«Ауыл аманаты» жобасының арқасында мал басы көбейді
Аграрлық аймақ саналатын біздің өңірдің аталған саладағы нәтижелі жұмыстары аз емес. Бірқатар өнім түрлерін өндіруден республикада көш басында келеді. 2025 жылы салаға 29,2 миллиард теңге қаржы қарастырылып, бүгінгі күні оның 29,1 миллиард теңгесі (99,9 пайыз) игерілген. Облыстағы 5 мыңнан астам шаруаға субсидия ретінде төленіп, қолдау көрсетілді. Аталған саланың жетістіктері мен нәтижелері туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлебек Құлекеев жан-жақты айтып өтті. Байқасақ, жетістіктер де аз емес екен. Төлебек Болатұлы бұқаралық ақпарат құралдары алдында баяндап берген саланың жетістіктері мен мәселелерін біз де саралап көрдік.
Асыраушы салада айтарлықтай нәтижелер бар. Жыл басынан бері салада 458,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 3,1 пайыз өсім көрсетті. Бұл жетістік республика бойынша 6-орынға шығуымызға мүмкіндік беріпті. Егін шаруашылығында 292,0 миллиард теңгенің өнімі өндірілс е, нақты индекс көрсеткіші – 104 пайыз. Мал шаруашылығы саласында да ілгерілеу бар. Төрт түліктен түскен табыс 165,1 миллиард теңгеге жетіп, нақты индекс көлемі 101 пайызды құрады. Сол сияқты негізгі капиталға 35,3 миллиард теңге инвестиция тартылды. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталы 12,6 миллиард теңгені құраса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталы 22,7 миллиард теңгеге жеткен.
2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 640 мың гектарға отырғызылып, 13,2 мың гектарға артқандығы көңіл қуантады. Атап айтар болсақ, дәнді және дәндібұршақты дақылдар – 362,0 мың, мал азығы дақылдары – 181,3 мың, майлы дақылдар – 38,0 мың, көкөніс – 31,1 мың, бақша дақылдары 12,7 мың гектарға егілсе, картоп – 8,2 мың гектарға, қант қызылшасы 6,6 мың гектарға орналастырылған.
Биылғы жылы көктем айларында күннің күрт жылынуы мен жауыншашынның аз түсуі салдарынан, дәнді дақылдардың өнбей қалуы мен өнімділіктің төмен болуы сынды фактілер орын алған. Ауыл шаруашылығына жауапты басқарманың басшысы бұл тұрғыда да айтып, болған жағдайды жасырмады. Нәтижесінде 343,5 мың гектар масақты дәнді дақылдар егін орағына түсіп, әр гектардан алынған орташа өнім 9,0 центнерді құрады және 283,0 мың тонна астық бастырылған. Сонымен 147,0 мың гектар бидайдан – 145,2 мың тонна, 169 мың гектар арпадан 137,8 мың тонна өнім жиналыпты.
Алайда Үкіметтің ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есеге ұлғайту тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында мал азығы дақылдары – 3,6 мың, майлы дақылдар – 5 мың, көкөніс дақылдары – 4,7 мың, бақша дақылдары – 7,3 мың, картоп 1,5 мың гектарға артығымен орналастырылды. Жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарынан 3,3 милион тонна өнім алынды. Қазіргі уақытта жиналған өнімдердің 451,6 мың тоннасы қоймаларға сақтауға қойылған. Оның ішінде 436,9 мың тонна пияз, 1,8 мың тонна картоп, 540 тонна сәбіз, 12,1 мың тонна басқа да өнім түрлері бар. Осы өнім түрлерінің бағасы тұрақты болып, қарапайым халыққа қолжетімді болса жақсылықтың үлкені сол болар еді.
Бұдан бөлек, 888,7 мың тонна егін шаруашылығының өнімдері (Ресей, Қырғызстан, Пәкістан, Өзбекстан, Әзербайжан) шетелге экспортталды. Оның ішінде 410 мың тонна пияз бар. Бұл республика бойынша бірінші орынға шыққанымыздың дәлелі.
Биылғы жылы 498,4 мың гектар алқапқа 99,7 мың тонна минералды тыңайтқыштар (39,0 мың тонна аммиакты селитра, 21,0 мың тонна аммофос, 39,7 мың тонна басқа да тыңайтқыш) ендіру жоспарланса, есепті кезеңде 487,7 мың гектар алқапқа 97,5 мың тонна минералды тыңайтқыш ендірілген. Яғни 91,7 пайызды құрайды. 2025 жылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін Үкімет тарапынан 24,3 мың тонна дизель отыны бөлінгені белгілі. Яғни көктемгі дала жұмыстарына – 20 мың тонна, күзгі дала жұмыстарына 4,3 мың тонна көлемінде қарастырылған. Дизель отынын тарату үшін 8 өңірлік таратушы операторлар айқындалып, тарату бағасы 1 литр үшін 254 теңгені құрады. Бөлінген жанар-жағармай шаруаларға толық таратылғаны айтылды. Сонымен қатар көктемгі және күзгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары аясында облысқа 7 миллиард теңге қаржы қарастырылған болатын.
Бүгінгі күні 211 шаруадан 5 миллиард теңгеге өтінім түсіп, 209 шаруаға 4,9 миллиард теңге қаражат 5 пайыздық несиемен берілді. Қалған 2 миллиард теңгеге осы қараша айынан бастап 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға өтінімдер қабылдана бастағаны жұмыстың сапалы атқарылуына осы бастан жасалған қам. Үстіміздегі жылы 762 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы 348 өздігінен жүретін, 414 аспалы және тіркеме сатып алынды. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 5,6 пайызды құрап отыр.
Жалпы 2025 жылғы жоспар – 6 пайыз. Бұйырса жыл аяғына дейін меженің орындалу мүмкіндігі жоғары. Облыста ағын суды үнемдеу және өнім көлемін арттыру мақсатында су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап биылғы жылы 11,0 мың гектарға артып, 66,5 мың гектарды құрады. Оның 40,4 мың гектары тамшылатып, 23,5 мың гектары жаңбырлатып суару және 2,5 мың гектары лазерлік жоспарлаушы технологиялар. Қант қызылшасына келсек, бүгінгі күні 4,2 мың гектар алқап жиналып, 204,7 мың тонна өнім алынса, оның 186,6 мың тоннасы зауытқа өткізілді.
Зауыт алдында кептеліс тудырмау мақсатында әр ауданға шекті лимит беріліп, арнайы талондар арқылы қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы 6,6 мың гектар қант қызылшасынан 250 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Қант қызылшасын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 6,9 миллиард теңге бөлініп, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен 5,3 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру күтілуде. Аймақта ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 52 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі.
Бүгінгі күні өңірдегі жалпы мал саны 3,7 миллион басты құраса, оның ішінде мүйізді ірі қара саны – 441,1 мың, қой саны – 3,1 миллион, жылқы саны – 179,7 мың, түйе саны – 8,3 мың, құс саны 1,8 миллион басты құраған. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде салада өндірілген ет өнімдері – 2,7 пайызға, сүт өнімдері 1,6 пайызға ұлғайды. Ет өндірісі – 96 056,4 тоннаны, сүт өндірісі 196 747,1 тоннаны құраған. Жыл басынан бері 4 629,9 тонна ет және 539,8 тонна шұжық өнімдері Қырғызстан, Катар, Кувейт, БАӘ, Ресей, Сауд Арабиясы, Иран, Германия сияқты шет мемлекеттерге экспортталған. Сонымен қатар 675,1 тонна сиыр еті, 1419,6 тонна қой еті, 0,4 тонна жылқы еті, 1721,5 тонна құс еті, 813,1 тонна малдың ішкі өнімдері өзге елдердің нарығына жол тартқан.
Облыста ет өндірісін дамыту мақсатында сыйымдылығы 1000 бастан жоғары 9 мал бордақылау алаңдары жұмыс атқаруда. Сондай-ақ 50 бастан 400 басқа дейінгі қуаттылығы 15 мың тоннаны құрайтын 43 шаруа қожалығы және 400 бастан жоғары қуаттылығы 4 мың тоннаны құрайтын 2 агроқұрылым сүт өндірумен айналысуда.
2025-2026 жылғы мал қыстатуға 450,1 мың мүйізді ірі қара, 3,2 миллион қой-ешкі, 183,6 мың жылқы, 8,3 мың түйе түскен. Жем-шөп теңгеріміне сәйкес ағымдағы жылы қыстауға түсетін мал санына қарай 2,2 миллион тонна пішен, 480,3 мың тонна сабан, 119,9 мың тонна пішендеме, 92,1 мың тонна сүрлем дайындалды. Бұдан бөлек, қыстау орындарында өткен жылдан қалған 206,3 мың тонна шөп қоры бар.
Жалпы аудандарда 5862 мал қыстату орындары бар, оның 1020 шалғайдағы жайылымдарда, яғни құм зонасында орналасқан. Қыстаулардағы малшыларға арналған 5 564 тұрғын үй, 2 184 қашар, 936 баз толық жөндеуден өтіп, қыс мезгіліне алдын ала дайындалыпты. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2019-2023 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен 42,2 миллиард теңге бөлініп, ол қаржыға 62 ауылдық округтегі 8028 жоба несиелендірілген.
