Әлеумет

Қауіпсіздігің – өз қолыңда!

Бүгінде еліміз бойынша жылыту маусымының жүруіне байланысты азаматтық қорғау қызметінің мамандары тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Өрт сөндіруші-құтқарушылар жылыту кезеңінде пештерді дұрыс пайдалану, электр және газ құрылғыларын қауіпсіз қолдану, балаларды қараусыз қалдырмау, тұрмыстық өрттің алдын алу бойынша кеңес беріп, қауіпті жағдайлардың алдын алу жолдарын жеткізуде. Сонымен қатар судағы қауіпсіздік талаптарын, соның ішінде балық аулау кезіндегі сақтық ережелерін, өзен-көл жағасында және қайықта жүріп-тұрудың негізгі қағидаларының маңыздылығын түсіндіруде.

Жылыту маусымының өту барысы баяндалған баспасөз мәслихаты

27 қарашада Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде елімізде жылыту маусымының өту барысы туралы баспасөз конференциясы өтіп, Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев хабарлама жасады. Спикердің айтуынша, ТЖМ жылыту кезеңінде өрттің алдын алу бойынша барлық жерде күшейтілген жұмысты жалғастыруда. Профилактикалық іс-шаралар алдын ала, маусым басталғанға дейін қолға алынып, оның барлық кезеңінде жалғасуда. Басты мақсаты – тұрғын үй секторындағы өрттердің санын азайту және адам өліміне жол бермеу.

Жақында еліміз бойынша республикалық өрт қауіпсіздігі профилактикалық айлығы өткені белгілі. Оның аясында жергілікті атқарушы органдардың, волонтерлер, бұқаралық ақпарат құралдары мен жұртшылықтың қатысуымен ауқымды жұмыстар ұйымдастырылды. Айлық форматында аулаларды аралау, рейдтер, нұсқаулар, интерактивті іс-шаралар, практикалық жаттығулар және халыққа атаулы көмек көрсету іс-шаралар кешені өткізілді. Ерлан Абылайұлының брифингте ұсынған мәліметіне сүйенсек, бүгінде Төтенше жағдайлар министрлігінің есебінде халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 108 мың тұрғын үй, сондайақ 225 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Оларға жылыту және электр жүйелерін жарамды күйге келтіру, түтін мұржаларын күйеден тазарту және басқа да профилактикалық көмек көрсетіліп, рейдтер барысында 89 мыңнан астам үй өртке қауіпсіз жағдайға келтірілген.

Әкімдіктер және еріктілермен бірлесіп, тұрғын үйлерде газ бен жану өнімдерінің қауіпті шоғырлануын анықтайтын датчиктерді орнату бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Балаларға өрт қауіпсіздігі ережелерін үйретуге ерекше назар аударылуда. Балабақшалар мен мектептерде тақырыптық, интерактивті сабақтар, ертеңгіліктер, практикалық жаттығулар өткізіліп, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін Брайль шрифтіне бейімделген арнайы жадынамалар әзірленді. Төтенше жағдайлар министрлігінің жылыту кезеңінде өрттің алдын алу бойынша күшейтілген жұмысты жалғастыру іс-шаралары өзінің тиімділігін көрсетуде.

Биылғы жылыту кезеңінде тұрғын үй секторындағы өрттер, сондай-ақ қаза болғандар мен жарақат алғандар санының азаюы тіркелген. Өрт туындамай пешті пайдалану кезінде улы газбен уланудан қаза болу және жарақат алу жағдайларының да азаюы байқалады. ТЖМ барлық азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін әсіресе жылыту маусымында қатаң сақтау қажеттігін еске салып, өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтауға шақырады. Мәселен, тек жұмыс істейтін пештер мен электр құрылғыларын пайдаланыңыз, пештерді, электр және газ жабдықтарын жөндеуде және орнатуда тек білікті мамандарға сеніңіз. Пештердің қызып кетуіне және электр желілерінің шамадан тыс жүктелуіне жол бермеңіз.

Мұржаны күйеден уақытылы тазалап, пештер мен электр құрылғыларында ақаулар бар-жоғын үнемі тексеріп отырған жөн. Пеш жағуды балаларға тапсырмаңыз. Сіріңкелер мен тұтандырғыштарды балалардың қолы жетпейтін жерлерде сақтаңыз. Төтенше жағдайлар министрлігі маусым бойы профилактикалық жұмысты жалғастырады және барлық азаматтарды жауапкершілік танытып, сақтық шараларын сақтауға шақырады.

Жеке тұрғын үйлерде автономды өрт датчиктерін пайдалану міндеттелді

Қазақстанда жеке тұрғын үйлердің барлық тұрғын үй-жайлары автономды оптикалықэлектрондық түтін өрт хабарлағыштарымен міндетті түрде жарақтандырылуы тиіс. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Министрліктің хабарлауынша, өрт қауіпсіздігі қағидаларына енгізілген өзгерістер биылғы 10 маусымда күшіне енген. «Осы норманы енгізу өртті уақытылы анықтауға, адам өлімінің алдын алуға және материалдық залалды азайтуға бағытталған. Қауіпсіздік шараларын, соның ішінде түтін датчиктерін сатып алу мен орнатуды қамтамасыз ету үшін жауапкершілік тұрғын үйдің иесіне жүктелетінін атап өткен жөн», – делінген ресми хабарламада.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, ТЖМ әкімдіктермен және волонтерлермен бірлесіп, әлеуметтік осал топтардың тұрғын үйлеріне газдың қауіпті концентрациясы мен жану өнімдерін анықтайтын датчиктерді орнату жұмыстарын жүргізуде. Биыл 31 мыңнан астам датчик орнатылған. Көппәтерлі тұрғын үйлердің жағдайы не болмақ?

Енді жаңадан жобаланатын барлық көпқабатты үйлерде, қабат санына қарамастан, міндетті түрде автоматты өрт дабылы жүйелері және табиғи газды пайдаланатын өңірлердегі үйлер үшін газдану деңгейін бақылау жүйелері қарастырылатын болады. Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері тұрғын үй иелері мен пайдаланушыларын өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау әркімнің міндеті екенін еске салды.

Мереке қарсаңында ауқымды акциялар іске қосылуда

Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитеті мен Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті жаппай жаңа жылдық мерекелер кезеңінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін барынша азайтуға бағытталған алдын алу іс-шараларының бірлескен жоспарына қол қойды. Мереке күндері қарсаңында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше өзекті болып отыр. Сауда, ойын-сауық орталықтарына, базарларға, дүкендерге, балалардың ойын-сауық алаңдарына, мәдениет үйлеріне келушілер санының өсуі, сондай-ақ пиротехникалық бұйымдарды жиі пайдалана отырып, жаппай мерекелер өткізу өрттер мен басқа да оқиғалардың туындау ықтималдығын арттырады.

Осыған байланысты 1 желтоқсаннан бастап ТЖМ мен ІІМ қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған ауқымды профилактикалық науқанды бастайды. Ынтымақтастық аясында «Газбаллон», «Қауіпсіз жаңа жыл» және «Пиротехника» сияқты үш ірі акция іске қосылатын болады. «Газбаллон» акциясы газ баллоны жабдығын пайдаланумен байланысты бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Акция аясында автожолдар мен паркингтерде рейдтер жүргізу, үй басқарушы ұйымдардың басшыларымен және тұрғын алаптардың тұрғындарымен кездесулер ұйымдастыру, газ құю станцияларының қызметкерлерімен профилактикалық әңгімелер өткізу көзделген. «Қауіпсіз жаңа жыл» акциясының іс-шаралары жаппай жаңа жылдық мерекелерде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Эвакуациялық шығуларды, өрт дабылы жүйелерін тексеруді және өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтауды, сондайақ кәсіпкерлермен және мерекелік кештерді ұйымдастырушылармен кездесулерді қоса алғанда, жаппай жаңа жылдық іс-шаралар өткізілетін орындарда профилактикалық жұмыс жүргізілетін болады.

«Пиротехника» акциясы пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде өрт пен жарақаттанудың алдын алуға бағытталған. Пиротехниканы сақтау және өткізу орындары бойынша бірлескен рейдтер жоспарланған. Төтенше жағдайлар министрлігі мереке кезінде азаматтардың өрт және қоғамдық қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертеді.

Қауіпсіз баллон – қауіпсіз үй

Жыл басынан бері Төтенше жағдайлар министрлігі газ-ауа қоспасы өршуінің 107 жағдайын тіркеп, онда түрлі жарақаттары бар 77 азамат ауруханаға жеткізілген. Ведомствоның мәліметінше, өрт болған орыннан ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері 1612 газ баллонын шығарды. Газ баллондары бар нысандардағы өрт – ең жоғары қауіп төндіретін жағдайлардың бірі. Жарылыс қаупі бар кезде құтқарушылардың әрбір шешімі мен әрекеті адамдардың өмірін сақтауда шешуші рөл атқарады. Тілсіз жаумен күрес барысында өрт сөндірушілер өз өмірлерін қатерге тігіп, тек адамдарды ғана емес, жарылыс қаупі бар баллондарды да дер кезінде қауіпсіз аймаққа көшіруде. Осындай батыл әрі кәсіби іс-әрекеттердің арқасында ондаған отбасы мен тұрғын үйдің амандығы қамтамасыз етілді.

