Сағатына 2300 киловатт электр энергиясын өндіруде
Дәстүрлі экономиканың шығындарын ескеріп, «Жасыл экономикаға» қадам басу – мемлекет алдындағы маңызды міндеттің бірі. Өз кезегінде электр энергиясын өндіру арқылы елді үнемдеуге үйретіп, халықтың тұрмыстық әлеуетінің жақсаруына түрткі болады. Жаңа технологияның нәтижесінде қоршаған ортаға келетін зиян азайып, бірқатар балама қуат көзі пайда болуда. Табиғи қуат көзін өндіру Т.Рысқұлов ауданында ең алғашқылардың бірі ретінде жүзеге асырылған.
Электр энергиясын үнемдеп, жаңа технологияларды қолдану арқылы қоршаған ортаға келетін зиян азайып, табиғат байлықтарын сақтаудың тиімді жолдары қарастырылуда. Әлемнің дамыған елдері бұл бағытта үлкен табыстарға жетіп отыр. Бүгінгі таңда Қарақыстақ ауылдық округіндегі тау шатқалында «Қарақыстақ» су электр стансасы жұмыс істеуде. Стансаның жобалық қуаты 2,3 мегаватты құрайды. Станса директоры Нұрдос Қалдыбалиннің айтуынша, станса 2013 жылы іске қосылған. Оның жобалық құны 1 миллиард 007,9 миллион теңге. 2013 жылдың 14 маусымында ашылған станса сағатына 2300 киловатт электр энергиясын өндіруде.
Табиғат көздері – су, жел және күн энергиясы сияқты жаңартылатын қуат көздерін пайдалану арқылы өндірілген өнім еліміздің біртұтас электр жүйесіне беріліп, KEGOC компаниясы арқылы таратылады. Бұл станса Қазақстандағы жасыл экономиканың алғашқы қарлығаштарының бірі саналады. Директор Нұрдос Қалдыбалиннің айтуынша, мұндай жобалар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, экологиялық тепетеңдікті сақтауға және экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді. Елімізде «Жасыл экономиканы» өркендетуге мүмкіндік мол. Оған әлдеқайда тиімді әрі қолжетімді ұланбайтақ жер мен климаттық жағдай қолайлылық туғызады.
Елімізде «Жасыл экономиканы» өркендетуге мүмкіндік мол. Қазақстанның кең байтақ жері мен қолайлы климаттық жағдайы су, күн, жел энергиясын өндіруге барынша ыңғайлы. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып жасалған 2013 жылғы тұжырымдама аясында облыста түрлі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Алдағы уақытта судан алынатын энергия көзінің көлемін ұлғайту жоспарланған. Бұл тек энергетикалық тұрғыдан ғана емес, экологиялық өнім үлесін арттыру арқылы табиғатқа жанашырлықпен қарауға жол ашады.
Қорыта айтқанда, Қарақыстақ су электр стансасы – еліміздің «Жасыл экономикаға» бағытталған саясатының жарқын үлгісі. Ол табиғатты қорғаумен қатар, халықты жұмыспен қамтып, ұлттық энергетика жүйесіне айтарлықтай үлес қосып отыр. Мұндай жобалардың артуы Қазақстанның тұрақты дамуы мен экологиялық қауіпсіздігінің кепілі болмақ.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Т. Рысқұлов ауданы