылы басталысымен үш бірдей жасөспірімнің қайғылы жағдайда көз жұмуы. Бұлар – жай ғана оқиға емес. Бұл – қоңырау. Бұл – дабыл. Бұл – қоғамның жас буынның жанайқайын ести алмай отырғанының айғағы.

Айтылған жағдай бойынша жауапты мамандар жазаға тартылды. Бірақ оның барлығы – мәселенің шешімі емес. «Жас шыбық иілсе – үлкен ағаштың бағыты түзеледі». Ал иілмей қалған шыбықты сындырып алмай, оның жан дүниесіне үңілу – қоғамның, мектептің, ата-ананың ортақ міндеті. Ал жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің алдын алу бойынша өңірде «Жол картасы» жасалып жатыр. Бұл құжат қағаз жүзіндегі жоспар болып қалмай, нақты істермен ұштаспаса, нәтиже болмайды. Қағазға жазылған жоспардың емес, жүрекке жазылған борыштың жөні бөлек. Қоғамдық проблемалардың салмағы тек биліктің ғана емес, әр адамның мойнында. Әр отбасының ішкі әңгімесі, әр баланың жан дүниесі, әр әйелдің көз жасы – мемлекет тұрақтылығының көрсеткіші.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Қазақ «Отбасы – шағын мемлекет» дейді. Шағын мемлекетте тыныштық болмаса, үлкен мемлекеттің тыныштығы да шайқалады. Облыста болып жатқан жағдай – бір өңірдің емес, бүкіл елдің айнасы. Осы айнаға үңілген сайын қоғамның өзіне үңілгісі келмейтін қырлары көрінеді. Зорлық-зомбылық–тәрбие жетіспеген жерден, тапшылық – тіршілік түзелмеген жерден, дау-дамай – мейірім азайған жерден шығады. Ал бүгінгі қоғамға ең қажеті – мейірім, түсінік, тыңдай білетін құлақ, көмек бере алатын қол. Заң күшейді, жауапкершілік артты, құрылымдар құрылды. Бірақ отбасының ішіне дендеп ене алатын заң жоқ. Ол тек жүрекке ене алады. Егер отбасыдағы шаңырақ шайқалса, елдің де іргесі сөгілмек. Егер әйелдің үні өшсе, ұлттың болашағы күңгірттенбек. Егер баланың жанайқайын естімесек, ертеңгі күннің жарығы көмескіленбек. Сондықтан қоғамның ең үлкен жұмысы – отбасының отын өшірмеу. Өйткені отбасы түзелмей – ел түзелмейді.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