Қылқалам ғұмыр
1938 жылы 12 қарашада Тараз қаласының іргесіндегі Жамбыл ауданының Бесжылдық, бүгінде өзінің есімімен аталатын ауылда дүние есігін ашқан Шәкен Оңласынұлының өмір жолы оңай өрілген жоқ. Он жасында әкесі мен анасы өмірден озып, тұл жетім қалған жас бала тағдыр тауқыметіне мойынсұнбай, мектепте оқуға аса зерек, сурет өнеріне ықыласы тым ерекше болды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков туралы бір үзік сыр
Жамбыл қаласындағы Ленин атындағы орта мектепті үздік бітірген Шәкен Ниязбеков Ленинград қаласындағы В.И. Мухин атындағы жоғары көркемөнеркәсіптік училищесіне түседі. Қазақ жігітінің таланты студенттік жылдарында «Эрмитаж», «Исаак соборы» мен «Петродворецті» жаңғырту жұмыстарына қатысқанда жарқырай көрінді.
Шәкен Оңласынұлы туралы журналистиканың әртүрлі жанрында жазылған дүниелерге көз жүгіртсең, ол өзінің бірінші әрі басты ұстазы Әбілхан Қастеев екенін әркез еске алатынын аңғарасың. Қазақтың атақты суретшісін ұстаз санап, рухын әспеттеп келгені атабабадан жалғасып келе жатқан тектілік қасиет әрі шәкірттің ұстаз алдындағы парызы деп қабылдаған жөн болар. Мемлекеттік Тудың авторы өзінің саналы ғұмырының отыз жылында түрлі конкурстарға қатысып, талай рет олжа салған.
«Пультті» ойлап тауып, тарих бетіне өнертапқыштығымен де жазылып қалды. 1960 жылдары Ленинград сурет академиясында оқып жүргенде осы өнертабысымен кезінде «Революция бесігі» атанған әйгілі қаланың ғана емес, бүкіл Кеңес одағының небір мықтыларының таңдайын қақтырды. 1961 жылы «Глобус» теледидарының дизайны үшін Чехословакияда алтын меда льды иеленс е, 1964 жылы Ленинградта өткен «Бейбітшілікті қолдаймыз» атты плакаттар конкурсында бірінші орын алды. Сол жылы Чехословакиядағы өнертапқыштардың халықаралық байқауында тағы да топ жарып, бас жүлдені қанжығасына байлады.
Қайбір жылы оның осы аса құнды жәдігері Ленинградтағы көрмеден «қолды болды». Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері көп ұзамай ұрлықты ашады. Ұры Жапонияның жансызы болып шықты. Қылмыс үшін Жапония Шәкен Ниязбековке 20 мың сом өтемақы төледі.
Тәуелсіздіктің алтын бесігі Алматыдағы азаттықты айқындап тұратын Республика алаңының архитектуралық ерекшелігі, безендіруі кімді болса да өзіне ынтықтырып, тартып тұрады. Осы бір ерекше орынды безендіруде Шәкен Оңласынұлы конкурста бірінші орын алғаны да бүгінде тарихқа айналған. «Құрманғазы», «Көбік шашқан», «Исатай Тайманов», «Абай», «Шоқан Уәлиханов», «Мұхтар Әуезов», «Сырым Датұлы», «Жамбыл», «Қазақстаннан келген солдат», «Ана» атты жұмыстары суретшінің жеке көрмелеріндегі каталогтардан орын алған. Мемлекеттік Ту авторының қолынан шыққан дүниелер қатарында Бауыржан Момышұлы зиратының басына қойылған құлпытас пен Алматы қаласының елтаңбасы да бар. Шәкен Ниязбеков 1992 жылы Қазақстан, ТМД, Түркия, Германия, Моңғолия мемлекеттерінен 1200 суретші қатысқан конкурста да олжа салғанын еске алып өткеніміз жөн болар.
Шәкеңнің еңбектеріне тағы да тоқталып өтсек, 1979 жылы А.Симонов пен В.Кузминмен бірге Тараз қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы кинотеатрдың дизайнын, 1985 жылы Волоколом бағытында «генералмайор И.Панфилов пен қолбасшы Б.Момышұлы» ескерткішін, «Жамбыл», «Ана болу бақыт», «Шоқан Уәлиханов» көркем кенептер, тағы басқа жұмыстары бар. Шәкен Ниязбеков туралы облыстық және республикалық басылымдар аз жазған жоқ. Мәселен, еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің 2011 жылғы 25 қарашадағы нөмірінде газет тілшісі Айнаш Есалиға берген сұхбатына Шәкең тілшінің «Шәкен Оңласынұлы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы қалай өмірге келді?» деген сұрағына былай жауап берген.
«Тәуелсіз еліміздің Туын жасауға қылқалам шеберлері, яғни суретші дизайнерлер арасында байқау жарияланғаны жөнінде Жоғарғы Кеңестен Ербол Шәймерденов деген азамат хабарлаған болатын. Ұтамын деген ой болған жоқ. Конкурсқа қатысуға бел будым. Шын пейіліммен, ниетіммен дүниежүзіндегі барлық тулардың фотоларын жинап алып, зерттеуге кірістім. Сөйтіп, қазіргі туды жасауға отырдым...».
