Қоғам

Отпен арпалысқандар

Өткен аптада облыс аумағында жедел кезекшілік бойынша 30 төтенше жағдай тіркелді. Оның ішінде табиғи сипаттағы – 1, техногенді сипаттағы – 29, өрт оқиғасы – 28, автокөлікте – 9. Жалпы өрттің көлемі 1202 шаршы метрді құрады. Бұдан бөлек газ-ауа қоспасының жарылуы бойынша – 1 оқиға. Нәтижесінде, 1 адам ауруханаға жатқызылды. Қуанарлығы, қаза болғандар жоқ.

Облыста төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерімен 218 шығу жүзеге асырылды. Нәтижесінде, 10 адам оның ішінде 5 бала басқа орынға көшірілді, 3 бала құтқарылды. Апта ішінде «Қазгидромет» мекемесінің облыстық филиалынан 3 дауылды ескерту келіп түскен. Облыс тұрғындарын хабардар ету үшін ұялы байланыс операторларына 5 СМС-хабарлама жіберілген. «101» және «112» желісіне жалпы 8170 қоңырау түскен. Оның ішінде жедел сипаттағы – 597, жедел сипаттағы емес – 7573. Өткен аптада 12049 қоңырау түсіпті.

АНТЫНА АДАЛ АЗАМАТ

Облыс гарнизоны Тараз қаласы № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға прапорщигі Бекмұрат Мырзабекұлын зейнеткерлікке шығарып салу іс-шарасы өтті. Бекмұрат Сурабалдиев өмірінің 30 жылдан астам уақытын өртке қарсы қызметке арнап, өртті және түрлі сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде көптеген адамдардың өмірін құтқарған жан. Сонымен қатар ол нағыз өрт сөндірушілердің бір емес, бірнеше буынын дайындады. Қызмет еткен жылдары өзінің ерлігі мен батылдығын және кәсіби шеберлігін бірнеше рет көрсетіп, көптеген марапаттарға ие болған.

Бекмұрат Сұрабалдиев 1971 жылы 27 маусымда облысымыздың Свердлов ауданы (қазіргі Байзақ), Ленинск ауылында дүниеге келген. Өртке қарсы қызмет органдарында 1992 жылдан бері қызмет атқарып келеді. I, II және III «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін», I, II және III «Құтқарушы» мерекелік төсбелгілерімен марапатталған. Енді батырдың қайталанбас ерліктеріне тоқталайық. 2000 жылдың қазан айы болатын. Орталық байланыс пунктіне «Жансая» шағынауданындағы үйдің бесінші қабатынан өрт шыққандығы туралы хабар түседі. Хабар алысымен жолға шыққан бөлімше командирі Б.Сұрабалдиев оқиға орнына жеткен кезде 5-қабаттағы терезеден қара түтіннің будақтап жатқанын көреді. Қарап тұруға уақыт жоқ, қасына Азамат Отарбаевты ертіп, жоғарыға көтеріледі.

Батырды өрт сөндірушілердің дәстүрі бойынша өрт сөндіру оқпанымен су шашып, соңғы жауынгерлік шақыртуға шығарып салды.

БАСТЫ МАҚСАТ – БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ

Қаладағы су айдындарындағы қауіпсіздік бойынша профилактикалық жұмыстар жалғасуда. Облыстық ТЖД қызметкерлерімен «Болашақ» лагерінде су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша нұсқаулық-дәріс жүргізілді. Дәріс барысында қызметкерлер су айдындарындағы мінезқұлық және шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Сондай-ақ алғашқы медициналық көмек көрсету және судан өзін-өзі құтқару дағдыларына үйретті. Оқушылар тәжірибе жүзінде қолда бар құралдармен және құтқару шеңберін қолдануды үйренді.Аталған іс-шараға 300-ден астам бала тартылды.

Төтенше жағдайлар департаменті мен өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі мекемесінің қызметкерлері қала аумағындағы демалушыларға профилактикалық жұмыстарын жүргізіп, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертті. Жуалы ауданы азаматтық қорғау және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері шомылу маусымында аудан аумағында су айдындарында күнделікті рейд жұмыстарын жүргізеді.

Тұрғындар мен демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелерін естеріне салады. Тыйым салынған жерлерде шомылуға, тереңдігі белгісіз суға сүңгуге, қалқымалардан асып жүзуге, ішімдік ішкен күйінде суға түсуге, балаларды қараусыз қалдыруға болмайды. Осы шараларды қолдана отырып, сіз өзіңіздің және жақындарыңыздың өмірін сақтап қала аласыздар!

