Мыңнан астам адамға құқықтық кеңес берілді
Кәсіподақ мүшелеріне құқықтық қызмет көрсету Тараз қаласында тұрақты жалғасын тауып келеді. Өйткені мұнда бастауыш кәсіподақ ұйымы да, мүшелерінің саны да аудандарға қарағанда анағұрлым көп. Мәселен, Тараз қаласының құқықтық инспекторлары тарапынан биыл 1424 кәсіподақ мүшесіне еңбек қатынастарына сәйкес құқықтық қызмет көрсетілген. Жалпы Тараз қаласында 141 бастауыш кәсіподақ ұйымында 16103 кәсіподақ мүшесі бар.
Тараз қаласы бойынша құқықтық инспектор Арман Стыбаевтың айтуынша, биыл кәсіподақ мүшелерінен 205 жазбаша өтініш түсіп, 1202 адамға құқықтық кеңес берілген. Оның 749-ы жеке қабылдауда жүзеге асырылған. Ал кәсіподақтың бақылау және тексерулері бойынша 10 айда 8 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 4 жазбаша ұсыныс жолданып, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары қалпына келтірілген.
Сонымен құқықтық инспекторлар Тараз қаласында өткен 10 айда кәсіподақ мүшелерінің өтініштері негізінде 5 талап арыз және 6 процессуалдық құжат сот органдарына жолданған. 4 іс кәсіподақ мүшелерінің пайдасына шешіліп отыр. Атап айтсақ, №39 бөбекжай-бақшасына «Прогресс Технолоджиз» ЖШС артық аударған 39906 теңге, №29 бөбекжай-бақшасына ЖК «Ким Павел Робертович» қате аударған 80000 теңге қайтарылды. №5 мектеп мұғалімі Б. Ашекеевтің ісі қанағаттандырылмады. № 4 9 мектеп мұғалімі Р. Садуановтың әкімшілік талабы қанағаттандырылып, қамқорлығындағы азаматтың тұрғын үй кезегі заңды деп танылды. Ұжымдық шарттар және ұсыныстар бойынша 2025 жылғы 20 қаңтарда 2024-2026 жылдарға арналған Ұжымдық шартқа қосымша келісім жасалды.
Нәтижесінде, ПББ кезеңінен өте алмаған педагогтердің біліктілік санатын төмендету тәртібі нақтыланды, мектеп автобус жүргізушілеріне 50 пайыздық қосымша ақы бекітілді. Бұдан бөлек, білім бөліміне бағытталған ұсыныстар нәтижесінде №1 гимназия және №13 мектеп қызметкерлеріне жұмыстың тоқтап қалуына байланысты жалақысы сақталды, әдіскерлердің апталық жүктемесі 36 сағатқа бекітілді, уақытша міндет атқарған қызметкерлерге қосымша ақы төленді, Шетелге өз бастамасымен курстан өтуге кеткен мұғалімнің еңбек ақысы сақталуы бойынша облыстық басқармаға хат жолданды.
Ақпараттық және ағартушылық жұмыстары бойынша БАҚ-та 1 мақала жарияланды. Құқықтық тақырыптарда бірқатар лекциялар мен семинарлар өткізілді. Сонымен есепті 10 ай ішінде кәсіподақ филиалы білім беру ұйымдарындағы еңбек қатынастарын реттеу, еңбек заңнамасын сақтау, педагогтердің құқықтарын қорғау бағытында белсенді жұмыс жүргізген.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы