Мәдениет

Әжелер ансамблі шын таланттың жарыққа шығатынына көз жеткізді

Аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің жанынан 3 жыл бұрын «Данагөй әжелер» ансамблі құрылған. Аудан аумағындағы ауылдарда тұратын табиғи дауысы бар әжелердің басын қосқан Гүлмарал Қорабаева осында мәдениет қызметкері болып 40 жыл еңбек еткен кәсіби әнші. Ал ансамбльдің құрамындағы өзге мүшелер түрлі салада еңбек еткен, әлі де жұмыс істеп жүрген бір-бір шаңырақтың асыл аналары. Аудандық кітапхананың кітапханашысы Гүлдерайым Дәулетова ансамбльге продюсерлік етіп, барлық іс-шараларын ұйымдастырады. Құрылғанына 3 жыл болған әжелер ансамблі аудан жұртшылығына есептік концертін беріп, шын таланттың жарыққа шығуына ешқашан кеш болмайтынын дәлелдеді.

Әже – отбасының алтын қазығы, ұлттың ұйытқысы, тәлім мен тәрбиенің қайнар бұлағы, салт-дәстүрдің насихаттаушысы. Шаңырақтың шежіресін шертіп, ағайынтуманың татулығын сақтауға септігін тигізетін, әулеттегі абысын-ажындардың ақылшысы болып, жас келіндерді тәрбиелейтін, немере-шөберелеріне ертегі айтумен бойына тәлімнің тұнығын сіңдіретін әжелер халық мәдениетіне де үлес қосып жүр. Бүгінде өнер әлемінің баға жетпес қазынасына айналған халқымыздың дәстүрлері мен әуезді әндерін жұртшылық назарына нақышымен ұсынған әжелер концертті тарихта аты қалған қазақтың дана аналарының бейнесін сомдап, олар туралы мәліметтерді еске алумен бастады.

«Әжелер салған ән қандай» атты есептік концертте «Әдемі-ау» бишілер тобы, Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің оқушысы Аққу Жеміс ай және аудандық мәдениет үйінің режиссері Эльмира Асылбекова да өнер көрсетті. Ансамбль құрамындағы Роза Серікбаева, Гүлмира Әлімқұлова, Гүлназ Искакова, Ажар Райсова, Айнұр Арипова, Гүлбүбі Кусепова, Гүлбахрам Лақова хормен де, дуэт тіпті трио болып та ән шырқады. Концертке халық әндерімен қатар Ербол Бәтеннің «Аман ба?», Садық Керімбаевтың «Ауылым – алтын бесігім», Әбілахат Еспаевтың «Маржан қыз», Нұрғиса Тілендиевтің «Жүрегім менің», Шәмші Қалдаяқовтың туындыларынан попури, С.Кәрімбаевтың «Ақ тамақ», Назерке Сыздықованың «Абысын-ажындар», Шынберген Сүлейменовтың «Анаңды сүй», Қуаныш Құрманбаевтың «Елге алғыс», Жарылқасын Дәулеттің «Қазақтай ел қайда» әндерін орындалды.

Әжелердің талантына сүйсінген аудан тұрғындары оларды отбасылық қуаныштарына да шақырады екен. Бойда дарын мен талап болса, армандар расымен орындалатынын жезтаңдай әжелер тағы бір дәлелдеді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т. Рысқұлов ауданы