Экономика

Жамбылдық шаруалардың ісі алға басып келеді

Жамбыл өңірі табиғаты жайлы, топырағы құнарлы болғандықтан да негізінен ауыл шаруашылығымен айналысуға қолайлы. Шаруаларды қолдау мақсатындағы мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып, өңірдегі біраз диқандар мен малшылар ісін ілгерілетіп отыр. Бұл сөзіміздің дәлелі – мал басының артуы, күзгі жиын-терін көлемінің өсуі.

Айталық, Жуалы ауданында ет өндіру көлемі 8797,2 мың тонна болып, өткен жылмен салыстырғанда 101,4 пайызды құрапты. Сүт өндіру көлемі 27632,5 мың тоннаға жеткен, 2024 жылы бұл көрсеткіш 27192 мың тонна болған екен. Жұмыртқа өндірісі 6801,4 мың дана болып, өткен жылдың деңгейінен 100,2 пайызға өскенін байқатты. Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның айтуынша, биылғы қаңтар-қыркүйек айларында аймақта мал шаруашылығы саласында өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда оң нәтижелер көрсеткен.

Ал Шу ауданында ауыл шаруашылығы саласында 61,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Алайда шаруашылықта кездесетін мәселелер де жоқ емес.

Табиғи құбылысқа қарай Сарысу ауданында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 23 миллиард 866,5 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 99,9 пайызға орындалыпты. Мұның себебін аудан әкімі Сәкен Мамытов егінге қажетті уақытта жауыншашынның аз болғанымен түсіндірді.

Биылғы жылғы ауқымды жобалардың бірі ретінде Жаңаталап, Байқадам, Игілік және Жайылма ауылдық округтеріне қарасты 10 канал қайта жаңғыртудан өтеді деп күтілуде. Жоба құны 11 миллиард теңгені құрайды. Жоба «Ислам даму» банкі арқылы қаржыландырылып, жыл соңына дейін жұмыстар басталады деп отыр жауаптылар.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылы аудан көлемінде комплексті ветеринарлық нысандардың құрылыстары жүруде. Атап айтқанда, 5 ветеринарлық пункт, 8 мал емдеу орны және 8 мал шомылдыру орны салынуда. Аталған жұмыстарға 238 миллион теңге қаржы жұмсалмақшы. Ал Жаңатас қаласында 18 шаруа қожалығы белсенді жұмыс істеуде. Жаңатас қаласының әкімі Ілияс Домалақовтың айтуынша, бұл шаруа қожалықтар 56 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Жамбыл ауданында 2560 агроқұрылымдар жұмыс жүргізуде, оның ішінде екеуі өндірістік кооператив, 33-і ауылшаруашылық кооперативі және 2525-і шаруа қожалықтары.

Айта кетейік, бұл ауданнан Тараз қаласына 721 агроқұрылым өткен. Оның ішінде екеуі өндірістік кооператив (Юнчи, Амангелді), екеуі ауылшаруашылық кооперативі және 717-сі шаруа қожалық. Меркі ауданында биылғы қаңтар-қыркүйек айларында ауыл шаруашылығы саласы бойынша 41 миллиард 484,9 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 122,4 пайызды құраған. Оның ішінде өсімдік шаруашылығында 31 миллиард 272 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 131,8 пайызды, мал шаруашылығында 10 миллиард 208,1 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш 100,9 пайызды құраған. ؘ

Меркі ауданы бойынша 110 канал бар. Оның ішінде 65 канал әкімдік теңгерімінде болса, 44 канал «ҚазСуШар» РМК Меркі өндірістік бөлімшесінің теңгерімінде, 1 канал «Байдаулет и К» шаруа қожалығының меншігінде. Солардың ішінде 66 каналды, яғни біреуі магистрал, 65 шаруашылық каналды кезең-кезеңімен жөндеу жоспарланған. Оның ішінде 1 магистрал канал мен 19 шаруашылық каналға қайта жаңғырту жұмыстары «Ислам даму» банкі жобасы аясында жүзеге асыру көзделген. «Молалы» магистралды каналына бағдарламаның 1-кезеңі бойынша 2026 жылдың ақпан айында жөндеу жұмыстары басталады.

Жобалау сметалық құжаттары дайын 19 канал жөндеу жұмыстарын жүргізуге ұсынылған. Ал қалған 46 каналды кешенді жоспарға сәйкес, 2-кезеңде қайта қалпына келтіру жоспарланыпты. 1 - кезең–2027-2028 жылдар аралығында 16 каналды, 2-кезең – 2029- 2030 жылдар аралығында 30 каналды жөндеу көзделген. Нәтижесінде, 12391 гектар алқапты ағын сумен қамту күтілуде.

Жалпы 132 ұңғыманың 95 данасы шаруа қожалықтарының жерлерінде болса, 20 ұңғыма жер қатынастары бөлімінде, 2 ұңғыма «Меркі ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жерінде, 12 ұңғыма ауылдық округтерге қарасты жерлерде, 3 ұңғыма «Меркі Шипажайы» акционерлік қоғамы жерінде орналасыпты. Бүгінгі күнге аталған су ұңғымаларын теңгерімге алу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Теңгерімге алынғаннан кейін ұңғымалардың жанындағы жерлерге бассейндік тоған жасап, алынған сумен егіс алқаптарды вегетация кезінде суару үшін қолдануға жоба әзірленуде.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА