Енді шақыртуға барған әр дәрігерде видео, аудио тіркегіш болады
Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы Білім мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңестің кезекті отырысында өңір медицинасын дамытуға қатысты маңызды мәселелер қаралды. Сондайақ, кеңесте денсаулық сақтау нысандарындағы күрделі жөндеу, цифрландыру үдерісін жеделдету, жасанды интеллектіні енгізу, аудандарда телемедицина арқылы онлайн-консультациялар санын арттыру мәселелері талқыланды.
Жиынды кеңес төрағасы Махметғали Сарыбеков ашып, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбектің аудан бойынша мәліметтер берді. Оның айтуынша, ауданда 12 медициналық нысанды жөндеу көзделген, соның ішінде 8 нысанның жұмыстары аяқталған. Алайда, 20 жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген аудандық орталық аурухана жоспарда жоқ болып шықты. Оның себебі бұл нысанның аумақтық іс-шаралар тізіміне енбеуіне байланысты. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаевтың баяндамасы тыңдалды. Кеңес мүшелері интернет сапасының төмендігі, цифрлық инфрақұрылым мен бейнебақылау жүйелерінің жеткіліксіздігі секілді мәселелерге назар аударып, нақты ұсыныстарын білдірді.
Сондай-ақ, жиында сөз алған партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Уалихан Болатбек өңір үшін аса өзекті мәселелердің бірі – жасөспірімдер арасындағы суицидтік әрекеттердің және құқық бұзушылықтардың көбеюі екендігін алға тартты.
Ерман ӘБДИЕВ