Жалған сөздің жазасы ауыр
Еліміздің заңнамасына сәйкес, фейк ақпарат таратқандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазаланады. Десе де, көпшілік мұндай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік жүктелетінінен бейхабар секілді. Өйткені күн өткен сайын елді дүрліктіріп, қоғам тыныштығын бұзатындардың қатары көбеюде.
Мәселен, біраз уақыт бұрын сабаққа барғысы келмеген жасөспірім полицейлерге өзі оқитын мектепке «мина қойылды» деп жалған хабарлама бергенін ұмытпаған шығарсыз. Алайда құқық қорғау қызметкерлері мектеп ғимаратын тексеру барысында жарылғыш құрылғы табылмай, қауіп сейілді. Бірақ отпен ойнағысы келген оқушының кесірінен ұстаздар қауымы абырсабыр күй кешіп, өзге білім алушылардың да мазасы қашқаны бар.
Жалпы, елімізде жалған ақпарат таратқаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Атап өтерлігі, 2015 жылы жаңа Қылмыстық Кодекс қабылданғаннан кейін жалған ақпарат тарату қылмыс түрінде қарастырыла бастады. Алайда жалған ақпарат таратуға қатысты жауапкершілік тек мұнымен шектелмейді.
Нақтылай түссек, Қылмыстық Кодекстің бірнеше бабы бойынша жазаланады. Мәселен, 174-бап бойынша әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырғандар ісі қаралады. Жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырса екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Бұған дейін сауда орталықтарының біріне жарылғыш зат жасырылғаны туралы жалған ақпарат таратқан жас жігіт бас бостандығынан айырылған еді. 21 жасар азамат жалған ақпарат таратып, елді дүрліктіргені үшін үш жыл бас еркіндігінен айыру жазасына кесілді. Мас күйде болған ол ұялы телефоны арқылы Жедел басқару орталығына қоңырау шалып, сауда орталықтарының бірінде террористік акт дайындалып жатқаны жайлы жалған ақпарат берген. Сондай-ақ ол жарылғыш заттың нақты қай жерде жасырылғаны туралы ақпаратты айтпаған.
Аталған сотталушыға мамандар тарапынан психологиялық диагностика түріндегі әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілген екен. Қазір өзінің теріс әрекетін жан-жақты түсінген ол түзу жолға түсіп, жеке кәсіпкерлігін ашқан.
Егер айтқан сөзі мен жариялаған мақаласы жала немесе өтірік болса, оның ақыры өкініш болары анық. Одан кейін қанша бармақ тістесең де, ештеңені өзгерте алмайсың. Алайда бүгінгі күні ел-жұрттың үрейін ұшырып, «бәлен мекемеге жарылғыш зат қойылған» деп полицияға хабарласатын «телефон террористерінің» қарасы азаяр емес. Өкініштісі сол, жалған ақпарат таратушылардың басым көпшілігі әлі оң мен солын толықтай танып білмеген жасөспірімдер.
Естеріңізде болса, біраз уақыт бұрын Тараз қаласындағы мектептердің біріне «мина қойылған» деп жалған хабарлама берген оқушылар ұсталған еді. Облыс орталығындағы №51 білім ошағының электрондық мекен жайына келіп түскен хабарламада білім беру мекемесі ғимаратының жарылу қаупі бар екендігі және 10 миллион теңге көлемінде ақша төлеу жөнінде талап етілген. Тәртіп сақшыларының жедел әрекет етуінің нәтижесінде бұл ақпарат расталмай, жарылғыш құрылғы табылмаған.
Осы дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 273-бабы (терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Ал жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында өңірлік полиция департаментіне бағынысты экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының және Тараз қалалық полиция басқармасының экстремизмге қарсы ісқимыл бөлімінің қызметкерлері отпен ойнаған сегізінші сыныптың екі оқушысын анықтаған. Осылайша «мектепті жарып жібереміз» деп жалған ақпарат таратқан оқушылардың ата-аналары 17 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
Атап өтерлігі, мұндай әрекеттерді кәмелетке толмағандар жасаған жағдайда залалды өтеу олардың ата-аналарына жүктеледі. Осы орайда ата-аналар 14 жасқа толған баласының жауапкершіліктен қашып құтыла алмайтынын қаперінде ұстаса дейсің. Иә, қазіргідей ақпараттық дәуірде алыпқашпа әңгіме таратып, елдің есін шығаратындар аз емес. Қоғамды дүрліктіретін арам пиғылды адамдар бірде білім ошағына «террористер шабуыл» жасағанын айтса, енді бірде түзеу мекемесіндегі тұтқындардың «жаппай қашып кеткенін» айтып дабыл қағады.
Өкінішке қарай, отандастарымыздың кейбірі дәл осындай фейк ақпаратқа сенетін болды. Осылайша құқық қорғау органдары ел ішіндегі мұндай жөнсіздікке қатысты қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр болып отыр. Шын мәнінде, кез келген ресми мәлімет бұқаралық ақпарат құралдары арқылы елжұртқа таралатынын естен шығармауымыз қажет. Шүкір, құқық қорғау құрылымдарының тиімді жұмыс жүргізуінің арқасында ел іші жарылыстар мен атыс-шабыстан аман.
Алайда жалған хабарлама беріп, жұртты дүрліктіретін бұзақылардың әрекеттері тыйылар емес. Рас, соңғы 10 жылда осы санаттағы қылмыстардың едәуір азайғанын байқауға болады. Ішкі істер министрлігі экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі Алмас Талқанбаевтың айтуынша, жалған ақпарат таратқан 16 адамға қатысты сот үкімі шығарылып, оның ішінде 5-еуі бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Бұдан бөлек 8 азаматтың еркіндігіне шектеу қойылған.
Сондай-ақ ведомство өкілі өз сөзінде бүгінгі таңда құқық қорғау органдары мұндай қылмыстарға қарсы күресу үшін заманауи техникалық құралдармен толыққанды жабдықталғанын айтып өтті. Сөзінше, қоңырау шалған адам өз даусын өзгертіп сөйлесе де, сим-картасы мен телефонын ауыстырса да, қазіргі құрал-жабдықтар қылмыскерді анықтап ұстауға толық мүмкіндік береді. Оған бұзақылардың 90 пайыздан астамы бір тәуліктің ішінде «ізі суымай» табылып жатуы айқын дәлел. Бұрын таксофон арқылы қоңырау шалған адамды іздеп табу қиындық туғызатын болса, қазіргі ақпараттық технологиялармен жасалған кез келген әрекеттің ізін жасыру мүмкін емес.
Осы орайда сала мамандары «бәлен жерге бомба қойылды» деп жалған хабарлама беріп, бүкіл елді дүрліктіру әзіл де, ермек те, батырлық та емес, ол қылмыстық жауапкершілікке алып келетін жағымсыз әрекет екенін еске салып өтті.
Өкінішке қарай, жалған хабарлама жасайтын бұзақылар мұндай оқиғаның салдары қаншалықты ауыр болатынын әсте біле бермейді. Тіпті білген күннің өзінде оған салғырт қарайды. Мысалы, көпшілік орында тез арада сыртқа шығу туралы дабыл берілгенде адамдар қорқыныштан бір-бірін итеріп, таптап мертігіп қалуы ғажап емес. Олардың арасында жүкті әйелдер, мүгедектер, қарттар мен кішкентай балалар да болуы әбден мүмкін. Ал бұл жағдай олардың денсаулығына ғана емес, психологиясына да кері әсерін тигізері анық. Тәртіп сақшылары «мұндай қылмыстарды көбіне еріккен жастар мен жасөспірімдер және өз әрекетіне есеп бере алмайтын мас адамдар» жасайтынын алға тартады.
Бұған дейінгі жағдайларға көз жүгіртсек, белгілі бір мекеменің басшылығынан кек алу, мектептегі сабаққа қатыспау секілді себептермен тіпті жай ғана ерігіп отырып осындай қадамдарға барғандар көп. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер дені достарының алдында өзінің «батыр» екенін көрсету, тәуекелге бара алатынын, шешім қабылдай алатынын дәлелдеу немесе үй тапсырмасын орындамағандықтан сабаққа қатыспау үшін жалған қоңырау шалады екен. Ал террористік акт туралы көрінеу хабарлама тарататын ересектер көбіне алкогольді ішімдікке мас немесе психикасы бұзылған адамдар болып келеді. Олар мұндай қылмыстарды бұзақылық және пайдакүнем ниетпен істейді. Нақты деректерге сүйенсек, соңғы 5 жылда жалған хабарлама бергендердің 48-55 пайызы бұл әрекетті мас күйінде жасаған.
«Жалған террористің» әлеуметтік портретіне мұқият назар аударсаңыз, барлық қылмыстың 88 пайызын жұмыссыздар жасағанын анық аңғарасыз. Кейінгі 10 жылда жалпы саны 592 адам ұсталған болса, солардың 450-і яғни, 76 пайызы еш жерде тұрақты жұмыс істемейтіндер болып шыққан. Сондай-ақ олардың арасында 55 мектеп оқушысы да бар. Айта кетейік, бұрын террористік акт туралы жалған хабарламалар көбіне көшедегі таксофондар арқылы түсетін болса, қазір басым көпшілігі 85 пайызы ұялы телефон арқылы хабарланады.
Ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты интернет арқылы келіп түскен хабарламар да бар. Олардың үлес салмағы – 8 пайыз шамасында. Тағы бір назар аударарлық мәселе, көбіне мұндай қоңыраулар жарылғыш затпен байланысты болғанымен, арасында басқа да қауіпті жағдайлар жайында телефон шалатындар бар. Мысалы, полицияға хабарласқан белгісіз бір адам мектептердің бірінде террористердің жүргені туралы айтқан. Оқиға орнына дереу жеткен тәртіп сақшылары тексеру жүргізіп, хабарламаның жалған екенін анықтады. Кейін 8-сынып оқушысының «әзілдеп» қоңырау шалғаны анықталып, оның ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылған. Мұндай қылмыстардың ел ішінде қорқыныш пен үрей туғызатыны өз алдына одан бөлек мемлекеттік органдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысына кедергі келтіріп, орасан зор шығынға батыратыны белгілі. «Жарылғыш зат қойылды», – деп хабарланған ұйымның, әуежайлар мен сауда орындарының жұмыс кестесін бұзып, ұшақтардың ұшу уақытының кешігуіне немесе сауда-саттықтың тоқтауына түрткі болады.
Ал полицейлердің осындай жалған шақыртуға бір рет шығуының өзіне 200-300 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалады екен. Бұдан бөлек ірі сауда орталықтарының жұмысы тоқтаса, әр сағат сайын миллиондаған теңге шығынға бататыны тағы бар. Қылмыстық істерді тергеу барысында мемлекетке келтірілген материалдық залалдың өзі жыл сайын 500 мыңнан бастап 2 миллион теңгеге дейінгі соманы құрайды. Ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түскенде оның рас не жалған екенін бірден анықтау мүмкін емес. Мұндай «жарылғыш заттарды» қоюға қоғамдық дүмпу тудыру үшін адам көп жүретін қоғамдық орындар мен мекемелер әдейі таңдалады.
Мәселен, сауда орындары, университеттер, мектептер, базарлар мен мемлекеттік мекемелер. Сондықтан болуы ықтимал апаттың және адам шығынының алдын алу мақсатында құқық қорғау органдарына барынша жедел әрекет етуге тура келеді. Ең алдымен, тәртіп сақшылары адамдардың бәрін қауіпті аймақтан эвакуациялайды. Сосын ғимаратты бірнеше сағатқа жауып, арнайы мамандар хабарламаның рас-өтірігін анықтау үшін ғимараттың ішін түгелдей тексереді. Ол жерге полициядан бөлек ұлттық қауіпсіздік органдарының, өртке қарсы қызмет және медициналық жедел жәрдем күш-құралдары жұмылдырылады. Осылайша жарылғыш затты іздеу және оның салдарын болдырмау үшін кезек күттірмейтін шаралар қабылданады.
Айта кету керек, бүгінге дейін елімізде телефон арқылы түскен жалған хабарламалардың барлығы да расталған жоқ. Яғни, өтірік болып шықты. Алайда «құмыра да мың күнде сынбайды, бір күнде сынады» деген бар. Мамандар әрбір келіп түскен ақпаратқа селқос қарамай, жіті тексеруі керек. Өйткені оның артында, ең біріншіден, адам өмірі мен денсаулығы тұр. Біле білсек, сөз – қорғасыннан да ауыр. Мұны жете түсінген халқымыз: «Тау мен тасты жел бұзады, адамзатты сөз бұзады», – деп бекер айтпаған. Сондықтан әлеуметтік желідегі кез келген адамның айтқанына сене бермей, бір сәт ой елегінен өткізгеніміз жөн.
Шындығында, жалған ақпарат таратушылардың ниеті – ел ішінде дүрбелең туғызып, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіру әрі қоғам тыныштығын қасақана бұзу. Осы себепті елді елеңдетіп, жұртты әбігерге салған фейк ақпараттарға тосқауыл қою – баршамыздың міндетіміз. Бір сөзбен айтқанда, терроризм – елдің тыныштығын бұзу, қоғамды үрейге бөлеу мақсатында жасалатын қылмыстық әрекет. Ал террористік актілер туралы жалған хабарлама берудің әсері одан мүлдем кем емес.
Ендеше ел келешегі саналатын жастар мен жасөспірімдер осыны шын түйсініп, қоғамның дүрлігуіне жол бермегені жөн-ақ. Себебі жалған сөздің жазасы қашан да ауыр.
Есен ӨТЕУЛІ