Азаматтық қорғау органдарының өкілдері атап өткендей, газ баллондары бар үй-жайларда өрт қауіпсіздігін сақтау – әр азаматтың жауапкершілігі. Газ құрылғыларын орнату және пайдалану кезінде ережелерді қатаң сақтау жарылыстар мен қайғылы оқиғалардың алдын алады.

Осыған орай, Төтенше жағдайлар министрлігі газ баллондарын пайдалану ережелерін сақтай отырып, өрттің алдын алуға болатынына назар аударады:

– баллондарды тек маман-дандырылған пункттерде толтырыңыз. Автожанармай құю стансаларында тұрмыстық газ баллондарын құюға тыйым салынады;

– екі қабаттан асатын тұрғын үйлерде газ баллондарын пайдаланбаңыз;

– баллон корпусын жылытуға жол бермеңіз;

– үйжайда газдың иісі пайда болған кезде газ беру кранын жауып, үйді желдету үшін терезелер мен есіктерді дереу ашу, ашық отты пайдаланбау, электр қуатын қоспау керек;

– жұмыс істеп тұрған газ құрылғыларын қараусыз қалдырмаңыз;

– балалардың газ құрылғыларын өз бетінше пайдалануына жол бермеңіз;

– газдың ағып кетуін тексеру үшін сабын ерітіндісін қолданған жөн.

«Қыс-2025» оқу-жаттығуы өтті

Қысқы тәуекелдердің алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында еліміздің бірқатар өңірлерінде «Қыс-2025» командалықштабтық оқу-жаттығулары өткізілді. Оқужаттығудың негізгі мақсаты – басқару органдары мен азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі күштерінің қысқы кезеңде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-қимылдарға дайындығын арттыру. Оқу-жаттығуға азаматтық қорғау құралымдары, жергілікті атқарушы органдар мен волонтерлер қатысты.

Маусымдық төтенше жағдайлардың алдын алуға, жедел қызметтердің өзара іс-қимылын пысықтауға, сондай-ақ температураның төмендеуі, жауыншашын және шектеулі көріну жағдайларында ден қою алгоритмдерін жетілдіруге ерекше назар аударылды. Жақында Жамбыл және Алматы облыстары төтенше жағдайлар департаментінің бірлескен оқу-жаттығулары өткізілді. Алматы облысының Жамбыл ауданы аумағында екі өңірдің департамент қызметкерлері жол-көлік оқиғасы, боран, көктайғақ және шалғайдағы елді мекендерге көмек көрсетуге байланысты шартты төтенше жағдайлар кезінде іс-қимылдарды пысықтады.

Бөлімшелердің ауа райының күрт өзгеруі жағдайында әрекет етуге дайындығы бағаланды. Бірлескен оқу-жаттығу өңіраралық өзара іс-қимылды нығайтып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың тиімділігін арттырды. Оқу-жаттығулар азаматтық қорғау күштерінің қысқы кезеңдегі іс-қимылдарға дайындығын растады, ведомствоаралық және өңіраралық өзара іс-қимылды жақсартты және әртүрлі төтенше жағдайлардың салдарын жоюдың практикалық дағдыларын пысықтауға мүмкіндік берді.

Заманауи QR-кодтар қолданылуда

Өрт қауіпсіздігі айлығы аясында Тараз қаласының төтенше жағдайлар басқармасы және қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері күн сайын қала тұрғындарының үйлерін аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Рейдтік ісшаралардың басты мақсаты – тұрмыстық өрттердің алдын алу, улы газбен улану оқиғаларына жол бермеу және тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру.

Құтқарушылар азаматтарға жылыту құралдарын, электр сымдары мен тұрмыстық пештерді дұрыс пайдалану жөнінде түсіндіріп, өрт шыққан жағдайда қалай әрекет ету керектігін еске салады. Сондай-ақ, қазіргі таңда ақпараттық жұмысты жаңа форматта жүргізуде – дәстүрлі қағаз жадынамалардың орнына заманауи QR-кодтар қолданылуда. Азаматтар смартфон арқылы QR-кодты сканерлеп, өрт қауіпсіздігі ережелерімен онлайн таныса алады.

