Мәдениет

Биыл Маралтай оқулары республикалық деңгейде өтті

Қойнауы қазынаға толы киелі Сарысу жерінде алғаш рет «Маралтай оқулары» атты 8-11-сынып оқушылары арасындағы республикалық шығармашылық байқау өтті. Жас ұрпақтың бойына рухани нәр, ана тілге деген сүйіспеншілік беретін жарыс оқушылардың зияткерлік әлеуетін қалыптастыруды көздейді. Облыс әкімінің орынбасары Алтай Әли аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің құттықтауын жеткізіп, сондай-ақ Маралтай ақынның отты жырлары жастардың жүрегіне жол таба беруіне тілектестігін білдірді. Келесі кезекте аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, сарысулықтар Маралтаймен әркез мақтанатынын тілге тиек етіп, ақынның шығармашылығына тоқталды.

Лэд экранда Еңбек Ері, даңқты жерлесіміз Асанәлі Әшімов, Мемлекеттік сыйлықтың иегері көрнекті ақын Нұрлан Оразалин, Мемлекеттік сыйлықтың иегері көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет, Халықаралық ТҮРІКСОЙ ұйымының Бас Хатшысы, көрнекті жазушы Сұлтан Раевтың бейнеқұттықтаулары көрсетілді. Мұнан соң сахна төріне көтерілген еңбек сіңірген қайраткер, облыстың Құрметті азаматы, жерлесіміз Маралтай Райымбекұлы бүгінгі іс-шараны ұйымдастырған облыс басшылығына, аудан әкіміне ризашылығын білдіріп, байқаудың мәні мен мақсаты туралы кеңінен сөз қозғады.

Мәні терең байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен іріктеуден өткен жас дарындар қатысты. Атап айтсақ, Абай, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау мен Жетісу облыстарынан және Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымы, республикалық «физикаматематика мектебінен» 35 оқушы бақтарын сынады.

Қатысушылар сайыстың «Тарпаң мінезді Маралтай» және «Жас ғасыр жаңа заман» атты екі аталымы бойынша сынға түсті. Қазылар алқасында «Тарпаң мінезді Маралтай» номинациясы бойынша ұстаз, ҚР Еңбек Ері Аягүл Миразова, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов, Халықаралық Қазақ ПЕН клубының Президенті Бигелді Ғабдуллин, кәсіпкер – руханият жанашыры Саят Есімхан және ақын Маралтай Райымбекұлы төрелік етсе, «Жас ғасыр, жаңа заман» номинациясында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Гүлнар Салықбай, Мәжіліс депутаты, филология ғылымдарының докторы, ақын Аманжол Әлтай және ақын, облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман қатысушылардың өнерін бағалады.

Тартысты өткен сайыстың қорытындысы бойынша «Жас ғасыр, жаңа заман» номинациясы бойынша Павлодар облысындағы Ю. Гагарин орта мектебінің 11-сынып оқушысы Еркебұлан Тіленіш І орынды жеңіп алды. Ал «Тарпаң мінезді Мара лт ай» номинациясы бойынша жерлесіміз, Бурыл орта мектебінің 9-сынып оқушысы Батырхан Боранбек мінсіз өнер көрсетіп, үздік деп танылды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар, арнайы статуэтка мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Марапаттау ісшарасында аудандық мәдениет үйінің әншілері әуелете ән шырқаса, «Айжан қыз» халықтық бишілер ұжымы мың бұрала би билеп, байқаудың сәнін келтірді. Атап өтейік, шын жүйрік тасада қалмайды.

Бірінші орын иегері Батырхан Боранбек кездейсоқ марапат иесі атанған жоқ. Ол бұған дейін де поэзия оқып, жатқа айтудан бірнеше республикалық жарыстардан жүлдемен оралып жүрген жас талант. Талас ауданындағы, Тамабек ауылындай текті топырақтан шыққан жас тарлан мұқым елді аузына қаратты. Ол Маралтай Райымбекұлының 129 өлеңін жаттап алған.

Осылайша мүдірмеген ол еш кідірмей бас бәйгені қанжығасына байлады.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА