Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар
Тәуелсіздік жылдарының еліміздің дін саласына да едәуір әсер еткенін білеміз. Азаттық жылдарында ел алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі – қоғамда мемлекеттік тұрақтылықты, ұлтаралық татулықты және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету міндеті тұрды. Осы мақсатта мемлекеттің саяси-идеологиялық негізі ретінде зайырлылық қағидаты таңдалып, әрбір азаматқа ар-ождан және діни сенім бостандығы кепілдендірілді. Бұл таңдаудың дұрыстығын бүгінгі әлеуметтік тұрақтылық, дін саласындағы үйлесімділік және халықаралық аренадағы Қазақстан бейнесі дәлелдеп отыр.
Зайырлылық – дін мен мемлекеттің бөлінуін білдіретін, мемлекеттің діни ұйымдардан тәуелсіздігін қамтамасыз ететін демократиялық принцип. Қазақстандағы зайырлылықтың ерекшелігі – оның толерантты, қоғамдық келісімге бағытталған, конфессиялар теңдігін қамтамасыз ететін сипатында. Еліміздің тәжірибесінде зайырлылық келесі бірнеше қағидаттарды қамтиды. Біріншісі, мемлекеттің діннен бөлінуі. Мемлекеттік билік діни институттарға тәуелді емес және діни негіздегі шешім қабылдамайды. Сәйкесінше, дін мен дiни бiрлестiктердiң қызметіне мемлекет араласпайды. Екіншісі, конфессиялардың теңдігі. Ешбір дінге артықшылық берілмейді, мемлекет барлық діни ұйымдарға бірдей құқықтық жағдай жасайды.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады. Үшіншісі, азаматтардың діни еркіндігі. Әр адам өз сенімін таңдауға, ауыстыруға немесе ешбір дінді ұстанбауға құқылы. Діни сенім бостандығы Қазақстан Конституциясымен және салалық заңдармен кепілдендірілген. Қазақстан Конституциясының 22-бабында: «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар», – деп нақты көрсетілген.
Бұл норма азаматтарға кез келген дінді ұстануға, діни көзқарасын жариялауға немесе жарияламауға, діни пікірін өзгертуге, діни сенімі үшін қысым көрмеуге толық құқық береді. Төртіншісі, діннің қоғамдық қатынастарды анықтайтын құралға айналуына жол бермеу. Бұл қоғамды радикализациядан, алауыздықтан және діни ықпалға негізделген саяси бөліністерден қорғайды. Заң бойынша діни бірлестіктер саяси партиялардың қызметіне қатыспайды, оларға қаржылық қолдау көрсетпейді, саяси қызметпен айналыспайды. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда діни ұйымдарды тіркеу, қызмет жүргізу тәртібі, діни білім беру, миссионерлік қызмет, діни әдебиетті тарату қағидалары нақты белгіленген. Бұл реттеу қоғамды деструктивті ағымдардан қорғау, заңсыз миссионерліктің алдын алу, діни қатынастарды жүйелі жолға қою мақсатында енгізілген.
Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына, Азаматтық және саяси құқықтар туралы актіге, ЕҚЫҰ құжаттарына сәйкес келетін нормаларды қабылдаған. Қазақстанда ондаған этнос, 18-ден астам конфессия өкілдері тұрады. Бұл алуан түрлілік діни келісімге деген жауапкершілікті арттырады. Елімізде түрлі конфессиялардың өзара сыйластықта өмір сүруіне мүмкіндік беретін бірегей модель қалыптасқан. Діни бірлестіктермен тұрақты диалог орнатылып, дін саласындағы сарапшылар мен мемлекеттік органдар бірлесе жұмыс істейді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі 2003 жылдан бері әр үш жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл съезд Қазақстанның халықаралық деңгейде дінаралық бейбітшілік бастамашысы екенін көрсетеді.
Зайырлылық пен діни сенім бостандығын нығайту бойынша мемлекеттік құрылымдар, соның ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті мен жергілікті дін істері басқармалары кешенді жұмыстар атқарады. Дегенмен, діни мәселеде қоғамды мазалайтын заманауи сын-қатерлер де жоқ емес. Соның ішінде радикалды идеялардың жасырын таралуы, әсіресе интернет желілер арқылы, діни сауаттылықтың төмендігі, жастар ортасындағы әлеуметтік жағдайға негізделген тәуекелдер. Осыған орай алдағы уақытта зайырлылық пен діни келісімді сақтауда тиісті бағыттар бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу маңызды болып қала береді. Қазақстандағы зайырлылық пен діни сенім бостандығы – елдің тұрақтылығы мен қоғамдық келісімінің іргетасы деуге толық негіз бар.
Зайырлы мемлекет азаматтардың дін таңдау құқығын қорғайды, ешбір дінді мемлекеттік деңгейде артықшылыққа бөлмейді, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, өркениетті диалогқа жағдай жасайды. Қазақстанның зайырлылық моделінің тиімділігі – елдегі конфессияаралық келісім, дінаралық бейбітшілік және халықаралық аренадағы беделі арқылы дәлелденіп келеді. Сондықтан зайырлы қағидаттарды сақтау мен діни сенім бостандығын қамтамасыз ету – ұлттық қауіпсіздікті, елдің тұрақты дамуын және азаматтық бірлікті нығайтудың басты факторы болып қала береді. Біздің облыста діни ахуал тұрақты.
Азаматтар мен азаматшалар діннің мемлекеттен бөлек екенін ұғынып, түсінеді. Діни бірлестіктердің баршасына бірдей мүмкіндік берілген. Дін істері комитетімен жүйелі түрде орнатылған берік байланыс өз жемісін беріп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы назардан тыс қалмайды.
Еркебұлан АҚБАЙ
облысы әкімдігі дін істері басқармасының бөлім басшысы.