Бұл тәсіл ақпаратты жылдам әрі ыңғайлы жеткізуге мүмкіндік беріп, тұрғындардың қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Осылайша Тараз қаласының төтенше жағдайлар басқармасы тұрғындарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға және өз өмірі мен жақындарының амандығына бейжай қарамауға шақыруда.

Жаңа құрылғы сынақтан өтті

Т. Рысқұлов ауданы өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері өз қолдарымен электр көліктеріндегі өртті сөндіруге арналған арнайы құрылғы жасап, оны сәтті сынақтан өткізді. Қазіргі таңда электр көліктері көбейіп келеді, алайда олардың өртін сөндіру дәстүрлі автокөліктерге қарағанда әлдеқайда күрделі. Себебі мұндай көліктер жоғары вольтты литийионды аккумуляторлармен жабдықталған, ал олар қызып кеткен жағдайда өздігінен жану немесе жарылу қаупін тудырады.

Мамандар электр көліктеріндегі өртті сөндіру кезінде ең тиімді әдіс – көп мөлшерде суды үздіксіз беру екенін атап өтті. Сондай-ақ аккумулятор температурасы тұрақталғанша 24 сағат бойы бақылау қажет. Жаңа құрылғы осындай жағдайларда өрт сөндіру жұмыстарын қауіпсіз әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

Құтқарушылардың цифрлық қалқаны

Қазіргі таңда құтқару қызметтерінің тиімділігі ақпараттық технологиялардың дамуымен тығыз байланысты. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ақпараттандыру, цифрландыру және байланыс бөлімі азаматтық қорғау жүйесінде сенімді байланысты қамтамасыз етуде, деректермен жедел алмасуда және заманауи цифрлық шешімдерді енгізуде маңызды рөл атқарады. Бөлім мамандары тәулік бойы байланыс арналарының, серверлер мен бағдарламалық жүйелердің тұрақты жұмысын қадағалап, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және халыққа арналған электрондық сервистерді дамытуға атсалысады. Олардың еңбегінің арқасында құтқарушылар төтенше жағдайлар туралы нақты ақпарат алып, жылдамырақ әрі тиімді әрекет ете алады.

Алайда олардың жұмысы тек кабинетпен және техникамен шектелмейді. Бөлім қызметкерлері әрбір төтенше жағдай орнына барып, тұрақты байланысты қамтамасыз етіп, облыстың кез келген жерінен онлайн-трансляция жүргізеді. Бұл өз кезегінде төтенше жағдайлар департаменті басшылығына және жедел қызметтерге нақты ақпаратты жедел алып, шешім қабылдауға және бөлімшелердің іс-қимылын үйлестіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мамандар өз жұмысында дрондар мен деректерді бақылаудың және берудің заманауи технологияларын белсенді пайдаланады.

Бұл табиғи өрттер мен су тасқындарынан бастап, техногендік апаттарға дейінгі кез келген төтенше жағдайдың салдарын жою тиімділігін айтарлықтай арттырады. Заманауи цифрлық құралдар жағдайды тез бағалауға, өрт ошақтарын анықтауға, зардаптардың таралуын бақылауға және құтқарушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Төтенше жағдайлар департаменті жүйесіндегі цифрландыру – бұл жай ғана техника емес, бұл адам өмірін сақтап қалудың нақты құралы.

Театрда көрме ұйымдастырды

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының қызметкерлері тараздық тұрғындар үшін өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникасының тақырыптық көрмесін ұйымдастырды. Іс-шара Асқар Тоқпанов атындағы облыстық драма театрының фойесінде спектакль басталар алдында өтіп, келген қонақтардың үлкен қызығушылығын тудырды.

Келушілер арнайы техниканы жақыннан көріп, мамандарға түрлі сауалдар қойып, әрбір техникалық жабдықтың шынайы жағдайда қалай қолданылатыны туралы мәлімет алды. Іс-шараның басты мақсаты – халықтың өрт қауіпсіздігі ережелері туралы хабардарлығын арттыру және төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелеріне назар аударту. Құтқарушылар қонақтарға тұрмыста сақтық шараларын, өрт болған жағдайда әрекет ету тәртібін және жедел қызметтерді уақытылы хабардар етудің маңызын түсіндірді.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП