Әлеумет

Book & Art жобасы балалар қиялына ерік берді

Ел келешегінің кілті – бүгінгі балаларда. Өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие беріп, ой-қиялын өнермен ұштастыра дамыту табиғи қабілетін шыңдап, кәсіп үйреніп, еліне адал қызмет етуіне жол ашады. Ал оны білімнің қазынасы болған кітаппен байланыстыру – баланың рухын байытады. Осыны ескерген Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы Тараз қаласындағы №69 орта мектебінің бастауыш бірлестігімен Book & Art жобасын қолға алды. Жоба аясында «Классика және бала қиялы» өнер микс кешін бірлесіп өткізді.

Кеште мектеп оқушылары өнер мен шығармашылықты ұштастырып, балалардың қиялын дамытуға атсалысты.

Іс-шара барысында мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясындағы Smart өнер мектебінің бүлдіршіндері «Адай» күйімен іс-шараны ашып, мектептің бастауыш сынып оқушылары «Кел, досым, кітапханаға» әнін орындады.

Оқушылар әдебиет пен қиял тоғысқан «Кітап сөйлейді, өнер ойнайды» атты кітап кейіпкерлерінен көрініс көрсетті. Сондай-ақ, балалардың орындауында «Мен қазақпын» әні шырқалып, «Гүлдер» би тобының өнері тамашаланды.

Кітапхана қызметкері «Кітап сөйлейді, бала тыңдайды» атты көрмеге шолу жасап, балалардың кітапқа деген қызығушылығын тудыратын қазақ ертегілері мен сөйлейтін кітаптарды, танымдық энциклопедияларды оқырмандар назарына ұсынды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Тараз қаласы