Адал азамат - қоғам патриоты
Ішкі істер министрлігіне қарасты өңірдегі мамандандырылған күзет қызметі басқармасының жеке құрамы алдында «Адал азамат» ұғымы туралы дәріс оқылды. Жиынды аталған басқарманың бастығы, полиция полковнигі Жамалбек Пиртаев жүргізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал азамат» ұғымының мәнін және «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар екенін 2024 жылы 15 наурызда Атырауда өткен үшінші Ұлттық құрылтайдың отырысында айтқан болатын. Ал 2023 жылдың 17 маусымында Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбы талқыланды. Бұл жоғарыдағы қағидаттың заңды жалғасы.
Сонымен қатар жиын «Мемлекеттік органдарда темекі шегуге қарсы күрес» тақырыбындағы ақпараттықтүсіндіру семинарына жалғасты. «Адал азамат» идеясын ілгерілету шеңберінде бекітілген 2025-2027 жылдарға арналған жол картасының мақсатының бірі – мемлекеттік қызметшілерді патриотизм мен кәсібилік құндылықтарына сай саналы түрде қалыптастыру, олардың адамгершілік-әдептілік бейнесін нығайту. Іс-шараға қатысушылар темекі шегудің адам денсаулығына тигізетін зияны туралы жан-жақты ақпарат алды.
Семинар барысында темекі шегудің жүрек-қан тамырлары, тыныс алу және жүйке жүйесіне әсері сондай-ақ никотиндік тәуелділіктің психологиялық аспектілері жанжақты талқыланды. Жалпы, ісшараның ұстанымы – мемлекеттік қызметшілердің денсаулығын қорғау, салауатты өмір салтын насихаттау және «Адал азамат» идеясын ілгерілетуге сай келеді.
Ерман ӘБДИЕВ