Аймақ

Ата-анасы бастаған кәсіпті баласы жалғастыруда

Ауыл шаруашылығының өркендеуі – тұрғындардың жағдайының жақсаруы. Мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар арқылы асыраушы салаға қолдау көрсетілуі де бекер емес. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» жобасының да істің көзін табамын дегендерге қолдауы көп болды.

Қаратау қаласында «Ауыл аманаты» жобасы аясында табысты кәсіпкерлік бастама жүзеге асуда. Жергілікті тұрғын Мақсат Абдалиев Тараз әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2,5 пайыз жеңілдікпен 3 миллион теңге несие алып, жалпы 90 шаршы метр аумақта жылыжай салып, қияр өндірісін жолға қойған. Жылыжай заманауи тамшылатып суғару жүйесімен жабдықталған. Мақсат Серікұлы жобаны жұбайы Арайлым Бақытқызымен бірге дамытып келеді.

Биыл алғашқы өнімдерін жинап, сатуға да қол жеткізді. Қаратау қаласында осындай ілкімді істердің артуы өңірдің экономикалық дамуына айқын үлес қосады. Әкімшілік тарапынан да кәсіп иелерін қолдап, олардың жаңа бастамаларына жанжақты қолдау көрсету ойластырылуда. Жылыжай жұмысы жеңіл емес. Ол да істің көзін тапқан адамға пайдасын береді. Мақсат Серікұлының мұндай қадамға тәуекел етуі кездейсоқ нәрсе емес. Оның анасы Ұлмекен де бау-бақша, көкөніс өсірумен айналысқан екен. Ұлмекен апа өмірден озып кетсе де, перзенттері сауапты ісін жалғастырып жатқан жағдайы бар. Әкесі Серік Абдалиев те көлік жүргізуші болып үнемі ауыр жұмыстан қашпаған. Сондай еңбекқор қасиет Мақсаттың да бойынан табылып отыр. Алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, қосымша 4-5 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

 

  Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы