Әлеумет

Бас мүфти пәтер кілтін тапсырды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Әулиеата өңіріне келген жұмыс сапарында баспанаға аса мұқтаж бірқатар азаматқа пәтер кілтін табыстады.

Бұл мүмкіндік Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында жүзеге асып отыр. Бас мүфтидің қолынан баспана кілтін алған жалғызбасты аналар – Гүлмира Болатханқызы, Әсел Әбутәліпқызы шексіз қуаныштарын жасырмады. Сондай-ақ осы жоба аясында қызметтік баспана Қордай ауданы Отар ауылының имамы Рахат Рахымбердиевке бұйырды.

«Баспана – бақыт шамы» дегендей, бұл ерекше сый баршаны қуантты. Себебі әр шаңырақ үшін баспананың жөні бөлек. Бұл пәтерлер өте жайлы, заманауи, ішінде қажеттіліктің барлығы қамтылған. Бұл жүрегі имандылыққа толы жандардың ешқандай есепке құрылмаған, сауапты істерге ұмтылған амалының жемісі. Мұндай ізгі амал өзге өңірлерде де жүзеге асып жатыр. «Зекет және қайырымдылық» қоры жүздеген адамның баспана мұқтаждығын шешуге мүмкіндік беруде.

Өз кезегінде Наурызбай қажы Тағанұлы баспаналы болған жандарға ізгі ниетін білдіріп, батасын берді. Сонымен қатар игі бастамаға үлес қосқан өңір имамдарына алғысын жеткізді.

Дін мен дәстүр жарасымы

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы облысымызға келген сапарында дін мен дәстүр үйлескен іс-шараға қатысты. «Һибатулла Тарази» атындағы медресеколледжінің ғимаратында ашылған «Дін мен дәстүр» бөлмесінде өткен игі іс-шарада Бас мүфти Дінмұхамед Ілиясұлының тұсауын кесіп, қадамын қаз-қаз басқан сәбиге батасын берді.

Іс-шараға келушілер де бұл ғибратты іске риза болды. «Қазақта жақсыдан шарапат» деген сөз бар. Өңірімізге Бас мүфти келіп біраз игілігі мол жиындарға қатысып жатыр. Дінмұхамед есімді баланың тұсауы кесілді. Қазақ халқында тұсаукесер дәстүрінің өзіндік тәлімі бар. Баланың жолы жарқын, қадамы құтты болсын деп тұсауды кесу сәтінде ең беделді, сыйлы, иманды кісілерге қолқа салады. «Наурызбай қажы Тағанұлы тұсауын кесіп, сәбиге батасын берді. Барша қазаққа қастерлі есімді иеленген бұл бүлдіршіннің жолы ашық болсын. Бұл бала тегін бала болмайды деп ойлаймын. Себебі батаны бағалаған, ақ тілекті құрметтеген елміз.

«Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер», – деп бекер айтылмайды. Бұл жағдай – бүкіл әулет болып қуанатын елеулі сәт деп білемін. Әрдайым әр шаңырақта жақсылық бола берсін», – деген облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті жанындағы Әжелер алқасының мүшесі Рабия Серікқызы өз лебізін білдірді. Бас мүфти облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті жанындағы Әжелер алқасының мүшелерімен кездесіп, аналармен еменжарқын әңгімелесті. Қоғамға аса қажет қос құндылығымыз – дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеудің, ұл мен келінді ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеудің маңызын атап өтті.

Есет ДОСАЛЫ