Сұхбатта Шәкен Ниязбеков Мемлекеттік Туды таңдауға арналған конкурс екі айға созылғанына, мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия мүшелерінің пікірлеріне тоқталған.
Осы тұста 2014 жылы 16 тамызда өмірден өткен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының авторы, монументші-суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Шәкен Ниязбековті ел есінде қалдыру жолында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын да оқырмандардың есіне сала кетесек деймін. Бірінші, біздің ұсынысымызды қолдап келген облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке ризашылығымды білдірсем деймін.
Бүгінде Тараз қаласындағы Фресно көшесі Шәкен Ниязбеков аталады. Шәкен Оңласынұлының 85 жылдық мерейтойына орай ескерткіш-бюсті ашылды. Қала орталығындағы №40 мектеп-гимназия аумағында орнатылған ескерткіш-бюстің құрылысына халықаралық деңгейде конкурс жарияланып, оған бірнеше мүсіншінің авторлық нұсқалары ұсынылды. Атап айтсақ, Қырғызстанның танымал мүсіншісі Тамила Маматова, Шерхан Мұртаза мен Шәмші Қалдаяқовтың е скерткіштерін жас аған Тимур Ермухаметов, Айдос Бүркітбаев және Астана, Шымкент, Тараз қалаларынан мүсіншілердің авторлық мүсіндері бар. Комиссия мүшелері ретінде сахна шебері Асқарбек Сейілхан, жазушыжурналист Көсемәлі Сәттібайұлы және зиялы қауым өкілдері, облысқа танымал тұлғалар мен Шәкен Ниязбековтің жақындары қатысты. Ал конкурс бойынша жеңімпаз Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметовтің нұсқасы бірауыздан мақұлданып, «Көне Тараз» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен және негізгі демеуші Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері, КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, екі дүркін Еуропа чемпионатының жеңімпазы Серік Қонақбаев, Мемлекеттік Ту авторының жақын туыстары тарапынан мүсіннің келбеті қолдау тапты. Қоладан құйылған ескерткіш-бюстің биіктігі 80 сантиметрді құрайды. Мүсіні мыстан, ал тұғыртасы бүтін қара граниттен жасалған.
Тараз қаласында біздің қордың қолдауымен Шәкен Ниязбековтің туған күніне орай, суретшілер арасында «Егемендіктің ұлық нышаны» атты көрме-байқау өтті. Көрмеге майлы бояуда кескіндеме жанрында жетпістен аса бейнелеу өнер туындысы қойылды. Шығармашылық байқауға жас ерекшеліктеріне қарай жасөспірімдер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Байқаудың мақсаты қазақтың әйгілі суретшісі, Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбековтің шығармашылығын насихаттау. Сонымен қатар сурет өнері арқылы елдік символиканы дәріптеу мен жас суретшілердің шығармашылығын қолдау, жаңа буын бойында патриоттық рух қалыптастыру еді.
Жарысқа көркемөнер балалар мектебінің директоры Г. Салыбекова, Қазақстан Республикасы суретшілер одағының мүшесі Р. Сапаралиева және «ArtVikaso» өнер студиясының директоры В.Кузьмина сынды білікті мамандар төрағалық етті.
Байқау нәтижесі бойынша жеңімпаздар анықталып, бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды. Даңқты суретшінің 85 жылдығына арналған «Шәкен Ниязбеков: қылқалам ғұмыр» атты ғылыми тәжірибелік конференция да жамбылдықтардың есінде. Астанадан арнайы келген Мемлекеттік Елтаңбаның авторы, бірінші дәрежелі «Барыс», «Құрмет» ордендерінің иегері, Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, сәулетші Жандарбек Мәлібекұлы Шәкен Ниязбеков туралы, байқауға бірге қатысқандары, қалай жеңіске жеткендері туралы боямасыз әңгімелеп бергені де естен шыққан жоқ.
Облысымызда Шәкен Оңласынұлын ел есінде қалдыру жолында атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес екені конференцияда кеңінен сөз болды. Айтулы азаматтың есімі туған ауылына берілді, халықаралық жол бойынан Шәкен Ниязбеков ауылына бұрылар тұсқа биік Ту тұғыры орнатылып, аллея мен үлкен қақпа ашылды. Аса ауылы мен Тараз қаласында көшеге есімі берілсе, енді Тараз қаласындағы үлгілі мектеп Ту авторының атымен аталмақ.
Белгілі меценаттар Серік Қонақбаев пен осы жолдардың авторы бастаған жерлестерінің демеушілігімен, облыс әкімдігінің қолдауымен мектептің алдында Шәкен Ниязбековтің бюстескерткіші ашылды. Биылғы 17 қазанда «Көне Тараз» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында 2012-2014 жылғы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында асық ату және бесасықтан Шәкен Ниязбековті еске алуға арналған облыс чемпионаты өтті.
Біріншілік жеңімпаздары мен жүлдегерлері облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының дипломы мен медальдарымен марапатталды. «Көне Тараз» қоғамдық қорының қолдауымен бокстан жасөспірімдер арасындағы облыс чемпионаты да өтті.
Мұратбек АЗИМОВ
«Көне Тараз» қоғамдық қорының төрағасы.