Қоғам

Имандылық үйі үркетін жер емес

Діни көзқарастар негізінен адамның жақсы амалы және игі істерімен бағаланады. Шариғат үлкенге ізетті, кішіге құрметті бол деп тәрбиелейді. Бірақ көз алдымызда болып жатқан кейбір келеңсіз жағдайлар ойландырмай қоймайды.

Қазіргі қоғамда сөз бостандығы бар, ойыңды ашық айтуға еркіндік берілген. Сонымен қатар іс-әрекетке де тыйым салынбаған. Осы еркіндікті шіркін-ай жақсы жаққа қарай жұмсай алсақ қой. Шариғат та ізгі амалдарды, қарапайымдылық пен асыл қасиеттерге бай болуды құптайды. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде де айтатын ой-пікірге шектеу қойылып жатқан жоқ. Бірақ жазбалардың дені өсек-аяң, арзан ойдан аспай жатыр.

Жақында 54 жастағы танымал әншінің жас әншіні аямай сабағаны айтылып, елдің назарын аударды. Осы жасқа келгенде танымал әншілердің жасайтын істері де салиқалы, салмақты болса дейсің. Отыз жыл ауызына бүкіл ел қарап, салған әнін тыңдаған азамат емес пе? Тәрбие мен тағылымын көрсететін уақытта өзінен кейінгілерге күш көрсетіп не көрінді? Қазіргі таңда тойлардағы музыкалар да мәнсіз, оған билеп ойнақтағандар да арсыз әрекет жасайтын болды. Тіпті 80 жастағы аталар мен әжелер арзан әуенге билеп жүр. Ал 40 пен 50 жастың арасындағы ағалар мен жеңгелер ұятты жиып, жалаңаштанып билейтінді шығарды. Тойға жиналған 500 адамнан да айылымызды жимайтын болдық.

Бүгінде шүкір имандылық ошақтары көп. Қалада да, далада да зәулім мешіттер салынып, сауат ашу курстары ашылып жатыр. Ата-аналар баласын имандылық жолында тәрбиелеймін десе, мүмкіндік көп. Оның енді екінші жағы да алаңдатады. Ата-ана баламды мешітке жақындатсам, басқа ағымға түсіп кетеді деп ойлайды. Бірақ Құран әріптерін үйренсе, имандылық әдебінен сабақ алса несі жаман?! Сол баланы ата-ана қадағалап отырса болды.

Кейбір әкелер мешітке баласымен бірге барса да болады. Мешіт әр адамның үркіп, қорқатын жері емес. Күн сайын болмаса да Айт мерекесінде, Наурыз мерекелерінде баланы имандылық үйіне апарып, сол жерде өтіп жатқан ұлағатты іс-шараны көрсету қажет деп ойлаймын.

 

Есет ДОСАЛЫ