Мемлекет басшысы World Boxing президенті Геннадий Головкинді қабылдады
Бұл туралы Ақорданың Баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайлануымен құттықтады. Бұл шешімді даңқты спортшының әлемдік боксты дамытуға қосқан үлесінің, кәсібилігі мен мінсіз абырой-беделінің мойындалғаны деп бағалады.
Мемлекет басшысы танымал спортшының Ұлттық олимпиада комитетіндегі қызметіне жоғары баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинге World Boxing халықаралық федерациясының президенті ретінде көптеген мәселенің шешімін табуы қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы отандық спортты дамытуға сіңірген елеулі еңбегі үшін Геннадий Головкинді І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
Геннадий Головкин еңбегін жоғары бағалағаны, сенім артып, қолдау көрсеткені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ боксты одан әрі дамытуға, осы спорт түрінің еліміздегі және халықаралық деңгейдегі беделін нығайтуға дайын екенін жеткізді.