Жаңалықтар

Су ресурсын басқарудың тиімді жолы қандай?

Кеше Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Жамбыл жеріне жұмыс сапарымен келіп, әулиеаталық фермерлермен кездесу өткізді. Жиын барысында алдағы вегетациялық кезеңге дайындық, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңын әртараптандыру мен су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесі кеңінен талқыланды. Ал басқосуға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омаров және Amanat партиясы қоғамдық бірлестігінің хатшысы Эльдар Жұмағазиев, аймақтық құқық қорғау органдары мен су шаруашылығы мекемелерінің басшылары, сондай-ақ Тараз қаласы мен аудан әкімдері, шаруа қожалықтарының төрағалары қатысты.

Жиынды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ашып, жүргізіп отырды. Өңір басшысы өз сөзінде кеңе стің күн тәртібіндегі вегетациялық кезеңде су тапшылығын болдырмау және «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру облыс экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан жүктелген міндеттер жоғары деңгейде орындалып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылады.

Жалпы, жиын барысында Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов, Ауыл шаруашылығы вицеминистрі Азат Сұлтанов, Су ресурстары ақпараттықталдау орталығының басқарма төрағасы Хайрулла Қайратғали мен облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек сөз сөйледі. Сонымен қатар кездесуде фермерлерге суды пайдалану ашықтығын қамтамасыз ету мен су ресурстарын есепке алуды одан әрі цифрландыру үшін енгізіліп жатқан биллинг жүйесі туралы да айтылды.

Бұл – фермерлерді сумен қамтудың толық циклін біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа. Оның ішінде өтінім беру мен келісімшарт жасасудан бастап, нақты тұтынуды есепке алу және төлем жасауға дейінгі функциялардың барлығы бар. Жүйе үдерістерді оңтайландырады, суды бөлу мен есеп айырысудың ашықтығын қамтамасыз етеді сондай-ақ нақты көлемдерді дәл есепке алуға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде вице-премьер Қанат Алдабергенұлы облыс әкімдігіне вегетациялық кезең басталғанға дейін диқандар арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Оған қоса жергілікті басшыларға «Қазсушар» республикалық кәсіпорнымен бірлесіп, ылғалды көп қажет ететін дақылдарға бекітілген лимиттерге қатаң сәйкес келетін су беру шарттарын жасасу жүктелді. Сондай-ақ құқық қорғау органдарымен бірлесіп, алдағы вегетациялық кезеңде «қара су нарығымен» күресті күшейту міндеттелді.

Басқосуда «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру мәселесі де талқыланды. Былтыр дәл осы бағдарлама шеңберінде жоспарланған қаржының бөлінбеуіне байланысты өңірде 160 ауылдық округ әкімдерін оқыту жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы және саладан тыс бағыттағы шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін жасақталған 50-ден астам үлгілік жобалар тізбесі ауыл тұрғындарына ұсынылыпты. Бұл ретте мысал ретінде сүтті қайта өңдеу цехтары, мал сою пункттері, бал өндірісін дамыту, құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехы және тағы да басқа жоба түрлері қарастырылған. Ал 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап бүгінгі күнге дейін қайтарылған қаражат есебінен ауыл шаруашылығы және саладан тыс бағытта 6,2 миллиард теңгеге 881 жоба қаржыландырылған.

Жиын соңында Қанат Бозымбаев «Әкімнің цифрлық жұмыс орны» қанатқақты жобасы жөнінде азкем ақпарат берді. Қанатқақты жоба әуелі көршілес Қызылорда облысында жүзеге асырылмақ. Аталған жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан іске қосылған. Жүйе әлеуметтікдемографиялық өзекті деректер мен әрбір үй шаруашылығына қатысты ақпаратқа нақты уақыт режимінде қол жеткізуге мүмкіндік береді. Платформа әкімдерге біріктірілген деректер негізінде жедел басқарушылық шешімдер қабылдауға жол ашады, ақпараттың шашыраңқылығын азайтып, әкімшілік жүктемені төмендетеді. Келер жылдың алғашқы жартыжылдығында еліміздегі барлық ауылдық округтерді жүйеге қосу жоспарланған.

 

Есен ӨТЕУЛІ