АПАТТЫҢ АЛДЫН АЛУДА АЛДЫҢҒЫ ШЕПТЕ

Өздеріне жүктелген міндеттерді жүзеге асырып отырған түрлі сала қызметкерлері арасында құтқарушылардың да рөлі ерекше. Өйткені күнделікті тіршілік барысында абайсызда орын алатын оқыс оқиғалардың басым бөлігі осы азаматтардың көмегімен ретке келтіріліп, зардабы жойылады. Кейде олар үлкен қауіптің, көлемді материалдық шығынның, тіпті адам өлімінің алдын алады. Төле би ауылындағы аудандық төтенше жағдайлар бөліміне қарасты №19 өрт сөндіру бөлімінде болып, мұндағы қызметтің қыр-сырымен таныстық.

Қазіргі таңда азаматтық қорғау подполковнигі Мұрат Абдыкалыков басшылық ететін бөлімшеде 19 азамат жұмыс істейді. Олар төрт адамнан күнделікті тәуліктік кезекшілікте болып, ауданда апатты жағдайды болдырмау, алдын алу мен төтенше жағдай орын ала қалған сәтте құтқару жұмыстарын жүзеге асырады. Қиын да күрделі міндеттерді іске асыру техника күшінсіз еңсерілмейтіні анық. Сол себепті бөлім үш өрт сөндіру автокөлігі, 1 өрт сөндіру автосатысымен қамтылған.

Бөлімде ұзақ жыл еңбек етіп, қызмет тәжірибесін жастармен бөлісіп жүрген аға буын өкілдері бар. Олардың қатарынан өрт сөндіру көлігін жүргізуші Сабыржан Қабылжанұлы, бөлім командирлері Юрий Петрович, Дархан Садыров, өрт сөндірушіқұтқарушы Нұрсұлтан Мақсұтовтарды атап айтуға болады. Ал олардан үлгі алып, еңбек жолын жалғап жүрген жастардан өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі Думан Батырхан, өрт сөндіруші-құтқарушылар Ислам Кариев пен Дархан Елеген сынды мамандар да өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, сенім биігінен көрініп келеді.

Айта кететін жайт, өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері тек өрт оқиғасы кезінде ғана қызмет көрсетумен шектелмейді. Олар өрт сөндірушіқұтқарушы болғандықтан, төтенше жағдайларға қатысты барлық жұмыстарды атқарады. Мысалы, соңғы жылдар ішінде көктем мезгілінде Көкқайнар, Жаңажол ауылдарын жаңбыр мен қар суынан тазартып, сайда орналасқан үйлердің дүние-мүлкін шығарып, су ағатын жылғалар қазып, ауыл ішінде жайылған судың далаға ағып кетуіне мүмкіндік жасады. Ал тікелей өртке қатысты айтар болсақ, жаз мезгілінде қалың қураған шөп қаптаған дала өртін сөндіруге күш салды. Сондай-ақ Төле би ауылындағы қонақ үйден шыққан өртті дер кезінде өшірсе, осы ауылдағы Шәкіров көшесіндегі көпқабатты үйдің ас бөлмесінен шыққан қызыл жалынды уақтылы ауыздықтады. Жедел әрекеттің нәтижесінде адам шығыны болмады. Бөлім қызметкерлері Шу қаласы мен аудан орталығында ғана қызмет көрсетумен шектелмейді. Қажет кезде ауылдық округтерде де өз міндеттерін жүзеге асыруға дайын.

Сонымен қатар осы жылы қатты жел әсерінен қорадағы шөп, үй жану оқиғасы кезінде көршілес Мойынқұм ауданынан да көмек жасағын шақыртқан көрінеді. Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, жалпы төтенше жағдайлар бөлімі облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарайтындықтан, ауданымыздың көршілес аудандарға жақын ауылдарында апатты жағдай орын ала қалса, сол аудандардан арнайы жасақ шақыртылады. Мысалы, Балуан Шолақ ауылына Мойынқұм ауданынан, Тасөткел ауылдық округіне Меркі ауданынан келіп жатады. Бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, аса жауапты жұмысты қолға алған сала қызметкерлері зейнеткерлікке де ерте жастан шығады. Бұл – төтенше жағдайлар саласында еңбек етіп жүрген жандардың жұмысының жеңіл еместігін аңғартады.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА