Еңбек - елдің ертеңі
Бүгінде «Жомарт жан» орталығы Қазақстанның қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Олардың басты мақсаты – нақты көмек көрсетумен қатар, қайырымдылық мәдениетін нығайту, ізгілік пен бірлік құндылықтарын дәріптеу. Осыған орай Қазақстан халықтары Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойын қорытындылауға арналған «Жомарт жан» орталығының «Еңбек – елдің ертеңі» атты іс-шарасы өтті. Ілкімді басқосуда «Жомарт жан» аймақтық орталығының демеушілігі арқылы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 30 студентіне 1 жылдық оқу ақысын төлеп, сертификаттар табыс етілді.
Жаны жомарт жандардың жиынына облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, басқарма басшылары, «Жомарт жан» орталығының меценаттары, саяси партиялар мен «Атамекен» ҰКП өкілдері, этномәдени бірлестік басшылары мен мүшелері, студенттер қатысты.
Достық үйінің ішкі құрылысымен танысқан қатысушылар ары қарай «Болашаққа жол жұмысшы мамандықтарынан басталады» атты ҚХА жанындағы қолөнер шеберлер клубының көрмесін тамашалады. Сондай-ақ «Жомарт жан» орталығының мүшесі, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің облыстық филиалы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Вагиф Халиловқа ҚХА «Жомарт жан» төсбелгісін табыстады.
Жиын барысында ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Асқарбек Сейілханов пен «Днепро» украин мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Федор Клименко жоба жұмысына тілектестіктерін білдіріп, сәттілік тіледі.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА