«Менің жұлдызым иығымда емес, менің жұлдызым аспанда»
«Ғалымның хаты, батырдың аты өлмейді» дегендей, Отан үшін отқа түскен қаһармандардың есімдері халық жадында мәңгі сақталатыны анық. Ел ерлерін ұмытпайды, батырларын бағалайды. Жауынгер жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған «Б.Момышұлы мұралары: тарих пен таным» атты республикалық ғылыми-теориялық конференциясы облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, қос генераллейтенант Сейітжан Қойбақов пен Нұржан Жігітеков бастаған қонақтардың Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағындағы Бауыржан Момышұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етуден басталды.
Мұнан соң аталған республикалық ғылымитеориялық конференция «Баласағұн» орталық концерт залында жалғасын тапты. Батырдың өмірбаянын қамтыған бейнеролик көрсетілді. Іс-шараны облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров ашты.
Іс-шараны филология ғылымының кандидаты, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің доценті Темірбай Мұқашев жүргізіп отырды. Ұлағатты ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Орынша Қарабалинаның сөзі ерекше толғаныс пен тебіреніске толы болды.
Мұнан соң сөйлеген генерал-лейтенант Сейітжан Мелдебекұлы да батырдың ерлік істеріне, азаматтық биік тұлғасына кеңінен тоқталды. Ол аңызға айналған тұлғаның 115 жылдығына орай «Батырдың алтын бесігі – Жуалы» атты кітап жазып шыққанын айтып өтті.
Батырдың нағашысы, генерал Нұржан Жігітеков те 8- сынып оқып жүрген кезінде Баукеңді алғаш рет көргенін, аңыз адам Жігітековтердің баршасына жанашыр болғанын айтып өтті.
«ҚазақПЕН» клубының президенті Бигелді Ғабдуллин Жуалыдан түлеп ұшқан аңыздың батыл шешімдері, турашылдығы туралы әдемі естеліктер айтты.
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ та батырдың ерлік істерін тереңнен қамтып, әсерлі сөз сөйледі. Мұнан соң Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы және Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиялардың өнерлі оқушылары әннен шашу шашты. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншілері шырқаған әуендер жүректерге жетті. «Ақкербез» бишілер ансамблінің қыздары ғажайып билерімен ерекшеленді.
Бауыржан Момышұлы – майданда көрсеткен ерлігімен қатар, жазушылық қасиетімен де дараланған тұлға. Көзі тірісінде еңбегі мен ерлігі лайықты бағасын алмағанымен, халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленген қаһарман. Оны өзі де сезгендей, «Менің жұлдызым иығымда емес, менің жұлдызым аспанда» деп айтып кеткен екен. Жазушының «Найза – бірге, қалам – мыңға тиеді» деген сөзі де терең мағыналы.
Бұл күнде әр жас буын Бауыржан Момышұлының ерліктерін естіп, батырлық рухымен сусындап өсіп жатыр. Аңызға айналған тұлғаның есімі болашақта да ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, айтыла беретіні анық. Тағылымы мол конференциядан осындай ой түйдік.
Есет ДОСАЛЫ