Әдебиет

Қазіргі қазақ прозасы не айтқысы келеді?

Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыруда қызмет ететін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының оқытушылары өздерін қызықтырған тақырыптарда ғылыми зерттеулер жүргізіп, білімдерін ғылыми тұрғыда да шыңдайды. Осы орталық филиалы Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институтының аға оқытушысы, тренер Гүлхан Аманова қазақ әдебиетіндегі көркемдік шындықты зерттеп, осы пәннен сабақ беретін мұғалімдер үшін пайдалы еңбек жазған. «Қазіргі қазақ прозасындағы көркемдік шындық және әдеби кейіпкерлер байланысы» тақырыбындағы еңбегінде зерттеуші нені мақсат етті және нені дәлелдеді, бұл жөнінде оқытушының өзінен сұрадық.

Педагогика ғылымдарының магистрі Гүлхан Сабырханқызы көркем прозада әдеби кейіпкер мен көркем шындықтың арасындағы байланыс маңызды мәселелер қатарына жататынын айтты.

Зерттеушілік еңбегімен Халықаралық эксперт атанған Гүлхан Сабырханқызы қазіргі қазақ прозасының көркемдігі мен кейіпкерлерінің байланысын зерттеуде біраз деректерге қол жеткізген.

Халықаралық сарапшы өзінің зерттеу еңбегінде әдеби туындыдағы кейіпкердің белгісі оның әлеуметтану, психология, философия сияқты ғылым салаларының кейіпкерге беріп жүрген анықтамасынан айырмашылығын айқындайтынын ашып көрсеткен.

Оның айтуынша, классикалық мінез жасалу шарты реалистік мінезден мүлде бөлек.

Халықаралық сарапшы өз еңбегінде кеңестік жүйеден егемендікке өткен адамның ғасыр алмасуында «кіммін, бағытым қайсы, жағдайым нешік?» деген сұрақтарға қайта-қайта үңіліп, жауап іздей бастағаны ұлттық әдебиетте де көрініс тапқанына тоқталады.

Рас, әдеби туынды әр кезеңдегі қоғамның болмысын көркем түрде бере отырып, болашақ ұрпаққа тарихи дерек бола алады. Сондықтан әдебиеттің зерттелуі – келешекке құнды мұра.

 

Қамар ҚАРАСАЕВ