Әлеумет

Ауа райын болжау төтенше жағдайдың алдын алады

Ауа райының қандай болатынын кімдер болжайды? 112-ден келетін ескерту хаттарын кім жібереді? Олар мәліметті қайдан алады? Осы жайлы білмекке «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалына бардық. Филиал басшысы Зәуреш Абдибаева өзі қарсы алып, синоптиктер мен метеоролог мамандар туралы айтып берді.

Ауа райын алдын ала болжайтындар яғни синоптиктер – атмосферадағы физикалық процестерді талдауға және ауа райының болашақ жағдайын болжауға маманданған мамандар. Яғни халық пен табиғи құбылыстардың арасындағы алтын көпір – синоптиктер мен метеорологтар. Ауа райын алдын ала білу қажет болғанда, ғаламторды ашып көре салу бізге оңай, бірақ, бұл жұмыстардың артында қаншама маманның көз ілмей, тәуліктің 24 сағатында сынаптың сырғуын бақылап отырғанын біле бермейміз.

Қаншама табиғи апаттың алдын алып, адам өмірін арашалауға алыстан себеп болып жүрген де синоптик мамандар. Синоптиктер ауа райының өзгеруі туралы ақпаратпен қамтамасыз етеді, бұл адамдарға өз іс-әрекетін жоспарлауға мүмкіндік береді. Ауа райы туралы болжамның сауатты жасалуының арқасында адам өмірі сақталып қалады. Синоптиктердің жұмысы оңай емес. Олар әрбір болжамды айна қатесіз жасағандықтан, біздер қарлы боран күндері жолға шықпай, ескертуге құлақ асамыз. Дауылды жел, қытымыр аяз, судың тасуы сынды ескертулерді олар тез арада төтенше жағдай министрлігіне жіберіп отырады.

Метеорология саласының басты міндеті – ауа райын алдын ала анықтау. Осы мақсатта метеоролог мамандар 3 сағат сайын ауа райын анықтап, болжап, қысқа мезгілдік ауа райы авиацияға, ғылыми-тәжірибелік мекемеге және төтенше жағдайлар жөніндегі агенттікке ақпарат береді. Тиісті мекеме метеорологтардың есебіне сай дер кезінде тұрғындарға ескерту жариялайды. Осылайша күні-түні ұялы телефонымызға 112-ден хат келеді. Кейде «осы мамандардың басқа шаруасы жоқ па, неге хабарлама жібере береді» деп ашуланатын кездеріміз де болады. Негізінде мұның барлығы сіз бен біздің амандығымыз үшін қажет. Синоптиктердің тыңғылықты ісіне қарапайым халық куә. Олар әрбір ескертуге құлақ асады. Айғаным әженің жасы 70-те. Ол қалта телефонына келген 112-нің хаттарына имандай сенеді.

Күнделікті жұмысымыз, жоспарымыз ауа райы мен климатқа тәуелді. Сондықтан білікті метеоролог мамандар бүгінде қажет. Олардың жұмысы өте қауырт. Желден, судан келетін апаттардан адамзатты сақтандырып отырады.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА