Әдебиет

Өлеңі оқырманға рух берген

Ғайни Әлімбекқызының есімі қалың оқырманға сыршыл ақын, ойлы қаламгер ретінде жақсы таныс. Оның тележурналист ретінде облыстық «Jambyl» телеарнасында жүргізген бағдарламалары көрерменнің көңілінен мықтап орын алған.

М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінде ақын, тележурналист, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Ғайни Әлімбекқызының шығармашылығына арналған «Сен берген гүл» атты әдебисазды кеш өтті. Іс-шараға «Абай ТВ» телеарнасының бас продюсері Жаңылхан Асылбекова, режиссер Ботагөз Исмаил, Ұлттық кітапхананың қызметкері Қайырниса Жұмашева, Қазақстанның Құрметті жазушысы Көсемәлі Сәттібайұлы, еңбек сіңірген қайраткер Әбиірбек Тінәлі, Қазақстанның Құрметті құрылысшы Сыздық Борсабаев және басқа да қонақтар қатысты. Кеш барысында Ғайни Әлімбекқызы өзінің сырға толы өлеңдерін көпшілікке толғаныспен оқып берді. Ақынның терең ойы халықтың жүрегін баурап алды.

Шығармашылық иесіне сұрақ қойған студенттер мен оқытушылардың қатары аз болмады. Ақынның сөзіне жазылған Дүйсенәлі Бықыбаевтың «Қаздар қайтып барады» әнін әнші Көпшіл Ертаев жүректерге жеткізе орындады. Ақындар Шырын Мамасерікова мен Нұржан Әліш арнау өлеңдерін оқып, көптің құрметіне бөленді. Кештің мақсаты – ақынның поэзиясы мен журналистикадағы еңбегін жас буынға кеңінен таныстыру, ұлттық құндылықтар мен туған жерге деген сүйіспеншілікті насихаттау.

Әдеби жиын ақын туралы бейнероликпен басталып, «Сен берген гүл» туындысының сахналық көрінісі көрсетілді. Ақынның Тараз қаласына арналған өлеңдері оқылып, көрерменге әсерлі рухани лирика ұсынылды. Ғайни Әлімбекқызының 30 жылдық тележурналистикадағы еңбегі, «Айна», «Айша бибі», «Өмір-өткел» секілді бағдарламалары мен деректі фильмдерінің өңірлік журналистикаға қосқан үлесі атап өтілді. Қонақтар қаламгердің шығармашылығын жоғары бағалап, ұлттық рух пен адамгершілік құндылықтарын дәріптейтін туындыларының маңызын атап өтті.

Кеш соңында жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, ардагер ұстаз, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Райгүл Омарова, ақын Үміт Битенова, Бақытжан Советұлы, «Aulieata-Media» холдингінің бас директорының бірінші орынбасары Алпамыс Қазыбаев аталған университет ғалымдары Гүлмира Исабекова, Тұрсынай Әбдіқадірова сөз сөйлеп, ақынға құрмет көрсетті. Ғайни Әлімбекқызы барша қонақтарға шынайы алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