Оқушылар климат өзгерістерін ғарыштан бақылау жолдарын зерттеуде
Оқушыларды түрлі тақырыптарда ғылыми зерттеу жүргізуге жетелеумен мектеп мұғалімдері жастардың ізденістерін арттырып отыр. Мектеп оқушыларының ғылыми жобаларының байқауларын ұйымдастырумен жас ізденімпаздардың білімге деген құлшынысын арттырып, тың идея табуға, өмірлік қажеттілікке пайдасы тиер жаңалық ашуға жетелейді. Осындай байқау жақында Тараз қаласы білім бөліміне қарасты Шерхан Мұртаза атындағы №30 мектеп-гимназиясында өтті. Бұл меткепте өткен қалалық кезең тараздық оқушылардың ғылыми жобаларының ішіндегі ең өзектілерін іріктеп, облыстық кезеңге жолдады.
Аталған ғылыми жобалар байқауына физика пәнінен Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясының 11А-сынып білім алушылары Ерасыл Абдықадыр мен Арнұр Болатбек қатысты. Оқушылардың ғылыми жетекшісі, физика пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Нұрсұлу Қабылова бұл жобада жас зерттеушілер климат өзгерістерін ғарыштан бақылау жолдарын зерттегенін, онда қандай қызықтарға тап болғанын әңгімелеп берді.
Ғылыми жобаның қалалық кезеңінде «Климат өзгерістерін ғарыштан бақылау» тақырыбын жоғары деңгейде қорғап шыққан Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясының білім алушылары қалалық кезеңнен ІІ-орынды иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды. Облыстық кезең өткен аптада облыс әкімдігі білім басқармасының Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназиясында ұйымдастырылды.
Ғылыми жоба байқауына облыс әкімдігінің білім басқармасына қарасты Тараз қаласы білім бөлімінен және аудандық мектептерден білім алушылар қатысты. Тартысты додада Ерасыл Абдықадыр мен Арнұр Болатбек ІІ-орынның биігінен көрініп, республикаға жолдама алды. Ізденімпаз жас зерттеушілердің алдағы байқаудан да жүлдемен ораларына сенеміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Тараз қаласы