Үнемдеу – ресурстарды сақтап, экономиканы ілгерілетеді
Су тіршілік көзі болғаны секілді бүгінде электр энергиясы, көгілдір отын да күнделікті тұрмыстың бөлінбес бір бөлшегіне айналды. Себебі, қазір көптеген жұмыстар электр қуатының, газдың көмегімен іске асады. Сондықтан бүгінде энергия тиімділігін ұстану аса маңызды болып отыр.
Энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалану, үнемдеп ұқсату экономиканы да ілгерілетеді. Күнделікті тұтынатын энергияны тиімді үнемдеуді жүзеге асыру жеке отбасылық шығынды да азайтады әрі болашаққа қалдырар қазынаны да арттырады. Біз электр қуатын үнемдеудің қаншалықты маңызды екендігі туралы үнемі естиміз. Энергетикалық проблема экологияға да қатты әсер ететіні жасырын емес, ол атмосфераға, гидросфераға және литосфераға да зиянды әсер етеді. Көптің көкейінде «Энергияны үнемдеу экологияға қалай көмектеседі?» деген сұрақтың тууы заңды. Мұның бірнеше себептері бар. Мәселен, ресурстарды сақтау, электр энергиясы әртүрлі көздерден, соның ішінде қазба отындарынан, яғни көмір, мұнай және газдан өндіріледі.
Бұл ресурстар шектеулі ғана емес, сонымен қатар оларды жағу кезінде қоршаған ортаға зиянды. Электр қуатын үнемдеу арқылы біз энергияны тұтынуды және осы ресурстарды пайдалануды азайтамыз, бұл қоршаған ортаға теріс әсердің төмендеуіне жеткізеді. Энергияны үнемдеу мен экологияға көмектесудің тағы бір себебі – парниктік газдар шығарындыларын азайту. Яғни, электр энергиясын өндіру көбінесе жаһандық жылынудың негізгі себебі болып саналатын көмірқышқыл газы (CO2) сияқты парниктік газдар шығарындыларымен бірге жүреді.
Біз электр қуатын неғұрлым көп пайдалансақ, соғұрлым оны өндіру қажет болады. Бұл парниктік газдар шығарындыларының көбеюіне әкеледі. Электр қуатын үнемдеу арқылы бұл сұранысты азайтамыз және климаттың өзгеруімен күресуге көмектесу арқылы шығарындыларды төмендетуге көмектесеміз. Сонымен қатар электр қуатын тиімді жолмен аз мөлшерде қолдану энергияны үнемдейтін технологияларды дамытуға және пайдалануға мүмкіндік береді. Компаниялар мен өндірушілер заманауи экологиялық таза шешімдерді жасау үшін үнемі жұмыс істеп келеді.
Нәтижесінде компаниялар жалпы энергия тұтынудың төмендеуіне және энергия тиімділігінің жақсаруына әкелетін технологияларды енгізеді. Яғни энергия үнемдеу жүйесі бар ақылды үйлер қолданысқа келеді. Үнемшілдіктің экологияны жақсартуға жеткізетін тағы бір жолы – әлеуметтік жауапкершілік. Энергияны үнемдей отырып, біз қоршаған ортаға теріс әсерді азайтамыз. Анығырақ айтқанда, өмір сүру сапасын арттырамыз және адамзат үшін салауатты, тұрақты болашақты қамтамасыз етеміз. Электр қуатын үнемдеу бұл – қуатты үнемдейтін шамдар мен құрылғыларды пайдалану, пайдаланылмаған кезде электрониканы өшіру, бөлмеден шыққан кезде шамдарды өшіру және осы секілді басқа да әрекеттер.
Ең бастысы – өзіңнен баста, сонда ғана әлем көркейеді. Енді осындай энергияны үнемдеудің жеке отбасылық бюджетке келтірер пайдасына тоқталсақ, коммуналдық қызметтерге төленетін ақының азаятынымен түсіндіре аламыз. Мұны нақтырақ жеткізу үшін Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаментінің атқарып отырған жұмыстарына тоқталған жөн.
Бекітілген инвестициялық бағдарламаның және тарифтік сметаның орындалуын талдау қорытындысы бойынша қайта қаржыландыру құнын ескере отырып, өткен жылы 3 табиғи монополия субъектісінің негізсіз табыс сомасы 349989,75 мың теңгені құрапты. Оның 185787,52 мың теңгесі «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, 160557,44 мың теңге «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынына, 3644,79 мың теңге «Көптас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Сондай-ақ «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыруға байланысты 2 субъектінің инвестициялық бағдарламасына ЖАО бірлесіп өзгерістер енгізілген.
Бүгінгі күнге департамент атқарып отырған ең маңызды жұмыстың бірі – тұтынушылардың назарына табиғи монополиялар субъектілерінің жасап жатқан жұмыстарының, инвестициялық бағдарламада қарастырылған іс-шаралардың орындалуын, сол жұмыстардың нәтижесін жеткізу. Департамент қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатымен биылғы жылдың басынан бастап депутаттардың, Amanat партиясының, жергілікті атқарушы органдардың, кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің және тұтынушылардың қатысуымен 82 іс-шара ұйымдастырылған. Оның ішінде 10-ы тұтынушылардың қоғамдық қабылдауы болса, 10-ы азаматтарды қабылдау орталығында тұрғындарды жеке қабылдау, үшеуі баспасөз туры, 20-сы жария тыңдау, 16-сы семинар, үшеуі дөңгелек үстел, тағы үшеуі брифинг. Сол секілді тарифтік саясат жөніндегі кеңес жанындағы табиғи монополиялар саласындағы тариф белгілеу мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның 17 отырысы өткізілген.
Сондай-ақ тұтынушыларды атқарылып жатқан жұмыс және қабылданған шешімдер бойынша хабардар ету мақсатында департамент қызметкерлерімен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұмыс жүргізілді. Барлығы 345 материал жарияланып, сұбхаттар берілді. Оның ішінде 22- сі газеттерде, 130-ы комитеттің сайтында шықса, алтауы «Jambyl» облыстық телеарнасында және радиода 15 сұхбат, Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде 172 материал жарияланған. Жыл басынан бері департаментке 1099 құжат келіп түссе, оның 1059-ы шығыс құжат, барлығы белгіленген мерзімде орындалыпты. Сонымен қатар, 2025 жылдың 9 айында департаментке 166 жеке және заңды тұлғалардың өтініштері келіп түскен, жеке тұлғалардан 124, заңды тұлғалардан 42 өтініш түссе, оның ішінде 118-і өтініш, біреуі шағым. Барлық өтініштер тиісті мерзімде қаралған, мерзімі өтіп кеткен немесе орындалу мерзімдері сақталмаған немесе қайта түскендері болмапты.
Департамент жоғарыда көрсетілген жұмыстармен қоса, әрі қарай табиғи монополия субъектілерінің және тұтынушылардың мүдделерін ескере отырып, тарифтік саясатты жүзеге асыра бермек. Әйткенмен, әр азамат энергия ресурстарын пайдалануда өзіндік жауапкершілігін сезініп, үнемдей білсе, болашақ үшін де қамқорлық жасағаны болар еді. Энергия тиімділігін ұстана отырып, біз бүгінімізді пайдалы, келешегімізді жарқын ете алатынымызды ұмытпайық.
Қамар ҚАРАСАЕВА