Қоғам

Исламдағы отбасының рөлі қандай?

Отбасы – қоғамның іргетасы. Ислам діні отбасын өте жоғары дәрежеге көтеріп, оның тұрақтылығын, сүйіспеншілігін, тәрбиелік қызметін ерекше атап өтеді. Құран мен сүннетте отбасы құндылықтары кеңінен түсіндірілген.

Некелесу – Алланың бұйрығы. Ол адамды зинадан қорғайды, ұрпақты дұрыс жолмен жалғастыруды қамтамасыз етеді. Құранда былай делінген: «Олармен (әйелдермен) тыныштық табу үшін сендерге жұбайлар жаратқан әрі араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім салғаны – Оның белгілерінің бірі» (Рум сүресі, 21-аят). Ал Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Неке – менің сүннетім. Кімдекім менің сүннетімнен бас тартса, ол менің үмбетімнен емес», – деді. Ер адам – отбасының жауапты басшысы, ризық табушы, қорғаушы. Әйел адам – отбасының ұйытқысы, бала тәрбиесінің негізі.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Әрбірің – бақташысың және әрқайсың өз қарамағыңдағыға жауаптысың», – деді. Қазіргі таңда қоғамда жас отбасылардың ажырасуы көбейіп тұрғаны қабырғаға батады. Бұл жастардың отбасы жауапкершілігін сезінбеуінен орын алып жатыр. Ата-аналар тарапынан да жауапкершілік болғаны жөн. Себебі шаңырақ көтеру деген – үлкен маңызды мәселе. Шариғат отбасылардың шырқы бұзылуын құптамайды. Баланың бойына иман, әдеп, білім сіңіру – ата-ананың басты міндеті. Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды тозақ отынан қорғаңдар...», – дейді.

Исламда сабыр мен кешірімділік – берекелі отбасының негізі. Дауларды сабырмен шешу, бір-бірін түсініп, құрметтеу – отбасын ұзақ сақтайды. Исламда отбасы – тек әлеуметтік бірлік емес, Аллаһтың рақымы мен нығметі. Отбасының тыныштығы – қоғамның да, ұлттың да болашағы. Сондықтан әрбір мұсылман отбасын шариғат негізінде құрып, Алланың разылығы үшін өмір сүруі қажет. Тату отбасы – қоғамның да байлығы.

Айналасына шуағын шашқан, шаңырақта жылу, бірлік, берекелерін сақтаған әр отбасында даму болады. Сондай үлгілі шаңырақтар тұтас елдің өркендеуіне жол ашады. Отбасының ондай бірлік, жарасымын, татулығын шариғат та құптайды.

 

Ержан АМАНБАЕВ

Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы