Тексерулерді жүргізу тәртібі мен мерзімдері
Өз құқықтары мен міндеттерін білу салық төлеушілерге салық органдарымен ашық және сындарлы қарым-қатынас орнатуға, сондай-ақ қаржылық қызметтің айқындығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 155-бабына сәйкес, салықтық тексеру жүргізу кезінде салық органдарының лауазымды адамдары төмендегідей құқықтарға ие:
1. Екінші деңгейдегі банктер мен қаржы ұйымдарынан тексерілетін тұлғаның шоттары туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банк құпиясын қамтитын ақша қаражаттарының қозғалысы жөніндегі мәліметтерді сұратуға және алуға;
2. Мемлекеттік органдардан тексеру жүргізу үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді, соның ішінде коммерциялық, банктік және салықтық құпияны қамтитын ақпаратты алуға;
3. Бухгалтерлік және өзге де есеп құжаттамасын қағаз және электрондық түрде талап етуге, сондай-ақ тексеру тақырыбы шегінде ақпараттық жүйелерге қол жеткізуге;
4. Тексеру барысында туындаған мәселелер бойынша салық төлеушіден және оның қызметкерлерінен жазбаша түсініктемелер сұратуға;
5. Тексеру жүргізуге байланысты мәселелер бойынша шетел мемлекеттерінің мемлекеттік және өзге де органдарына сұрау салуға;
6. Бухгалтерлік және салықтық ақпаратты қамтитын пайдаланылатын бағдарламалық қамтамасыз ету мен ақпараттық жүйелер деректерін қарауға қол жеткізуді талап етуге (банктік құпия ретінде заңмен қорғалатын банк бағдарламаларынан басқа);
7. Салық салу объектісі болып табылатын мүлікті қарауға, түгендеу жүргізуге (тұрғын үйжайлардан басқа), нақты деректерді тауар-көлік жүк құжаттарымен салыстыруға;
8. Салық кодексінде белгіленген тәртіппен салық салу объектілерін жанама әдіспен айқындауға;
9. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға.
Салық органы лауазымды адамдарының міндеттері
Сонымен қатар салықтық тексеру жүргізу кезінде салық органы лауазымды адамдары төмендегідей міндеттерді орындауға тиіс:
1. Салық төлеушінің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтап, заңсыз әрекеттері немесе шешімдері арқылы зиян келтіруге жол бермеуге;
2. Алынған және жасалған барлық құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге, оларды тексерілетін тұлғаның келісімінсіз жария етпеуге (заңда көзделген жағдайларды қоспағанда);
3. Қызметтік әдепті сақтауға;
4. Тексеру жүргізу кезінде салық төлеушіні оның құқықтары мен міндеттері туралы хабардар етуге;
5. Салық органы өкілдері ретінде өз өкілеттіктері мен міндеттерін түсіндіруге;
6. Салық төлеушінің белгіленген жұмыс тәртібін бұзбауға;
7. Салық төлеушінің талабы бойынша тексеру жүргізу тәртібіне қатысты Кодекс ережелерін түсіндіруге;
8. Тексеру жүргізу кезінде тексеру туралы тапсырманы және қызметтік куәліктерін көрсетуге;
9. Қазақстан Республикасының Салық кодексінде көзделген өзге де міндеттерді орындауға.
Талғат ПАРМАНОВ
облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Аудит басқармасының басшысы