Әлеумет

Тәуекел әр адамды төрге оздырады

Аталған ауылдық округте «Бауке» шаруа қожалығы балық өсіруді қолға алыпты. Қожалық төрағасы Батихан Жомартбеков осындай күрделі де тосын шаруаға тәуекел еткен. Бұл бағыттағы жұмыс былтыр басталыпты. Төраға өзінің шаруа қожалығының меншігіндегі 5 гектар жерді ыңғайлап, екі тоған қаздырған. Ол тоғанға су шығарғаны да – нағыз табандылық. Сөйтіп, аталған екі тоғанға 15 мың балық шабағын жіберген. 15 мың шабақ деген – 15 мың балық деген сөз. Қазіргі таңға дейін жалпы 12 миллион теңге қаржы жұмсалған. Оның шаруа қожалық басшысы өзінің жеке есебінен шығарып отыр. Балық шаруашылығы ашылғалы 2 адам тұрақты жұмыс көзімен қамтылды. Қожалықтың мүшесі Нағима Пірмағанбетова да балыққа қатысты жұмысқа белсене кіріскен. Тіпті, балыққа арналған тоғанның басына шағын үй де салынған. Жаздай балықтың күтіміне келетін азаматтарға қолайлы болсын деп жасалған баспана осы. Біз барған кезде екі тоғанның суға толып тұрғанын көрдік. Шаруа қожалық басшысы Батихан Жомартбековпен әңгімеміз жараса кетті.