Әлеумет

Жасымызға ісіміз лайық болса дейміз

Қазақта «Қайран біздің әжелер арды ойлаған» деген сөз бекер айтылмаған. Ар дегеніміз – имандылық, иба, жақсы жол, үлгілі іс. Ертеректегі иманы кәміл әжелер өз қызы мен ұрпағымен қоса, өзгенің қызының тәрбиесіне де алаңдаған. «Қызға қырық үйден тыйым, есіктегі қара күңнен тыйым» деген ұстанымға кешегі көнекөз әжелеріміз амал жасаған.

Сол арды ойлаған, тәрбиеге жауапты әжелер бар кезде қазақтың қыздары иманды, ибалы болды. Қашан оң босаға аттағанша арын сақтады, ұятын ұмытпады. Сондықтан қыздар барған жеріне тастай батып, судай сіңді. Ажырасу деген мың отбасының бірінде кейде кездесіп, кейде кездеспеуші еді. Бір ауыл бойынша бір қыз түрлі жағдайлармен «қайтып» келіп жатса, оның өзі түрпідей тиетін. Өкінішке қарай, қазір ажырасу деген қалыпты жағдайға айналып барады. Мен мұны неге айтып айтып отырмын. Мұның түп тамыры имандылықта, асыл дінімізде де жатыр. Осыдан 5 жылдай бұрын облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті жанындағы әжелер алқасын құрған едік. Төрайымы етіп мені сайлаған. Әуелі алқа құрамында 16 әже едік. Қазір мүшелікте 24 әже бар.

Біздер мешітте жай ғана отырмаймыз. Мектептерге, колледждерге, отбасын қолдау және әлеуметтік көмек беру орталықтарына барып, кездесулер өткіземіз. Ондағы мақсатымыз – қазақтың қаракөз қыздарына жақсылық жасау, ой салу. Олардың санасына тәрбие мен тағылым, ұятты сіңіру. Әрине, бір кездесуден әсер алған қыздар бір күнде иманды болып кетпейтін шығар. Бірақ көңіл сәулесінде жаман істен аулақ жүрейін, ата-анамды жерге қаратпайын, үлгілі жолды таңдайын деген ұғым жүрсе – біздің жеңісіміз. Ондай ұғымды көңіліне қондырған қыз ешқашан жаман жолға түспейді. Сол ізгі жолда жүруі – біздің жеңісіміз, жұмыстың жүзеге асу жолындағы жемісіміз. Ислам діні – асыл құндылық. Ол біздерді де, жас ұрпақты да адастырмайтын темірқазық. Хақтың жолын ұстанғандар адаспайды. «Алланың сөзі де рас, өзі де рас. Рас сөз ешқашан да жалған болмас», – деген қазақтың дара перзенті хакім Абайдың сөзі ешқашан маңызын жоймақ емес. Себебі ақиқатты біліп, Хақты танып айтылған тағылымды сөз.

Тағылым жолы, тәрбие жолы адастырмайды. Менің жасым 80 жасқа таяды. Келіннің қою шайын ішіп, немеремнің қызығын тамашалап үйімде отырсам да болады. Бірақ мешіттің жанындағы алқаны басқарып, мойыныма жауапкершілік алған жағдайым бар. Үйде де немеренің тәрбиесін көңіл бөліп жүрмін. Тағы бір мәселе бар. Үйде тәрбие берсем бір әулеттің ғана тәрбиесі болады, мешіттегі тәрбие барша Әулиеатаға ортақ тәрбие. Осыдан да айырмашылықты біле беруге болады. Имандылықты әуелі өзім бойыма сіңіріп, одан кейін балаларыма, әулетіме ықпал ете бастадым.

Енді міне, облыс көлемінде де қыздар тәрбиесіне әсер ететін үлгілі іспен айналысып жатырмыз. Бұл әрине өте жақсы. Мұндай ізгі жолға түскен сайын Алланың берері көп екен. Менің балам Данияр Жұмабаев сәл ертеректе осы облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы болды. Жаратушы менің таза көңіліме, сауапты істеріме иманды ұл-қызды нәсіп етті. Соған да сансыз шүкір. Қазір қаншама тағдыр бар. Ұлы әкесін сабап, қорлап жатыр. Ене мен келін, анасы мен қыздың арасы қиындап барады. Осының бәрі неден дейсіз? Осының барлығы Хақты дұрыс танымай, әдептен алыстағаннан, имандылықты естен шығарып, асыл дінімізден алшақ кеткеннен орын алып отыр. Ата-ана тәрбиені ұмытты. Оның үстіне көптеген ата-аналардың өзінің бойында жақсылық азайып тұр.

Жақсылық дегеніміз – адамның бойындағы мінсіздік емес. Жақсы адам деген – бойында жамандығына қарағанда жақсылығы басым адам. Өткенде бір иманды кісіден естігенім бар. Бір ауылда айналасына зәбір көрсеткен, жамандықты көп жасаған, тіпті өмірден қайтар кезіне дейін жамандықтан тыйылмаған кісі болыпты. Әлгі кісі ажалы жетіп, өмірден озады. Жаназасында имам: «Бұл кісі қандай кісі еді?» деп үш рет айқайлап сұрайды. Сонда көпшілік үнсіз қалыпты. Имам таңданып, тағы да сұрайды. Жұрт тағы да үнсіз. Сонда әлгі әулетті жақсы білетін бір қария ортаға шығады. Ортаға шығады да: «Ағасына қарағанда тәуірлеу еді» депті. Әлгі кісі сонша жамандық иесі болғанда, ағасының жағдайы қандай болды? Құдай баршамызды ондай ауыр жағдайдан сақтасын.

Біз облыстық мешіт жанындағы әжелер алқасы қыздар тәрбиесі, жас ұрпаққа үлгі беру, жас отбасылардың жарасымын арттыру жолында тынымсыз жұмыс істеп келеміз. Менің жасым біразға келді. Жасымызға лайық болсам деп осы жауапты жұмысты атқарып жүрмін. Облыстың бұрынғы бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев біздің алқаны қолдап көп көмегін берді. Қазіргі бас имам Асқар Сатылғанұлы да әжелерге үнемі ізет көрсетуден жалыққан емес.

Қазір мен өз міндеттерімді, тәжірибемді алқа мүшесі Рабия Серікқызына үйретіп жүрмін. Келешекте сол кісі алқаны басқарып, тізгінді қолға алса деген оң ниетім бар. Себебі біз мәңгілік емеспіз ғой. Ал жақсы іс тоқтамай, алқаның жұмысы өз жалғасын тапқаны қоғамға пайдалы. Асыл дініміздің абыройы артып, иманды адамдардың көбейе беруіне тілектеспін.

 

Жамила ЖҰМАБАЕВА

облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті жанындағы әжелер алқасының төрайымы