Бірқатар дәрілік заттардың бағалары 50-ден 300 пайызға дейін төмендеді
Үкімет отырысы барысында Премьер-министр Олжас Бектенов отандық фармацевтика саласына қаржы тартуды ынталандыру мақсатында инвестициялар туралы келісімдер жасалып жатқанын атап өтті.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндіру бойынша 9 инвестициялық жоба қолға алынды. Денсаулық сақтау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, үш ай ішінде барлық ұйымдастыру жұмыстарын аяқтап, инвесторлармен келісімдердің жасалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2026 жылға арналған препараттарды сатып алу жаңартылған жүйе бойынша жүргізіліп жатқанын айтты. Дәрі-дәрмектердің кең тізімінің құнын төмендету нәтижесінде айтарлықтай бюджеттік тиімділікке қол жеткізілген. Бірқатар жоғары шығынды дәрілік заттар бойынша бағалар 50 пайыздан 300 пайызға дейін төмендеді. Бұл, ең алдымен, онкологиялық препараттарға қатысты. Мысалы, Иматиниб дәрісі бойынша баға 9450 теңгеден 2348 теңгеге төмендеді, ал Бевацизумаб дәрісінің бағасы 360 мыңнан 77 мыңға дейін төмендеді.
Сонымен қатар дәрі-дәрмектер өзге де профильдер бойынша айтарлықтай арзандады. Осылайша, антибиотик Цефепим бойынша бюджетті үнемдеу 174 миллион теңгені (–40 пайыз), ал иммунобиологиялық препарат Экулизумаб бойынша – 424 миллион теңгені (–18 пайыз) құрады. Ең жоғары бюджеттік тиімділікті қамтамасыз ететін ТОП-10 препаратқа Бевацизумаб, Иматиниб, Сорафениб және Сунитиниб сияқты препараттар кірді. Сондай-ақ Инсулин деглудек, Метотрексат, Элтромбопаг, Будесонид және Йопромид бағасы айтарлықтай төмендеді. Өзгерістер бөлшек сауда нарығына да әсер етті. 4900 дәрі-дәрмектің бағасы қайта қаралды. Қазан-қараша айларында дәріханалардың мониторингі танымал препараттардың құны орта есеппен 12 пайызға төмендегенін көрсетті. Мысалы, «Цефапс» препараты 31 пайызға, «Зитмак» – 20 пайызға, ал «Ревмоксикам» – 32 пайызға арзандады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, негізгі отандық өндірушілер жаңа ережелерге бейімделіп, дәрідәрмектер желісінің бағасын төмендетіп үлгерген. Үнемделген қаражаттар ең алдымен алғаш рет анықталған пациенттердің қосымша қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жұмсалмақ. Жалпы алғанда, жаңа баға белгілеу моделі тұрақты және болжамды нарықты қалыптастырып, жеткізу қауіпсіздігін нығайтады және сыртқы баға ауытқуларына тәуелділікті төмендетеді. Министрлік қол жеткізілген нәтижелерді бекіту бағытында жұмысты жалғастырады.
Aq jol-Aqparat