Қорасы қойға, қамбасы дәнге толы
Ауыл – қазақтықтың қаймағы, табиғи өнімдердің аймағы. Жайқалған егін, өріс толы мал – елді мекеннің сәні. «Ауыл деген –ауыспайтын астана» деп кезінде ақын Нарша Қашағанұлы өте тауып айтқан. Ауыспайтын астанада қазіргі таңда талай жарқын жобалар жүзеге асып, ауыл шаруашылығы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны көңіл жадыратады. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауды шаруалар жақсы түсініп, толағай тірлік қолға алып, үлкен істерге белдерін бекем буған секілді. Оның өзі – қуаныш.
Топырағы құнарлы, табиғаты сұлу, суы мөлдір Жамбыл ауылдық округіне Шәкен Ниязбеков, Қапал ауылдары қарайды. Бұл ауылдан барша қазаққа есімі аңыз болған суретші, спортшы, өнерпаздар көп шыққан. Дегенмен ауыл шаруашылығын дамыту бойынша да алдыңғы қатарда келеді. Аталған ауылдық округте жалпы 87 шаруа қожалығы бар. Оның ішінде 15 шаруа қожалығы мал шаруашылығымен, қалғаны егіншілікпен айналысады.
Атап айтқанда, жайылымдық жер 3553 гектарды құрайды. 5532 гектар суармалы, 2588 гектар егістік алқап бар. Тұрғындары бейнеткеш, күні бойы егістіктің жағдайын жасап жүреді. Сондықтан да мол өнімге қолдары жетіп, сары алтындай сары күзде еңбектері ақталады. Ала жаздай төгілген тердің ақталғаны қандай жақсы! Жоңышқа дақылы 560 гектарға егілсе, бидай, қызылша, пияз, жүгері дақылдары едәуір көлемде өсіріліп отыр. Жыл сайын сол. Ал мал шаруашылығына келетін болсақ та жақсы ақпараттар көңіл қуантады. Жылқы 1600, мүйізді ірі қара 2700 басқа жетіп отыр. Ал қой саны 26100-ге жетті. Малдың басын көбейтуге шаруа қожалықтары және ауыл тұрғындары өз үлестерін қосып жатыр. «Мал баққанға бітеді» дегендей, төрт түлікті өсірудің де қыр-сырлары аз емес. Жамбыл ауылдық округінің малшылары мен мал мамандары бұл ретте де біраз тәжірибе жинай алған сияқты.
Тірлігі төрге озған Төлендиев
«Бақ қайда барасың?» де се, «Ынтымаққа барамын» депті. Еңбек етуде ынтымақ, бірлік, іскерліктің әсері үлкен. Оның қаншалықты маңызды екенін шаруа қожалығын ашып, жұмысын жандандырғандар жақсы түсінеді. Сондай шаруашылықтың бірі – Жамбыл ауылдық округіндегі «Төлендиев» шаруа қожалығы. Бұл еңбек ұжымының тарихы әріден басталады. Ауылдың жағдайын, жерін, суын жақсы білетін Баянбай Төлендиев 1999 жылы «Айдар» жеке кәсіпкерлігін ашып, жаңашыл жұмыс бастаған екен. Баянбай ақсақал осы жұмысты 15 жыл бойы сәтті жүргізіп, шаруаның алға жүруіне барлық тәжірибесін жұмсаған.
Талай ауқымды іске тәуекел еткенін ауылдастары да ұмыта қойған жоқ. Ал 2014 жылдан бастап бұл жеке кәсіпкерлік шаруа қожалық болып ұлғайды. Шаруашылықтың атауы да «Төлендиев» болып өзгерді. Шаруа қожалығын Баянбай ақсақалдың перзенті Талғат Төлендиев төраға болып сайланып, қыруар шаруаны алға апаруды өзінің міндетіне алды. «Жақсы бала әкенің есіктегі басын төрге сүйрейді» дегендей Талғаттың шаруашылық жұмысын шырқ үйіріп алып кеткені бір әулетті қуантты. Ауылдағы үлкен-кішінің баршасы тілеулес болды. Бұл шаруашылық қазіргі таңда ауылдық округтегі жұмысы жүріп тұрған үздіктердің бірі.
Аталған шаруа қожалығының 125 гектар егістік алқабы бар. Сол алқапқа арпа, бидай, жоңышқа, пияз өнімдерін егіп, мол өнім жинау жолында тер төгеді. Төрт адам тұрақты жұмыс көзімен қамтылған. Олардың жалақылары да көңілден шығады. Одан бөлек өндірілген өнімнен де жұмысшыларға үлесі беріледі. Бір сөзбен айтқанда, бұл шаруа қожалығында еңбек ететін жұмысшылар жалақылары үшін өкінген емес. Шаруашылық 70 гектар алқапқа жоңышқа өнімін өсіріп келеді. Соңғы жылдардағы судың тапшылығының арту жағдайына байланысты жылына екі мәрте ғана ору мүмкін болып отыр. Әйтпесе бұрындары жылына 3 рет оруға ешқандай қиналмай қол жеткізетін.
Дегенмен 70 гект ар алқаптың жоңышқасын екі рет орып алудың өзі – үлкен табыс. Әр гектардан орта есеппен 500 түк жоңышқа жиналса, 35 мың түк болады. Бұл өнімді өз малдарын семірту үшін сақтаса да, мал басы көп өзге шаруашылықтарға сатса да едәуір пайда екені белгілі. Әрине, жоңышқаның әр түгін есептеп, табысын шамалау қиын емес. Бірақ сол алқапқа кеткен шығынды есептей бермейміз. Жоңышқа, бидай мен арпа болсын, өскенше ол дақылдардың шығыны бар. Сол шығынға шыдаған, егіні өскенше барлық қажеттілікке қаражат тауып отырған кісі ғана табысқа кенеле алады. Шаруа қожалықтың екі тракторы тоқтаусыз жүріп тұр. Қазір техникасыз тірлігің алға баса қоймайды. Оны шаруашылық қожайындары жақсы түсінген.
Әкесі бастап, баласы қостаған шаруа қожалықтың жұмысы жылдан жылға жанданып келеді. «Елде болса, ерніңе тиеді» дегендей, аталған шаруа қожалықтың жұмысы алға басқанына көршілері, маңайындағы ағайын, туыс, таныстары да тілеулес. Себебі, шаруашылықтың шапағаты төңірегіне тегіс тиіп тұр.
Сәкеннің сәтті істері
Қазіргі нарық заманына бейімделіп, өзіңді өзің жұмыспен қамтуды жүзеге асыра алу да – мемлекетке көрсеткен көмегің. Ал өзіңмен бірге кемі үш адамды жұмыспен қамту үлкен қадамдардың қатарына жатады. Заманның талабы басқа. Қолынан іс келетін азаматтардың табатын табысы да, абыройы да жоғары. Оған өкпелеуге де, таңдануға да болмайды. Аталған ауылдық округте ісі алға басқандардың қатарында «Дархан» шаруа қожалығы да бар. Аталған шаруа қожалық 2004 жылы құрылған. Оны Сәкен Үсенбаев деген азамат басқарады. Бұл шаруашылық егін шаруашылығымен айналысады. 40 гектар егістік алқабын өте тиімді пайдаланып отыр.
Былай қарасаңыз, 40 гектар деген аса ауқымды да көлем емес. Бірақ өзі адал адамдарға берілген жердің берекесі бар. Сол алқапқа тиімділігі жоғары жүгері мен жоңышқа егіп өсіріп жатыр екен. Ақ шашақтары күнмен шағылысқан жүгері дәнін өсіру бұрынғы уақытта да өзекті болатын. Қазір де бұл дәнді дақыл сұраныстан түспей тұр. Себебі, жүгерінің құнарлылығы мен пайдасы ерекше. Қазіргі таңда Шу ауданында жүгеріні терең өңдейтін зауыттың салынып жатқаны бекер емес. Демек, бұл өнімнің қажеттілігі алдағы уақытта да көп туындайды.
«Алтын күн аспаны, алтын дән даласы» деп Жұмекен ақын жырлағандай, сары даланы жайлаған сары алтындай дән – Отанның байлығы. Елдің ырысы мен берекесіне айналған жүгері маңыздылығын ешқашан жоймайды. Жоңышқаға сұраныс ешқашан азайған емес. Болашақта да азая қоймайтын сияқты. Себебі, осынау жасыл шөптің жұғымдылығы мен құнарлылығы бұрыннан дәлелденіп, жоғары мәнге ие болған. Қазіргі таңда малдың азығына қатысты басқа да заманауи нәрселер шыға бастағанымен, жоңышқаның орнын алмастыра алмайды. Оны ауыл шаруашылығы мамандары да, ауылдың жай адамдары да жақсы біліп отыр. Алдағы уақытта да мұндай шөпке деген сұраныстың артып кетпесе, кемімейтіні анық.
Ауылды жақсы көрген, даланың болмысын түсінген Сәкеннің істері әрқашан сәтті болды. Себебі, қазақ деген қанында бар, тамырында тулаған толқынға әсері бар дала заңы осы. Осы дала заңымен кешегі бабалар ғұмыр кешті, енді дала заңы және баба жолымен балалары тіршілікті жалғап жатыр. Әкеңдей аялап, анаңдай еркелеткен даланың қасиетінде таусылмас тағылым, қанша айтсаң да шегі жоқ құндылық бар.
«Жанболат» қожалығының жұмысы жүйелі
Жамбыл ауылдық округіндегі бірқатар үлгілі жұмыстарға тоқталып отырмыз. Атқарылған шаруалар аз емес. Бұл ауылда белсенді шаруашылықтар жеткілікті. Солардың бел ортасында Қапал ауылында орналасқан қимылы қарбаласқа толы, жұмысы ширақ «Жанболат» шаруа қожалығы да бар. Бұл шаруашылықтың нәтижелі жұмысы ауыл адамдарының да назарын аударып отыр. Ауылдық әкімшілік тарапынан да мұндағы жүйелі жұмысқа деген ризашылық аңғарылады. «Жанболат» шаруа қожалығы 2007 жылы құрылған. Егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысады. 55 гектар егістік жерлері бар.
Аталған алқапқа қант қызылшасын, жоңышқа, жүгері егеді. Тракторлары, комбайндары бар. Ауыл шаруашылығы техникаларының өзіңннен шығып тұрғаны да – шаруашылық үшін үлкен олжа. Осы шаруашылықта ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Төлеген Райымқұлов та – істің адамы.
Ауыл – деген ынтымақтың ұясы. Ауыл деген – қасиеттің тұрағы. Ақындардың жырына арқау болған құндылық әлі алтын бесігімізден азайған жоқ. Сол құндылықтың азаймағы – жақсылықтың бастауы. Әр адам үшін ауылдың бары, ауылдағы қара шаңырақтардың бар екені медеу. Себебі, қалай десек те, қайда жүрсе де қазақтың көңілінде ауылға деген сағыныш жүреді. Сол сағыныш ауылдың болмысын биіктетіп, кереметін айғақтайтын ұлы күш. Аңқылдаған адалдық пен кісіліктің үлкенін ауыл адамдарының бойынан табасың. Сол тәрбиені көргендер ауылға бар жақсылықты жасағысы келіп тұрады. Сондай азаматтардың арасында Жанболат Үшкемпірұлы да бар.
Есет ДОСАЛЫ
Жамбыл ауданы