Бақыт мекенінде бақ сынады
Облыстық «Анаға тағзым» отбасылық даму әлеуметтік орталығында «Сен жалғыз емессің!» мейірімділік жолы акциясы аясында отбасылық құндылықтарды нығайтуға, ұлттық тәрбиені дәріптеуге және ата-ана мен бала арасындағы байланыс мәдениетін арттыруға бағытталған «Отбасы – бақыт мекені» атты квест-танымдық байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – отбасы институтының қоғамдағы орнын күшейту, ата-аналардың құқықтық және тәрбиелік сауаттылығын арттыру, отбасындағы өзара сыйластық пен жауапкершіліктің маңызын насихаттау. Ойын басталмас бұрын қатысушылар үшін жеңіл кофе-брейк ұйымдастырылып, еркін әңгімелесуге жағдай жасалды. Ал кофе-брейктен соң айтыскер ақын Ұлбике Жанкелдіқызының 200 жылдығына арналған «Таңдайында өлеңнің ұясы бар…» атты жаңа жинақтың таныстырылымы өтті. Бұл квест-танымдық байқау «Анаға тағзым» орталығының курс жетекшілері мен курсқа қатысушылары арасында командалық форматта ұйымдастырылып, қатысушылар бес топқа бөлініп, төрт кезең бойынша өзара сайысты.
Бірінші «Командалардың таныстыруы» деп аталатын кезеңде 5 команда «Алтын сандықтағы» конверттерді таңдап, өз топтарының атауын алды және атауға сай ұран құрастырып, ұрандарын хормен айтты. «Ойлан, ізде, тап!» кезеңінде командалар кезекпен заңға, отбасы құқығына және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты сұрақтары бар конверттерді таңдап, белгіленген уақыт ішінде жауап берді.
Бұл бөлім заңнамалық сауаттылықты арттыруға және топтардың логикалық ойлау қабілетін бағалауға бағытталды. Сондай-ақ «Менің отбасымның ережесі» кезеңінде командаларға күн бейнеленген үлкен плакат ұсынылып, олар отбасының маңызды ережелерін жазып, күннің шуағын толықтырды. Бұл бөлім отбасы құндылықтарын шығармашылық жолмен жеткізуге мүмкіндік берді. Ал «Ұлттық тәрбие» идеологиялық платформасы кезеңінде қатысушылар бір минут ішінде отбасы, тәрбие, ата-ана, бала тәрбиесі туралы мақал-мәтелдерді айтып жарысты.
Байқау қорытындысында қазылар алқасы барлық кезеңнің ұпайларын жинақтап, жеңімпаз командаларды анықтады. Нәтижесінде, үздік шыққан топтарға I, II, III орындар бойынша диплом мен қаржылай сыйлықтар, ал байқауға қатысқан қатысушыларға Алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Мақпал СҮЙІНБАЙ