2024 жылы кері қайтарылған қаражат есебінен 6,2 миллиард теңгеге 875 жоба қаржыландырылғаны да – дамуға бастайтын жол. 2025 жылы жоба аясында 3,2 миллиард теңгеге 437 жоба қаржыландырылған. Өңірдің экономика лық дамуына елеулі үлес қосып, жергілікті халықтың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік беретін – ол инвестициялық жобалар. Сондықтан облыстың агросаласында 2027 жылға дейін құны 365 миллиард теңгеге 1,6 мың жұмыс орнын құруды көздейтін 37 жоба іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде сүт тауарлы фермалары, құс фабрикалары, қой және балық шаруашылығы, көкөніс сақтау қоймалары, су үнемдеу технологиялары мен қайта өңдеу жобалары бар.
2025 жылы құны 18,1 миллиард теңгеге 36 жұмыс орны құрылған 5 жоба іске асырылған. Атап айтқанда, 960 миллион теңгеге жаңбырлатып суғару техникасын орнату («Жетібай» шаруа қожалығы), 221, 0 миллион теңгеге тыңайтқыштар өндіру («Кемер агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі), 750,0 миллион теңгеге көкөніс сақтау қоймаларын салу, 560 миллион теңгеге («Aliza» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Рабби» шаруа қожалығы), 15, 6 миллиард теңгеге мал сою цехы) жобалары сәтті жүзеге асқан. Ал оған «Алель агро» Жамбыл филиалы акционерлік қоғамы себепкер болып, өзінің жоғары үлесін қосып отыр екен.
Аталған жобалар да – ел игілігі. Сонымен қатар «Алель Агро» акционерлік қоғамы инкубациялау мен құс өсіруден бастап, дайын өнімді қайта өңдеуге және нарыққа жеткізетін ірі жобаны іске қосып отыр. Қуаттылығы жылына шамамен 70 мың тоннаны құрайды. Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесін масштабтау шеңберінде 3,0 миллиард теңгеге 7 жоба несиелендірілген. 4,4 миллиард теңгеге тағы 6 жобаны қаржыландыру жоспарлануда. Жоспар жүзеге асса, берер жемісі өте мол.
Алдағы жылдары жобаның берер жемісі көрініп тұр. 4 көкөніс қоймасы, қайта өңдеу бойынша 5 жоба, балық өсіру бойынша 2 жоба, етті мал шаруашылығында ұсақ мал өсіру бойынша 1 жоба, заманауи асыл тұқымды құс өсіру репродукторын құру бойынша 1 жобаның жүзеге асуы көзделген. Жалпы, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, т абиғаты шаруашылыққа қолайлы облысымызда ауыл шаруашылығы саласы жыл санап алға озып келеді.
Алдағы уақытта суармалы алқаптардың аумағын ұлғайту, заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, асыл тұқымды мал санын арттыру, ақылды фермалар мен цифрландырылған өндіріс орындарын ашуға күш жұмсалатын секілді. Ауыл шаруашылығы – өңіріміздің ең үлкен саласы. Асыраушы сала деп те айтамыз. Себебі қалаларда тұратын тұрғындарға қажетті ет, көкөніс, бақша өнімдерін ауылдықтар өндіріп, қолжетімді бағамен жәрмеңкелерге шығарып жүр.
Ауылдың табиғи өнімдеріне ауылдардан әрқашан қызығушылық бар. Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасының нәтижесінде ауылдарда мал саны артып келеді. Малдың саны артқан кезде жайылымдық жердің мәселеге айналатыны да жасырын емес. Аталған жиында осы жайылым мәселесі де сөз болды.
Журналистер тарапынан сұрақ ретінде де қойылды. Басқарма басшысының міндетін атқарушы тұлғаның айтуынша, бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда алыс аудан, ауылдарда да ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, егіс алқаптарына жаңбырлатып және тамшылатып суару тәсілдерін қолдану өте өзекті болып отыр. Себебі жылдар өткен сайын табиғат жағдайларына байланысты су мөлшері азайып келеді. Сондықтан су үнемдеу технологияларын терең меңгеру – уақыт талабы. Бұл мәселелер ауыл шаруашылығында еңбек ететін мамандарға белгілі жайттар. Осы мәселені шешумен ауыл шаруашылығына қатысты ғалымдар, зерттеуші мамандар, саланың тәжірибелі саңлақтары айналысып жатыр.
Қалай дегенде де Әулиеата өңірінің ауыл шаруашылығында ілгерілеу мен соны серпін бар. Сол серпіннің одан әрі ұлғая бергені жөн. Себебі ауыл шаруашылығының дамуы – ауылдың дамуы.
Есет ДОСАЛЫ