Шаруасы шалқыған шаруашылықтар
Жері шұрайлы, табиғаты қолайлы Ақбастау ауылдық округінде жалпы жер көлемі 9355 гектарды құрайды. Оның ішінде егістік жердің көлемі 4094 гектар. Округ бойынша суармалы ауыл шаруашылық дақылдарын 2753 гектар алқапқа орналастыру көзделген. Ал тәлімі жердің көлемі 1341 гектарды құрап отыр. Аталған ауылдық округте 103 шаруа қожалық тіркелген, оның 83-і егін саласына, 15-і мал шаруашылығына бағытталған.
Биыл 904 гектарға арпа, 185 гектарға бидай себілді. 262 гектарға пияз егілсе, қант қызылшасының көлемі 124 гектарды қамтыды. 198 гектарға дәндік жүгері, 359 гектарға жоңышқа егілді. Сонымен қатар округтегі төрт түлік бойынша да өсім бар. Атап айтқанда, мүйізді ірі қара – 280, жылқы – 490, уақ мал – 3300 басқа жетіп отыр.
«Нұржау» қожалығына нұр жауып тұр
Аталған округте жүзден астам шаруа қожалық болғанымен, өрлеуге ұмтылып, дамудың даңғыл жолына түскендерінің жөні басқа. «Жақсылардың кеудесі алтын сандық» дегендей, іскер азаматтар басқарған шаруашылықтардың қадамы да ширақ болады. Сондай ынтымағы жарасқан еңбек ұжымының бірі – «Нұржау» шаруа қожалығы. Оны Нұрқас Жақыпов жоғары жауапкершілікпен басқарып отыр. Нұрқас басқаратын шаруа қожалық егіншілікпен де, мал шаруашылығымен де айналысады. Екі салада да өнімді еңбек етіп, табысқа жетіп жүр.
Биыл 40 гектарға қант қызылшасын егіп, алқапқа тамшылатып суару технологиясын енгізді. Біз «Нұржау» шаруа қожалығының қант қызылшасын жинап жатқан қарбалас жұмыстарының үстінен түстік. Жұмыс жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Қант қызылшасының қазылуына байланысты қосымша жұмысшылар жұмылдырылған. Барлығы да ауылдың тірлігіне шыныққан, сайдың тасындай жігіттер. Баршасының жүздерінен көңілдерінің көтеріңкі екенін байқауға болады. Себебі, жомарт күз айында қызылша алқабында тер төккеннің өзі еңбекшінің қуанышы, диқаншының дамылсыз ісінің жемісі.
Қант қызылшасы алқабында сушы, түрік ұлтының өкілі Юсип Ұстахметовты да кездестірдік. Ол да жаз бойғы еңбегінің ақталғанына сенімді.
Біз бұл шаруа қожалықтан жемісті жұмысты, еңбеккерлер арасындағы ынтымақ пен бірлікті, өнімді тірлікті байқадық. Алдағы уақытта да сол береке мен бірлік жалғасын табатын сияқты.
Есет ДОСАЛЫ